Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Лондонға екі күндік жұмыс сапары аясында ұлыбританиялық әріптесі Борис Джонсонмен бірге Қазақ-британ стратегиялық диалог бойынша кездесу өткізіп, алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің Ұлыбритания ұлттық павильоны жобасының таныстырылымына қатысты.
Форин-офистегі кездесуде Е.Ыдырысов пен Б.Джонсон Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықтың екіжақты және көпжақты негізгі қырларын талқылады. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алысты. Солардың ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануы да сөз болды. Кездесуде қозғалған мәселелердің ішінде Сирия мен Ауғанстандағы жағдай, Украинадағы ахуалды реттеу бойынша Минск уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері, лаңкестікке қарсы қимыл, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық және басқа да тақырыптар қамтылды.
Сыртқы саяси ведомстволар басшыларының келіссөзі барысында екі елдің экономикалық және саяси ынтымақтастықтың даму серпіні, Астана мен Лондон арасындағы стратегиялық әріптестіктің өсу деңгейі атап өтілді. Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэймен жақында Ханчжоу қаласындағы (ҚХР) «үлкен жиырмалық» саммиті шеңберіндегі кездесуін айтуға болады. Сондай-ақ, дипломаттар Қазақстан Президентінің өткен жылғы қараша айындағы Лондонға ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асу барысын талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, екі елдің министрлері бірлескен мәлімдеме қабылдап, онда жоғары деңгейде байланыс орнатуды қуаттап, екіжақты ынтымақтастыққа сәйкес барлық бағыттар бойынша қатынастарды дамытуға қызығушылық танытылды.
Бейсенбі күні Е.Ыдырысов Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне британдық ұлттық павильон жобасының тұсаукесеріне қатысты. Ұлыбританияның Халықаралық сауда министрлігінде өткен шараға Форин-офистің өкілдері, көрмеге қатысуға қызығушылық танытқан 20-ға жуық британ компаниясының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Павильонның жобасын ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ұлыбритания Комиссары Ч.Хендри және танымал британдық сәулетші А.Хан таныстырды.
Сондай-ақ, кеше Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Ұлыбритания Парламентінің лорд Мухаммед Шейх және Ұлыбритания Премьер-министрінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Марк Грант бастаған Бүкілпартиялық топ мүшелерімен кездесті. Бұдан бөлек, сыртқы саяси ведомствоның басшысы Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі экс-комиссары және Австрияның экс-сыртқы істер министрі Бенита Ферреро-Вальднердің төрағалығымен өткен Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуразиялық кеңестің отырысына қатысты.
Парламенттегі кездесуде екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасулар болды. Е.Ыдырысов британдық парламентшілерді елдегі жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы бес институттық реформа туралы, Қазақстан Президентінің соңғы бейбіт бастамалары, соның ішінде «Әлем.ХХІ ғасыр» Манифесінің мазмұны туралы хабардар етті.
«Егемен-ақпарат»