• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Он жыл жұлдызы жарқыраған

320 рет
көрсетілді

«Сарыарқа» хоккей клубы маусымды жеңіспен бастады Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубына биыл 10 жыл толды. Өзінің алғашқы мерейтойын «Қарағанды-Арена» мұз ай­ды­нын­да атап өткен кенші­лер ко­мандасы­ның қуанышына Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары, Қазақ­стан хоккей федерациясы­ның пре­зи­денті Асқар Мамин арнайы кел­ді. Салтанатты шарада мәрте­белі мейман ұжымды құттықтап, жаңа биіктерді бағындыра беруге тілектес­­тік білдірді. Спорттық мерекелік шара аяқ­­­талған соң қарағандылық шебер­­лер Бүкілресейлік ашық тур­­нир – «Жоғары хоккей лигасы чем­­пионатының» 2016/2017 жыл­дардағы маусымының алғаш­қы ойы­нын Мәскеу түбіндегі Балашиха қала­сының «Динамо» клубымен өткізді. Бұл матчта айдын иелері күшті тегеурін танытып, қонақтарды 3:1 есебі­мен тізе бүктірді. «Сарыарқа» хоккей клубы 2006 жылы Қара­ған­­ды об­лысының сол кездегі әкімі, Қазақстан Пар­ла­менті Мәжілісінің қазіргі таңдағы Төрағасы Нұр­лан Нығматулиннің мұрындық болуы­мен құрыл­ған еді. Өзінің ал­ғаш­қы маусы­мын­да-ақ кенші­лер командасы  Бүкілресейлік доданың «Сібір-Қиыр Шығыс» дивизио­нын­да үшінші орын алып, маман­дарды таңдай қақтырған болатын. Сонымен бірге, жас ұжым Ресей біріншілігінен бөлек, Қазақ­станның ішкі чемпионатында да өнер көрсетті. 2009 жылы Қазақ­стан Президентінің бастамасы бойын­ша ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден тұңғыш рет толыққанды ел чемпионаты ұйымдастырылып, сол турнирде «Сарыарқа» жасағы алтын медальды жеңіп алды. 2011 жылдың 1 желтоқсанын­да Қарағанды командасы Ресей­дің Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) ойнауға өтінім түсірді. Келе­сі жылы тілек орындалып, «Сарыарқа» аталған турнирде өнер көрсете бастады. ЖХЛ-дағы алғашқы мау­сы­мын­да қарағандылық хок­кей­ші­лердің толайым табысқа қол жет­кізгенін де айта кету керек. Команда 2012 жылдың 31 қазаны­нан 2013 жылдың 14 қаңтарына дейін­гі аралықта тұрақты чемпионат­тағы 23 матчта қатарынан жеңіске жетіп, лиганың рекордын жасад­ы. Ал келесі 2013/2014 жылдарда­ғы мау­­сымда тағы да таңғаларлық нәти­­жеге қол жеткізіп, «Братина» Кубо­гының плей-офф ойындарында қатарынан 12 рет жеңіс тойын тойлады. Сөйтіп, тағы да рекорд жаңартты. Сол жолы  ұжым шешуші кезең ойындарының бар­лы­ғында қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды. Ақтық айқаста Арқа хоккейшілері Түменнің «Рубин» командасын ұтып, өз тарихында тұңғыш рет Жо­ға­ры хоккей лигасының бас жүл­десі – «Братина» Кубогын жеңіп алды. Жалпы, «Сарыарқаның» табысын клубтың директоры Арғын Нығматулиннің есімімен тығыз байланыстырған жөн. Команда құрамын кәсіби шеберлігі жоғары хоккейшілермен жасақтап, ұжым­ға қолынан іс келетін білікті жаттық­тырушыларды тарта білетін бас­шының ұйымдастырушылық қабілетін бұл күнде мамандардың барлығы мойындайды. «Сарыарқа» алға сілтеген сайын жергілікті спортсүйер қауымның  хоккейге деген қызығушылығы артып келеді. Мысалы, былтырғы маусымда қарағандылық ұжымның өз мұз айдынындағы әрбір ойы­нын орта есеппен бес мыңға жуық жанкүйер тамашалаған. Бұл – Жоғары хоккей лиг­асын­дағы ең үздік көрсеткіш. Міне, жерлестерінің осындай жан-жақты қолдауына арқа сүйеген Арқа хоккейшілері биыл да сенімнің үдесінен шығамыз деп уәде беріп отыр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ