• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Алаяқтар жазасын алды

406 рет
көрсетілді

Петропавл қалалық соты «үштік топтың» қылмыстық әрекеттерін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды. Сара Тайжанова, Әлфия Жүкенова және Оксана Водила есімді алаяқ әйелдер үш жылдың ішінде Астана мен Петропавл қалаларының елуге жуық тұрғынын алдау-арбау жолымен тақырға отырғызып, 94 миллион теңгені қақшып кеткен. Олар жұмыртқадан жүн қырқатын арам ойларын жүзеге асыру үшін үй-жайдан қиналып жүрген жандарды жағалап, қармақтарына ілік­тіріп отырған. «Жайлы бас­па­намен жарылқаймыз» деген «атымтайжомарттар» құр­­ғақ уәдені үйіп-төккен. Жілігі та­ты­мас арзан сөзге сеніп қал­ған­­дар қомақты қаржыларын еш ойланбастан ұстата салған. Ауыздары аңқиып, құлақтары қалқиғандардың арасында таныстары да бармақ тістеп қала берген. Осылайша сылдыр уәдені суша сапырып, оның соңы ұшы-қиыры жоқ, сан соқ­тырар сергелдеңдерге ұлас­қан. Берген «малдан» қайыр бол­масына көздері жеткен жәбірленушілердің сотқа жү­гі­ну­леріне тура келген. Ақша десе, арын сатып, ара­­ны ашылған алаяқтар құ­лаш­­ты кеңге сермеген тәріз­ді. Қос қаланың әкімдігінде мем­ле­кеттік бағдарламалар ар­қылы бағасы қолжетімді пәтер­­лерды қысқа мерзім ішін­де алып беретін тамыр-таныс­тары барын айтып, ант-су іш­кен. Кейбіріне әкім­дік­тің қыз­мет­кері ретінде таныс­ты­рып, ил­ан­дырып алған секіл­ді. Әйт­песе, ірі көлемде ақша бере салуға екінің бірінің жү­регі қалай дауалай қойсын. Жәбір­ленушілердің 23-і ғана мате­риалдық шығынның орнын толтыруды талап ет­кен. Соған қарағанда, өзгелері ала­ған қолдың берегендігі­не күмән­данған болу керек. Ә.Жүкенова көз жасын көл­де­тіп, бар қылмысын мойнына алса, қалған екеуі «судан таза, сүт­­тен ақтығын» алға тартып, бе­ді­рейіп тұрып алды. Сот үкімімен «үштік топ» Қылмыстық Кодекстің 190, 177-баптары бойынша айып­ты ретінде танылып, С.Тай­жанова – 8, О.Водила – 7, Ә.Жүкенова 6 жылға темір тор­­ға қамалды. Жегендері жел­ке­сі­­нен шыққан алаяқ әйелдер­дің дүние-мүліктері тәркіленіп, жаза­ларын жалпы режімдегі түзету колонияларында өтейтін болады. Үйлі-баранды үшеуінің артын­да жарлары мен бала­лары телміріп қала берді. Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы