• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Жаһандану ғасырында жалғыз бола алмайсың

328 рет
көрсетілді

Қазақстанда Білім және ғылым министрлігінің  ұйымдастыруымен BARCEF (Bolashak Alumni Reunion Conference аnd Education Fair) халықаралық конференциясы өткізіліп тұрады. Қазақшаға дәл аудармасын ұйымдастырушылар айтпағанымен, оның «Болашақ» стипендиясымен шетелдік ЖОО-ларда оқитын тү­лектерінің жиыны екенін анық­тадық. Сонымен қатар, онда шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері өздерін таныстырып, көрме немесе тұсаукесер де жасайды. Кеше Астанада BARCEF-тің ІІІ конференциясы болып, оны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ашып, жүргізіп отырды. Жиынды ашқандағы сөзінде министр конференцияға әлемдік және қазақстандық жоғары оқу орын­дарының 60-тан аса өкілі, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар мен Қазақ­станның «Болашақ» сти­пен­диясы­ның студенттері мен мектеп оқу­шылары қатысып отырғанын айтты. Алғашқы құттықтау сөз Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалы­қо­ваға берілді. Жастарға сапалы бі­лім беру ісі еліміздің ең негізгі ба­­сым­­дықтарының бірі болып табы­лады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғаш­қы күнінен бастап білім сая­са­ты адами капиталды арттыруға, мем­­лекеттің мәртебесін биікте­туге бағыт алды. Бүгінгі алқалы бас­­­қо­суда білім саласын биік дең­гей­­ге көтеру және осы бағыт­та ат­қа­­рылған ауқым­ды жұмыс­тар­дың нәтижелері талқы­лан­ғанын қалай­мын, деді ол өзінің кіріспе сөзінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен осыдан 23 жыл бұ­рын қолға алынған «Бо­ла­шақ» бағ­дар­ламасы бойынша шетелдердің үздік ЖОО-лар­ында 8,5 мыңнан астам маман даяр­ланған екен. Барлық бөлін­ген сти­пендия 12 мыңнан артық. Жаһандану дәуірінде Қазақ­стан­ның әлемдік қауым­дас­тықтан оқшауланып жеке өмір сүре алмай­тындығын, сондықтан халықаралық қауымдастықтың білімі мен тәжі­рибесін, мәдениеті мен тілін еркін меңгеру керектігін ескерген Елбасы Н.Назарбаев үз­дік мектеп оқушыларының бәрін кон­курспен таңдап алып, шетел­ге барып оқуға мүмкіндік тудыр­ғаны экономикаға салынған адам капи­талы болғанын бүгін көріп отыр­мыз. «Болашақ» – Президенттің әлемдік деңгейдегі мамандар мен басқарушылардың жаңа буынын өсіруге салған инвестициясы болды. Осы бағдарламаның арқа­сында еліміздің еңбек және ғылы­ми әлеуеті жыл сайын жоғары біліктілікті мамандармен толы­ғып отыр.  Олар өздерінің күнде­лікті еңбектерімен қазақ­стан­дық ғылым мен экономикаға елеу­лі үлестерін қосуда, деді Г.Әбдіқалықова. Мысал ретін­де ол Голландияның докторантурасында оқитын Қазыбек Төлеубаевты атады. Жас ғалым өсімдіктер карантині мен қорғалуы саласында тамаша жаңалық ашқан екен. Ол ауыл шаруашылығын отандық экономиканың драйверлері қа­тарына қосуға елеулі үлес қоса­тын көрінеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Назарбаев Университетте ғылыми қыз­меткер болып істейтін Дамира Қанаеваның да ғылыми жаңа­лы­ғын ауызға алып өтті. «Бола­шақ» бағдарламасымен АҚШ уни­вер­ситетінің докторан­турасын бітірген қыз туберкулез бен қа­терлі ісікті тез және дәл анық­тайтын оптикалық биосенсер ойлап тапқан екен. «Болашақтың» тағы бір түлегі Дмитрий Горбунов Гер­манияның университеттік кли­никасында оқып келгеннен кейін екі мыңнан артық баланың жүрегіндегі тума ақауларына ота жасап, емдеп шығарыпты. Ал Францияның өнер магис­тра­- турасында білім алған апалы-сіңлілі Мәдина, Фатима және Диана фортепиано, скрип­ка және виолончельден Қазақ­станды әлемнің айтулы сахна­лар­ында көрсетіп жүрген көрінеді. Сөзінің соңында Г.Әбді­қалықова «Болашақтың» алдағы табыстары бұдан да қомақты боларына сенім білдірді. Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз кезегі Парламент Сенаты­ның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайы­мы Бірғаным Әйтімоваға берілді. Се­натор «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен өзінің Білім және ғылым министрі болып жүрген кезінде тікелей айналысқанын атап өтті. Ал оның алғашқы жемістерін шетелде қызмет етіп жүргенде көргенін жеткізді. Конференция аясында көрме ұйымдастырылып, әлем универ­ситеттерінің өкілдері өздерінің ЖОО-ларын таныстырды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»