Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген табыстарымыз жөнінде сөз қозғағанда еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды қадамдарға соқпай өте алмаймыз. Әсіресе, әлемге құшағын ашып, достық пейілін ұсынудан өзге ниеті жоқ Қазақстанның әлем елдерімен ынтымақтаса алға ұмтылуы көңілге жылылық ұялатады. Елімізбен тығыз байланыста келе жатқан сол мемлекеттердің арасында бауырлас Әзербайжан Республикасының орны бөлек. Осы орайда бүгін біз Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовпен әңгімелескен едік.
– Рашад Эйнаддиноглы, Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы төңірегінде не айтасыз?
– Екі елдің діні, шыққан тегі бір. Бұл біздің елдеріміздің құндылықтары, салт-дәстүрі, ғұрпы, таным-түсінігі, тарихы ортақ туысқан мемлекеттер екенін айғақтайды. Осындай туыстық жақындығы бар екі елді кезінде Ұлы Жібек жолы тығыз байланыстырып отырды. Ол мәдениеттің, экономиканың дамуына жол ашқан. Осы жолдың бойында небір қалалар бой түзеген, инфрақұрылым дамыған. ХХІ ғасырда да осы жол Қазақстан мен Әзербайжанның дамуына ықпал етуі тиіс. Бұл бөлек әңгіме.
Одан беріде Қазақстан мен Әзербайжанның Кеңес Одағы құрамында болуы да елдеріміздің өткен шақтағы қатынастарының бер белесі болып тарихта қалды. Ал бауырлас екі мемлекет тәуелсіздігін алып, азаттыққа қол жеткізгеннен кейін өзара ынтымақтастық ерекше қарқынмен дамып, барыс-келіс артып, көңіліміз жайланды. Сонымен қатар, елдеріміздің түрлі халықаралық ұйымдар аясында да белсене әрекеттесуі қос республиканы одан әрі жақындастыра түсті.
Осы арада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен 1993-2003 жылдар аралығында Әзербайжан Президенті болған Гайдар Әлиевтің өзара ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін айрықша атап өтуге болады. Бұл жасампаздыққа негізделген әріптестік бүгінде заңды жалғасын тауып отыр. Бүгінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қос тарапты етене жақындастыра түсудің озық үлгісін көрсетуде. Бұл өз кезегінде бауырлас екі халықтың мәртебесін өсіруде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан түрлі салалар бойынша, әсіресе, сауда-экономикалық бағытта жоғары деңгейге жетіп отыр. Екі арада ешқандай түсінбеушілік, түйткілді мәселе жоқ.
Екі ел арасында экономикалық мәселелерді қарастыратын үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссия экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдделерді талқылап, саралап, оңтайлы шешім қабылдануына ықпал етеді.
– Қазақстан және Әзербайжан елдерінің сауда-саттық, экономика саласындағы әріптестігінің келешегі туралы айтсаңыз?
– Қазіргі таңда екі ел де барлық жағынан жақсы дамып келеді. Қазақстан мен Әзербайжан арасында, әсіресе, көліктік тасымал, сауда-экономикалық қатынастар белсенді даму үстінде. Бұл бағыттардағы әріптестіктің келешегі өте зор. Бұған көптеген негіздерді алға тартуға болады. Мәселен, біздің елдеріміз жүк тасымалдау саласында өте жоғары деңгейде байланысуда. Тараптар тарихи Ұлы Жібек жолын заманауи талаптарға сай жаңғыртуды көздейді. Бұл екі елдің ортақ мүдделерінің бірі. Оның үстіне, мұнай, инвестиция саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Темір жол, су жолы, автомобиль жолы салаларындағы инфрақұрылымды өрістетуде жақсы жетістіктерге жеттік. Бұл екі елдің де экономикасына серпін беруде. Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан Азия мен Еуропаны байланыстыруда үлкен маңызға ие. Бұл біздің елдерімізге экономикасын өрістетуге қосымша мүмкіндіктер береді.
Қазіргі таңда Ақтау порты арқылы Еуропадан Азияға, Азиядан Еуропаға жүк тасымалдануда. «Жезқазған – Бейнеу» темір жолы, «Құрық» порты бұл саланы одан әрі дамыта түсуге жол ашып отыр.
Әзербайжан да өзінің жүк тасымалдау саласындағы инфрақұрылымдық жұмыстарын өз деңгейінде орындауда. Қазақстан үшін Әзербайжан порттары арқылы Еуропаға шығу мүмкіндіктері мол. Бұл Қазақстанның дамуына қосымша серпін береді. Яғни, Қазақстаннан Еуропаға, ол жақтан кері қарай жүк тасымалдауға болады. Бұл өз кезегінде Әзербайжанның да экономикасына пайда әкеледі.
– Қазақстанда әзербайжан ұлтының өкілдері баршылық. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қандай пікірдесіз?
– Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 120 мыңдай әзербайжан ұлтының өкілі мамыражай тіршілік етуде. Олар елдің дамуына, өркендеп-өсуіне барша қазақстандықтармен бірге зор үлес қосуда. Соған сәйкес, олар Қазақстандағы игі істердің қызығын көріп отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда әзербайжан халқының салт-дәстүріне, тіліне, құндылықтарына құрметпен қарап, оларды дамытуға жақсы жағдай жасалған. Бұл үрдіс өркенді елдің сипатын білдірсе керек. Жалпы, Қазақстандағы әзербайжандар екі елдің достығын нығайтуда маңызды рөл ойнайды. Осы орайда қос мемлекеттің арасындағы жолаушылар тасымалдау ісінің дұрыс жолға қойылғаны екі ел халқының барыс-келіс жасап, аралас-құраласта болуына кеңінен жол ашуда.
– Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары болады деп күтілуде. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Алла қаласа, таяу күндері Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанға ресми сапармен бармақ. Сапар аясында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда. Бұл құжаттар екі елдің өзара ынтымағын жаңа сатыға көтереді әрі тың жобаларға жол ашады деп есептеймін.
Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі күллі Түркі әлемінің қадірменді ақсақалы. Сондықтан Әзербайжан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметпен қарайды, еңбегін жоғары бағалайды.
Біздің президенттеріміз екі елдің дамуына қажетті саяси, экономикалық барлық шараларды қолдап, қуаттап келеді. Әсіресе, соңғы жылдардағы байланыстар екі ел қатынастарының болашағына үлкен сеніммен қаратады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»