Жақында Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тарихи-құжаттамалық көрмесі ашылды.
Экспозицияда аталмыш Архив қорынан алынған 1928-2013 жылдар арасындағы 128 бірегей құжат көшірмелері қойылды. «Тәуелсіздік. Алғашқы қадамдар» және «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы бастамалары» бөлімдері ерекше қызығушылық туғызды. «Тәуелсіздік. Алғашқы қадамдар» бөлімінде дәуір оқиғасы – тәуелсіз мемлекеттің құрылуын бейнелейтін құжаттар ұсынылған. Олардың ішінде, 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Переса де Куэльярға Қазақстанды БҰҰ мүшелігіне қабылдау туралы 1991 жылғы 31 желтоқсандағы өтініші, Елбасының 1995 жылғы 6 қыркүйекте жаңа Конституцияны таныстыру салтанатында сөйлеген сөзі, Мемлекет басшысының 1997 жылғы 20 қазандағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» №3700 Жарлығы бар.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы бастамалары» бөліміндегі құжаттар жаһандық ядролық қарусызданудағы Қазақстанның және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы және әлемде ядролық қаруды таратпаудағы рөлін көрсетеді.
Сондай-ақ, кеңес кезеңіндегі күштеп ұжымдастыру және тоталитарлық тәртіптің саяси қуғындаулары, өлкені өндірістендіру, қуғындалған халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуы, 25 жылн соғысы кезіндегі Қазақстан туралы және т.б. құжаттар қызығушылық тудырды.
«Егемен-ақпарат»