• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2016

Кейкі батырдың бас сүйегінің суреттері жарияланды

437 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі қызметкерлері Кейкі батырдың бас сүйегі қалай сақтаулы тұрғанын көрсетті. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. Музей директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаевтың айтуынша, музейдегілер Кейкі батыр жеткізілген арнайы контейнерді ашпаған. Сонымен қатар, музейде Кейкі батырдың бассүйегін қоятын арнайы бөлменің бөлінгені белгілі болды. Дөңгелегі бар контейнер бөлменің ортасында орналасқан. Контейнер қызыл матамен оралып, майшам қосылған. "Контейнердің ішін біз ешкімге көрсеткен жоқпыз. Ол барлығына көрсетуге болатын қандай да бір зат емес, ол - адамның бассүйегі. Сондықтан біз оны ашпауға тырысамыз. Жуырда, яғни 1-2 күннің ішінде біз Кейкі батырдың бассүйегін Венгрияға сараптамаға жібереміз. Қазір қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр", - деді Бейбітқали Қақабаев. "Венгрияда біздің мақсатымыз - ғылыми және генетикалық зерттеулер жүргізу. Кейін электрондық технологиялармен сүйектерді қайта қалпына келтіріп, Кейкі батырдың пішінін көруге бөледі. Венгрияда ғалымдар мұндай зерттеулермен жақсы айналысады. Оларға бұл зерттеу қызық болады, себебі олар өздерін қыпшақ санайды", - деді Қақабаев. Сондай-ақ, ол зерттеулердің бес айға созылуы мүмкін екенін айтты. Ал кейінірек Кейкі батырдың бассүйегі қайтарылып, Қостанай облысында жерленетін болады. Сонымен қатар, Антропология және этнография музейінің қызметкерлері түсірген жәдігерлердің суреттері пайда болды. Ол суреттер Кунсткамерадағы мұрағатта 90 жылдан аса уақыт сақталған екен. Сондай-ақ, мемлекеттік музей қызметкерлері Кунсткамерадағы жәдігерлерді қалай алғандарын айтып берді. "Бастапқыда Ресейдегі музейдің мұрағатында сақтаулы тұрған бассүйекті тарихи-мәдени құндылығы жоқ дүние деп саналды. Сол уақыттан бері ол жәдігер ретінде емес, адамның бассүйегі есебінде сақтаулы тұрған. Кейіннен сақтаулы тұрған бассүйек бізге жеткізілді", - деді ҚР Орталық мемлекеттік музейдің қызметкерлері. Мұның алдында Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай 12 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі антропологиялық сараптама үшін Венгрияға жеткізілетінін мәлімдеген болатын.