• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
10 Қазан, 2016

Алтай ұлары

1276 рет
көрсетілді

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген көне сөз бар. Ұлар – Ұлытаудан басталған ұлы бірліктің нышаны болған қасиетті құс. Есте жоқ ескі заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға уағдаласқан ел елдігіміздің белгісі болсын деп, ұлар етін жеген деседі. Жалпы, өз атын өзі әйгілеген құс. Ұлардың еті түрлі дертке шипа, сорпасы мың да бір дертке дауа делінеді. Қазақтың ұлы тауларының бірі – Алтай. Алтайдың асқақ, шалқақ шыңдарында ұлар әлі де бар. Оны «Алтай ұлары» деп те атайды. Сирек кездесетін құс Қазақстанның Қызыл кітабына енген. – Алтай ұларының таралу аймағы тар. Таудың альпі белдеулерінде тіршілік етеді. Денесі ықшам, мойыны қысқа, басы кішілеу, қауырсыны өмір сүру ортасына байланысты сұр, қара және ақ түсті болып келеді. Тамағы мен мойынының бүйір жағында қызғылт қоңырмен көмкерілген ақ дағы болады. Тұмсығы қызғылт болып келеді. Салмағы – 1,5-3 кило аралығында, – дейді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов. Жалпы, ұлар – өте сақсақ құс. Көктемде жұптасқаннан кейінгі кезеңде 10-30 құстан топтасып тіршілік етеді. Топ-тобымен жайылғанда бірі жартасқа қарауылға шығады. Қауіп төнгенде бір-біріне белгі береді. Қазақтың «ұлардай шулап» деген теңеуі осыдан шықса керек. Сәуірдің ортасынан тамыздын аяғына дейін көбейеді. Ұлттық табиғи парк аумағындағы биік жартасты шыңдар мен құздарда кездесетін Алтай ұларын биік шыңдардың қожасы деуге болады. Жазда шыңдауыл тау басы мен жартастарда мекендеп, қыстыгүні қылқан жапырақты ормандарға жақын жүретін ұлар негізінен шөптесін және бұталы өсімдіктермен қоректенеді. Көктемде бір жылдық өсімдіктердің жапырақтарымен қоректенсе, жазда қорегіне шөптердің гүл, тұқым, масақ, түйнек сияқты бөліктерін қосады. Күз мезгілінде қураған жапырақтармен және тамырлармен қоректенеді. Ал қыстыгүні арша, шырша тұқымдары мен бұталарды азық қылады. – Жұмыс барысында Алтай ұларының заңғар құздарда жүргенін талай көрдім. Тауешкілерімен бірге жайылып жүргеніне де куә болдым. Өйткені аша тұяқтылар қыста қалың қарды аршып, құстың азығын тауып береді. Ұлардың негізгі қас жауы – жыртқыш құстар. Әсіресе, бүркіт. Жайма-шуақ жайылып жүрген ұлар бүркітті көргенде ұша жөнеледі немесе тығылуға саңылау іздеп тастардың арасына кіріп кетеді. Ұлардың көбеюіне жыртқыш құстардан бөлек түлкі, ауа райының қолайсыз жағдайлары мен адамдардың қаскөйлігі де кері әсер етеді, – деді парк қызметкері. Соңғы жылдары тау басына құрылған фототұзақтарға қар барысы, сабаншы сияқты сирек кездесетін аңдармен бірге ұлар да жиі ілініп жүр. Бұл сирек құстың біртіндеп көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Елімізде Оңтүстік Алтай тауларын ғана мекендейтін Алтай ұлары ұлттық табиғи парк аумағында қатаң қорғауға алынған. Заңсыз ұлар аулағандарға келтірген залал үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Думан АНАШ, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.