Оқырманның есінде болса, өткен жылы біздер еліміздегі ең алғашқы тақырыптық бақ, яғни «Абай бағы» Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылында бой көтермек екендігін жазғанбыз. Ұлы ақынға арналған бақ туған жері Жидебайға емес, сонау Жетісу өлкесіне бұйырғаны да бөлек әңгіме...
Сол «Абай бағын» өз көзімізбен көру үшін біздер Шоқан Уәлихановты Қашғарияға апаратын ізбен Алматыдан 270 шақырым алыс жатқан Басши ауылына қарай таң атпай тартып кеттік. Кеше ғана өзіміз насихаттаған бастаманың нақты нәтижесі жайқалып алдыңнан шыққанда шын мерейің тасиды екен.
Ал енді туған жердің бүкіл жас-кәрісін қуантқан, желдің өтіндегі ауылға пана болған, кейінгі өсіп келе жатқан буын үлгі тұтарлық тәлімді істі қарапайым ғана қазақтың қызы, кәсіпкер өз қажыр-қайратымен, өз қаражатымен жүзеге асырып отырғанын неге айтпасқа.
Шынын айту керек, осыдан 6-7 жыл бұрын Гөзел Құлжабаева туған жеріне барып, жергілікті шенеуніктермен сөйлесіп, ауыл ақсақалдарымен ойласып, Басшиді айналдыра көктерек орманын отырғызуды ұсынғанда ол кісіні қолдамақ түгілі, түсінгісі келгендер некен-саяқ болған.
Қысқа қайырғанның өзінде, «Оны қалай суарамыз», «Бас пайдасын ойлап жүрген жоқ па?», «Кім егеді?», «Кім қарайды?» деген кертартпа сұрақтар көп болған.
Ал қазір сол ауылдың адамдары Гөзел апамызға құрметпен қарайды. Ол кісі қаражатын бөліп, айдалаға ағып жатқан арықтарды бір арнаға бұрып, ауылын көркейтіп жатыр. Енді ауыл адамдары қандай бастама айтса да, іске асырмай қоймайтын осынау қыздарына сенеді. Шама-шарықтары келгенше мектеп оқушыларына дейін көмек көрсетеді. Өйтпесе бола ма, қазір бұл ауылда бір емес, бірнеше тақырыптық бақтар бар. Жердің жұмағын жасап жатқан адамға Басшидің халқының алғысы қазір ұшан-теңіз.
Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, осы ауылдың тумасы бір жағы «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы болып табылатын Гөзел Құлжабаеваның демеушілігімен бұл өңірде гүлстандықтар 2011 жылы 2 гектар жерге қарайғайлы бақ, 7 гектар жерге жоғарыда айтқан Көктерек бағын, 2013 жыл Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне 5 гектар алма бағын, өткен жылы 10 гектар аумаққа «Батыр аналар» саябағының ресми ашылу рәсімдерін өткізген еді.
Оның ішінде 2011-2013 жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы, Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы орта мектептердің ауласына түрлі көшеттер мен гүлдер отырғызылған болатын. Біз барғанда аталмыш мектептердің аулаларындағы бақтар ауыз толтырып айтарлықтай жайқалып қалғанын көріп, тәнті болдық. Мұнда өсіп тұрған ағаштар мен шырша түрлерінің көбісі бізге таңсық болды. Ерекше мектепте оқып жатқан балалармен сұхбаттасып, жан жадырады. Бұл мектептердің оқушылары да ерекше. Шетінен шелектеп су тасыған еңбекқор. Сырттан келген адамдарды әсіресе, Райымбек атындағы орта мектептің кірпігүлдер алаңы таңдандырмай қоймайды. Кәдімгідей адам бойынан биік кірпігүлдердің неше атасы бар. Байқағанымыз, барлығы үлкен ыдыстарда тұр. Өйткені, қыста оларды мектептің ішіндегі фойеге орналастырады.
Қазір күтім көрген «Батыр аналар бағы» да тамырланып, жайқалып қалыпты. Бұл бақты Гөзел 11 құрсақ көтерген анасына, Басши ауылдық округінде 130-дан астам көп балалы батыр аналарға арнағанын айтады. Басши ауылының экологиясы да айтарлықтай жақсарған. Өкпек жел азайыпты. Фаунасы мен флорасы байыған. Табиғаттың мына кереметін қараңыз, «Батыр аналар бағы» мен «Көктеректер бағында» қояндар мен қырғауылдар пайда бола бастаған. Мұның бір себебі, Кербұлақ ауданында «Алтын емел» табиғи қорығы бар. Ол Басшиден алыс емес. Бұл бақтар құс пен қояндарға қолайлы әрі пана. Оның үстіне ауыл маңына жыртқыш аңдар да жолай бермейді.
Ең қызығы, осыдан бес-ақ жыл бұрын мектеп оқушылары отырғызған қарағайлар биіктеп, балалардан да ұзын болыпты. Бұл күнде Басши ауылының мұғалімдері де, оқушылары да шетінен биолог. Ауылға әкеліп отырғызылған 200-ге тарта түрлі өсімдіктер мен гүлдерді баптап қана қоймай, өсуін де қадағалайды. Күнделік жүргізеді. Мәселен, мектеп, мешіт айналасына отырғызылған қарағайлар кәдімгідей тамырланып алған.
Ал одан да жақсысы, әр кезде бүр жаратын исі жұпар гүлдердің айналасы қаптаған көбелек пен құжынаған ара. Мұншама көбелегі көп ауылды бұрын-соңды көрмегеніміз де шын.
Енді олардың қатарына көптен күткен «Абай бағы» қосылып отыр. Нұрым ауылындағы орта мектептің жаңа ғимараты ауласындағы бұл баққа былтыр қазан айында ақын Абайдың 170 жылдығына «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева тарту ретінде 170 түп емен ағаштарын егіп берді. Биыл енді тағы 100 түп көпжылдық гүлдейтін бұталар егілді.
Сонымен амандық болса, биыл отырғызылатын көшеттер бес жылдан кейін-ақ жайқалып, уақыт өте келе еменді орманға айналады. Бір жағынан бұл бастама жердің үштен екісін шөл және шөлейтті далалар алып жатқан Қазақстанда абаттандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында бір ғана адамның бастамасымен қолға алынуда.
Осылайша, ынтымағы жарасқан, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бір ауылдың тірлігіне тәнті болып, үлкен әсермен Алматымызға оралдық.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы
Суреттерді түсіргендер
Марат ЖҮНІСБЕКОВ,
Олжас ФАЗЫЛОВ