Қазақ – жетімдерін жылатпаған халық. Бұл қасиет қазір де жалғасын табуда. Мұның өзі осы бағыттағы тағы бір тағылымды қадам болды деу орынды. Әйтпесе, мынандай күрделі заманда басына осындай ауыртпалық түскендерге оңай болмасы анық.
Жетімдер мен ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған әлеуметтік үй облыс орталығының Кірпішті елді мекенінде салынады. Оған «Сәби» қоғамдық қоры есебінен 1,2 млрд теңге бөлінеді. Әлеуметтік үйде 80 адам, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған интернат түлектері тұратын болады. Оларға бөлек пәтерлер беріледі. Салынып жатқан әлеуметтік үйдегі бір пәтердің жалпы көлемі – 40 шаршы метр.
Тұрғын үйге жақын маңда денсаулығында ақауы бар тұрғындардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін шағын цехтар құрылысы жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, кондитерлік өнімдер, аяқ киім жөндеу, тігін және жөндеу цехтары, сонымен бірге шаштараз бен массаж орталығы ашылады. Әлеуметтік үйде тірек-қимыл аппараттары бұзылған жандар үшін сауықтыру құрал-жабдықтары бар дене тәрбиесі, сондай-ақ релаксация залдары болады.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 70 орынға есептелген жасөспірімдер үйі бар. Облыстық интернат мекемелерінің түлектері онда 23 жасқа дейін тұра алады. Ал әлеуметтік үйде 16-29 жас аралығындағы түлектер тұратын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы