• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Тарлан тарих салтанаты

950 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жылдарындағы ауыз толтырып айтар, елді өркениет көшіне көтерер толымды да толағай оқиғалардың бірі емес, бірегейі Қазақ хандығының 550 жылдығының тойланып атап өтілуі болды десек, әсте қателеспейміз. Сол тойдың тамаша тағылыммен өтуі де талайды тамсантып таңдай қақтырғаны анық. «Дос сүйінді, дұшпан күйінді» дейтіндей. Шын мәнінде де, қарапайым ғана сауал қояйықшы. – Үш мың жылдың бедерінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қастерлі қазақ атын алып, ұлт болып ұйығаны қай кезде? – Әрине, Қазақ хандығы кезінде. – Қазіргі ұлан-ғайыр жерімізге ие болып, соны қорғап қалғаны қай кезде? – Әрине, Қазақ хандығы кезінде. – Қазақтың ділінің, тілінің, дінінің қалыпқа келгені, мінез-құлқының, салт-дәстүрінің сараланғаны қашан? – Әрине, Қазақ хандығы тұсында. Міне, осындай елдігіміз бен ерлігіміздің соқталы кезеңдерін қалыптаған, Қазақ хандығының 550 жылдығы өткен жылғы мәртебелі мерекелердің маңдай алдына қойылып, оған айрықша маңыз берілгендігі тегін емес. Өткеніміздің дәл осындай биік дәрежеде парасатпен ұлықталғаны, мәңгүрттіктің ғарасатпен құрықталғаны бүгін мен болашақтың баяндылығына деген сенімді беркіте түсіп еді. Имам Шәміл мен Кенесары хан Авардың біздің Әуезовтің жақсылығын көріп, жасы үлкен аға ретінде сыйлап, өлеңін арнап, жақсы көріп өткен ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың: «Өткенге тапаншамен оқ атсаң, болашақ сені зеңбіректен атқылайды» дейтін жайсаң сөзі болушы еді. Сонау бір кері кеткен кеңестік лайсаң заманда ауызға көбірек алынушы еді, зерлі көкіректер оның астарлы мағынасына үңілуші еді. «Ардақ тұтатын өткенің болмаса, түбінде салтанат құратын болашағың да жоқ» дегенді үнсіз ұқтырып тұрғандай-ды бұл сөз. «Өткеніңді сыйлап, қадіріне жете алмасаң, болашағыңның да түбі қайырлы болмайды, өзіңнің де ешкімге қадірің болмайды» дегенді аңғартатын бұл сөздер. Сол Расул сөзден іске көшті. Тау жұртының тайталасқа, шер мен кекке, ерлікке толы тарихын толғап «Менің Дағыстаным» атты атақты кітабын жазды. Ондағы өршіл рух, өміршең пәлсафа бүкіл кеңестік кеңістікті кернеді. Ақыры, ақ патша отаршыларымен 25 жыл жағаласып шайқасқан. Қап тауының қабыланы имам Шәмілді қызыл империяның қитұрқы идеологиясы ақтап шығуға, өз елінің тарихынан өзіне лайықты орнын беруге мәжбүр болған-ды. Қазақ ордасының осы имам Шәміл сипаттас запыран тағдырлы, жолбарыс жүректі соңғы ханы Кенесары туралы «Қаһар» деп аталатын қанкешу романын Алаш жұртының ақтаңгер қаламгері Ілияс Есенберлин дәл осы тұста өмірге келтірді. Бұл бұланай шығарманың да өткенімізді танудағы ұлағатын қалай айтсақ та асыра бағалау мүмкін емес-ті. Бірақ фәни жалғанда да, бақида да маңдайының соры бес елі, өзгеше талайлы Кенесары хан ақталмаған қалпында қала берді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан мектептердің оқу бағдарламаларында, тарих пәнінің оқулықтарында тау елінің имам Шәмілі өз халқының бақыты, азаттығы үшін күрескен батыр, ұнамды қаһарман ретінде баяндалса, қазақтың Кенесары ханы бұрынғысынша жа­уыз, қанішер, халықтар достығының қас дұшпаны, бұқараның қанын сүліктей сорған шынжыр балақ, шұбар төс үстем тап өкілі ретінде қаралап, жалалап кейіптелуден танбады. Ол-ол ма, содан жиырма жылдың берісінде ғана бүлікші ханның атын атауға тыйым салынған, ол жайында еңбек жазған тарихшы Ермұқан Бекмаханов, Бек Сүлейменов хандық заманды көксеуші деп сотталып кеткен, ал Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтың бастарына қара бұлт үйірілген үрей үркіндісінің қара көлеңкелері әлі де көз алдында, жақын маңда торуылдай көстеңдеп жүргендіктен, шын мәнінде қазақтың елдігін бірлеген абзал хандарымыздың, аяулы ерлеріміздің аруағын разылау жайы кейінге сырылып қала беруі де кер заманның қысастығы, уақыт еншісіндегі зарлық өкінішіміз болатын. Бұрынғы елдігіңді ұмыттырудың, құлдық санамен жайлап еңсені басып тұқыртудың төте жолы осы еді. Ал енді ел болған соң оның өзінше тағдыр-талайы, өзіне ғана тән төл тарихы болатыны талассыз шындық. Қазақ елінің тарихы да сонау көңіл болмаса көз жетпес ықылымдар қойнауынан тамыр тартқан. Басқалар сияқты, біздің де ежелгі мемлекеттігіміз, қағанаттарымыз, ордаларымыз, хандықтарымыз болған. Бірақ, осы айдай ақиқат Кеңес заманында мойындалмай келді. Мектептерде бұрмаланған жалған тарих оқытылды. «Біздің тарих – ол дағы қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», деп қабырғалы қара нар ақын Қадырдың налитыны да осы кез. Қызылжардағы Абылайдың ақ үйінің пұшайман халін көрген қайран Ғафаң – Ғафу Қайырбековтің де: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?» деген ызалы да назалы сұрақты шамырқана қоймауға лажы қалмаған-ды. Абылай ханның орындалған арманы Халқымыз ғасырлар бойы зарыға күтіп, аңсап көріскен Тәуелсіздік жаңағыдай түйткілді сұрақтардың толымды жауабын берді. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Абылай хан, Кенесары хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бастатқан батырлар ескерткіштер, көшелер болып ортамызға келді. Тіптен, Тәуелсіздіктің елең-алаңында, атап айтқанда, 1991 жылғы тамыздың алғашқы күндерінде Көкшетауда елдігіміздің, дербестігіміздің нышанды мерекесіндей болып мемлекеттік дәрежеде алғаш рет Абылай ханның 280 жылдығы дүркірете тойланып атап өтілгені есімізде. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықыласты пәрмені осылай болды. Бұрынғы елдігімізді паш ете танытқан, сөйтіп, ақ түйенің қарны жарылған, күллі халық болып қуанған, қазақтың басын қайта қосқан ардақты ханымызды ұлықтаған алғашқы той еді бұл. Көкшетауға күллі Алматы қотарыла көшіп келгендей еді. Академиктер Манаш Қозыбаев, Рамазан Сүлейменов бастаған атақты тарихшы ғалымдар үлкен ғылыми жиында Қазақ хандығы, Абылай заманы туралы алғашқы аталы сөздерді тебірене толғады. Көрнекті қоғам қайраткері Шот-Аман Уәлиханов сахна төріндегі Абылай ханның айбынды бейнесіне бұрыла қарап басын иіп: «Ассалаумағалейкүм, ардақты асыл бабам!» деп сәлемдесуі де жиылған жұртты толқытып еді. Көкшетаудың қаласы, жүздеген киіз үй тігіліп, ұлан-асыр той өткен Аққайың алабы «Аруағыңнан айналайын, Абылай!» деп үш күн ұдайы Бурабай көліндей буырқана, шаттығын шарасынан асыра толқи тербетіліп тұрып еді. Көкбөрі рухты кемеңгер ақын Қасым Аманжоловтың: Елу жаста елім бар деп айта алмай, Кетпес естен өкінгенің мұңлы Абай. Елім бар деп айтатұғын туды күн, Елім бар деп шырқатайын мен бүгін Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай, – деп келетін асқақ та өршіл жыр жолдары нақ осы елдік мерекесінің сыр-сипатына керемет үйлескеніне де қуанғанбыз. «Әулиесің-ау, Қасым ақын!» – дегенбіз. Осыдан соң ғасырлар бойы армандау­мен келген, күрес өртімен жалқындана алаулаған, көк Байрақ көтерген, нағыз аңсарлы, көктем Тәуелсіздігіміз де көп кешікпеген, Көкшетау – Бурабайдың күре жолының бойында, баяғы Хан жайлауы Қызылағаштың жанында Қазақ хандығының аса нышанды айбынды тұлғалары Абылай хан, Кенесары  хан кенттері орнаған. Біздің де тарих қалыңдай түскен. Біздің де хандарымыз жақсы болған екен, ел қамын жеген екен. Біздің де бабаларымыз өз заманына сай, басқалармен терезесі тең мемлекет құрған екен. Тәуелсіздіктің арқасында сондай тек-тамырымызды айдай әлемге таныта бастадық. Аллаға мың шүкір айтқанбыз. Ақсарбас шалғанбыз. Хандық мерекесі – халық берекесі Шекарамыз шегенделді. Ел іргесі бекіді. Ширек ғасырға таяу уақытта мың жылдық жолды жүріп өткендей Қазақстан Республикасы дүние жүзінің дүр мемлекеттерінің қатарынан өзіне лайықты, орнын ойып тұрып алды. Міне, осы кезде, атап айтқанда, 2014 жылдың 11 қарашасындағы халыққа Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде Қазақ хандығының 550 жылдығын кеңінен атап өту туралы жария етті. Халықты дүр сілкіндіріп қанаттандырған бұл шешім ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу мақсатын көздеген еді. Сонымен бірге, тіпті, Тәуелсіздігіміздің уығы бекіп, керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеген тұста, әлемнің алпауыт мемлекеттері қуатты әлеуетімізбен, құнарлы әлеуметімізбен санасып отырған кезде де «Бұрын бұл қазақтардың мемлекеті болған жоқ еді» дегендей қаңқу сөздердің аса алыс емес тақау төңіректен де тыйылмай келгені көңілімізді қапаландырып, намысымызға тиетін. Қазақ хандығының үлкен дайындықпен, дыбысы жер жарып, аламаны аспан-әлемге шарықтап өткен ұлан-асыр тойы ондай керауыз көршілердің де аузына құм құйды. Шын мәнінде, 2015 жылғы 11 қыркүйекте Елбасының қатысуымен Астанада өткен салтанатты жиыннан бастау алған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесі ежелгі мемлекеттігімізді дүйім дүниеге айғақтап паш етті. Сәні мен мәні бірдей үйлесіп, желекті жарасым тапқан торқалы да толағай той кешегі һәм бүгінгі елдігіміздің, береке-бірлігіміздің, баянды бақытымыздың, қуатты жасампаздығымыздың, жарқын болашағымыздың, мәңгілік мұратымыздың бүкілхалықтық аламанына айналды. Қазақ қоғамы, барша қазақстандықтар, жалпы республика жұртшылығы бір серпіліп, дүр сілкінді. Елдің өресін, өркениетін, өркенін танытар талай шашбаулы іс-шаралар, халықаралық деңгейдегі ғылыми-тағылымдық конференциялар барлық облыстарда, басты қалаларда түгел өтті. Тарих тағылымы да қазанын бұрқ-сарқ қайнатты. Елдіктің тойына тарихшы ғалымдар бастап қаламгерлер, ақындар, айтыскерлер, баспагерлер, өнер мен мәдениет қайраткерлері де шашу шашпай шет қала алмады. Әлбетте, көрнекті тарихшымыз Ханкелді Әбжанов айтқандай, Қазақ хандығы мерекесінің қоғамдық-саяси және ғылыми-танымдық шарықтау шыңы 11 қыркүйекте Астанада өткен салтанатты жиын мен халықаралық конференция болса, тойдың мәдени-көркемдік рәсімделуі бір айдан кейін Тараз қаласында тамаша түйінін тапты. Әсіресе, Астанадағы алқалы жиында Мемлекет басшысы жасаған баян­дама ұлт тарихындағы бетбұрысты оқиғаның теориялық-методологиялық мән-жайын тарқата ашып берді. Елбасымен бірге Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынға Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардүрды Тойлиев қатысып, ең бастысы, Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақ мемлекеттігінің тарих қойнауындағы терең тамырларына сегіз қиыр шартараптың назарын аударды. Қазақ халқы үш мың жылдан әріден бастау алатын ұлы тарихтың иесі екендігін қадап айтты. Елбасының дәл осы жиында: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», деп жасаған толайым тұжырымы ондаған жылдар бойы қиянатқа ұшырап, теперіш көріп, көмескіленіп келген тарих ақиқатына шам-шырақтай сәуле құйып, тарихшы ғалымдардың тиянақ табар тұғырнамасына айналды. Елбасы сөзінің ғибраты Иә, ел Президенті тарихымыздың барлық қатпарларын кеңінен қамтып баяндады. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болғанын, Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтергенін, алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазғанын, осылайша тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастағанын зор толғаныспен тербеді. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін кергенін, Хақназар хан ел шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтіп, Тәуекел ханның Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратқанын, Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болғанын, Салқам Жәңгір Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғы» заңын енгізгенін тебірене тізбектеп көз алдымыздан өткіздік. Иә, Елбасы айтса айтқандай, Қазақ хандығы кезеңі ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі болыпты. Ал береке-бірлік әлсіреген тұста жоңғарлар басып кіріп, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген қайғы-қасіретке ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты  батырлар сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шыққаны қазақты Тәңірдің тағы бір алқағанындай еді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақайда жоңғарларға күйрете соққы беріп, одан арғыда ата қонысты жаудан біржолата азат етіп, елдікке жол ашты. Халқымыз одан кейін де талай тағдыр талқысына түсті, тауқыметтің тар жолдарын кешті, әрине. Тағы да Тұңғыш Президентіміз айтқандай, Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Елбасының Алтын Күн шуағын шашқан Көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбаттығын әйгілеп айтуы әр отаншыл жүрекке орынды мақтаныш сезімін ұялатты. Бұған қоса, тарихымызбен мақтанып қана қоймай, ата-баба даңқына даңқ қосып, дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем боларын ұмытпауымыз қандай ғанибет. Осы тұрғыдан келгенде, шын мәнінде де, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтергені көзбен көріп отырған күмәнсіз ақиқат екендігіне кім таласады. Міне, салтанатты жиында елді ұйытқан Елбасы сөзінің ғибрат-тағылымы осындай болды. Иә, ақиқат осы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Қазақ хандығының су үзілсе де сүйек үзілмей алыстан жеткен жаңғырығы, тікелей мұрагері. Біздің бүгінгі елдігіміздегі сол ата-бабаларымыздың, хандарымыздың, батырларымыздың, билеріміздің үлесі ұшан-теңіз. Әр қазақтың жанына жақын мереке рухы 550 жылдыққа орай елордадағы «Назарбаев университетте» өткен «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында айрықша мерей-мәртебе, парасатпен шырайланды. Конференцияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ашып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға және шетелдік қонақтарға арнаған құттықтау хатын оқып беріп, одан әрі қатысушылар тарапынан Қазақ хандығының қатпарлы тарихы, бүгінгі тағылымы туралы мазмұнды әңгімелер айтылды. «Барыс» мұз айдыны сарайында болған театрландырылған мерекелік қойылым Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралардың інжу-маржанындай әсер қалдырды. Оны шетелдік мәртебелі меймандармен бірге Елбасы тамашалады. Ең бір ғажабы, мерекелік қойылым Қазақ елінің 3000 жылдық тарихы мен қазіргі заманауи келбетін көшкен керуендей тізбектеп тарау-тарауымен сахналау арқылы көз алдынан өткізгені шат-шадыман көптің көңілінен шықты. Әрбір бөлімде еліміздің халық болып қалыптасқан, ұлт болып ұйыған тарихи кезеңдері ән-күй, жыр-терме, хореография, хор секілді әртүрлі жанрларда, көркем көріністермен айшықты кестеленіп, түгелдей түгенделе қамтылды. Тараздағы той Халқымыздың береке-бірлігін паш етіп, мерейін тасытқан хандығымыздың мерекесі құтты қазан айының алғашқы аптасының соңында қасиетті Жамбыл жерінде, Тараз төрінде үлкен табыспен, тасқын көңіл күймен түйінделді. Ұлы тойда ұлық Елбасымыз тойдың құтты болсынын аталы да баталы сөзбен мәнерлеп өрнектеді. Сөйтіп, Мемлекет басшысының қатысуымен ел тарихының өшпес табы қалған, алғаш рет «қазақ» атауымен ежелгі ордамыздың шаңырағы көтерілген көне Тараз жерінде «Қазақ хандығы» монументі асқақтай бой көтерді. Хандықтың мерекесіне халықтың қалаулы тартуындай ерекше кешен. Үш жарым гектарды алып жатыр. Сынтасы 30 метр биіктікке самғаған. Қос қапталда тақта отырған, Қазақ хандығының негізін қалаған айбынды Керей және Жәнібек хандар жиылған жұртты бүгінгі елдік мерекесімен құттықтап тұрғандай. Барлық қасиетті хандарымыздың рухтары осында шаттана қалықтап жүргендей. Монумент маңына елуге жуық киіз үй тігіліп, сахна, алтыбақан, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылып, өз алдына әдемі этноауыл орын тепті. Мәре-сәре халық. Ән де әуеледі, би де дөңгеледі. Шашулар да шашылды. Халық көңілі жарқырап ашылды. Тараз тебірене тербеліп тұрды. 17 елден келген қонақтар осының бәрін көріп таңдана тамсанды. Тараздағы той қызығы талайды тамсандырғаны анық. Соның бірін айтсақ, Қытайдың Сиань қаласынан шыққан керуен бір жылдан астам уақыт жол жүріп, қазақ-қытай достығын паш етіп, дәл той болып жатқан күні Тараз қаласының қақпасынан еніп, Тұңғыш Президент саябағының қасынан өтті. Маң-маң басқан түйелер керуені өткен заманды еске түсірді. Осылайша, бағалы жүк артқан 136 түйе, 8 ат арба және 100-ден астам қарауылы бар бұл керуен бұрынғы бабаларымыздың жүрген жолын жаңғыртып, сапарларын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан көне қалада түйіндеп, торқалы тойға толайым тарту ұсынғаны да бір ғанибет еді. Бұл күні қаланың бірнеше жерлерінде тарихи тойдың мерекелік ұлағатты іс-шаралары кеңінен өтіп жатты. 550 жылдыққа арналған халықаралық айтыста Мәңгілік мұраты тамаша сипатталды. Орталық стадионда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері сахналаған «Қилы жол» драмасы Қазақ хандығының шежіре-тарихын көркем кестелеп, қойылым соңғы ән шашуға ұласты. 10 жыл бұрын Тараз қаласында тұсауын кескен «Жібек жолындағы сұхбаттар» жобасының биылғы сұхбаты осынау той күндерінде тағы осы көне шаһар төрінде өтіп, ертедегі кезең тарихы, қазақ қалалары, қазақ мәдениеті хақында қаншама тұшымды әңгімелер айтылып, толымды тұжырымдар жасалды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен бәйге түрлерінен атжарыс ұйымдастырылып, елдіктің тойында «Ұлы Дала ойындары» ту көтергенін қалай айтпай тұра аламыз. Аламан бәйгеде топ жарған Жетісу жүйрігінің иесіне 10 миллион теңге той тәбәрігі бұйырды. Көпшілікті қуанышқа кенелтіп мерейлендірген басқа да мәдени-көркем шараларда қисап болмады. Сөйтіп, Тараздағы той тағы да елдігімізді, береке-бірлігімізді, Тәңір берген бақ-баянымызды таразыға салды. Атаның асыл мұрасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы салтанатты жиналыс­та да, Тараз төріндегі той үстінде де өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылғанын, ежелгі тарлан да тарнау тарихымыз VІІІ ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғызғанын, бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылғанын, рухани һәм заттай қымбат жәдігерлер жинақталғанын қадап айтуы тегін емес-ті. Осынау игі істер негізінен «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, ата-бабамыздың қат-қат асыл мұралары ел игілігіне айналды, рухани санамыздың, тарихи жадымыздың жаңғыруына көмектесті. Ол бір жағынан ежелгі елдігімізді әлемге әйгілеп мойындатудың ғылыми тұрғыдағы, дәлелді де тұжырымды тиянағы болғаны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бас­тамашы болған, қыруар қаржы бөлінген «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ халқының мәдени мұрасын жинау, сақтау және қайта өркендету мақсатын көздей отырып, небәрі 10 жылдың ауқымында телегей-теңіз істер атқарғанына сүйінбеске де болмас. Ал енді осылардың ішінде батырлар жырын, тарихи жырларды, хикаялық һәм ғашықтық дастандарды, ертегілерді, ауыз әдебиетінің сан саласын қамтыған, қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл мирас қазынасы, тарихы, мәдениеті, салт-санасы, философиясы мен педагогикасы, өнері түгел түзілген «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдығының жарық көруі ұлт руханиятындағы ғаламат оқиғаға айналды. Осынау аса құнды еңбектің еліміздің ең жоғары мемлекеттік сыйлығының аламан бәйгесіне қосылып жатқаны да оның мәнділігін, маңыздылығын айшықтай түссе керек. Бұған қоса, «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың дәстүрлі мың әні» бірегей жобаларының жүзеге асырылып, осындай музыкалық жинақтардың дүниеге келуі әлемдік тәжірибеде де сирек кездесетін жағдай. Сонымен қатар, кейбір мысалдарды алға тартсақ, бағдарлама шеңберінде 78 тарих пен мәдениет ескерткіштері қалпына келтірілген. Екі ескерткіш, атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар қатарына кірді. Дамаск қаласындағы Сұлтан әз-Зәкир Бейбарыс кесенесінің және Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық-кеңесінің құрылысы сәтімен тәмамдалды. Ғылымға біздің ата-бабаларымыздың тарихынан мәлімет беретін мыңдаған артефактілерге 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеулер жүргізілген. Мұның сыртында, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения, сондай-ақ, АҚШ пен Батыс Еуропаға сапарлаған ғылыми-зерттеу экспедициялары нәтижесінде тарихымызға, этнографиямыз бен өнерімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды мұрағаттық құжаттар, қолжазбалар мен көне кітаптар әкелінген. Арнайы келісімшарт шеңберінде Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатынан ғана Цин империясының қазақ тарихына қатысты 283 том архив құжаттарының (72812 құжат) көшірмелері алынған. Жыл сайын елімізде және шет елдерде тарихи-мәдени мұрамызды танытып паш етуге бағытталған 200-ге тарта іс-шара өткізіліп тұрған. Бұл айтқандарымыз «Мәдени мұра» мәйегінің бір парасы ғана. Бұл мәйектер жадымызды жаңғыртты, санамызды сілкіндірді, тарихымыздың терең тамырларын басқаларға да танытуға, мойындатуға қызмет етті. Тарих тағылымы осылай дейді. Қорғанбек АМАНЖОЛ