Ресейдегі Қазақстан елшілігінде ресейлік белгілі исламтанушы, Ресей ғылым академиясы Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунскамера) директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, халықаралық «Manuscripta Orientalia» журналының бас редакторы Ефим Резванмен кездесу болып өтті. Бұл кездесу Қазақстан елшілігі бастамашы болған «Елші кештері» жаңа жобасы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Е.Резванның «Менің исламдық әлемім» сериясымен шыққан «Түркістан» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Кітап Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне арналған көпжылдық мұрағаттық, мұражайлық және экспедициялық зерттеулер материалдарына негізделіп жазылыпты. Осынау ерекше туындының авторы Ефим Резван Ресей мен Қазақстан тарихының бір-бірін толықтыра, қат-қабат қайшыласып жататынына тоқталды:
– Ресей тарихы Ұлы Дала тарихымен, Қазақстан тарихымен таңғаларлықтай тығыз байланысып жатыр. Сондықтан біз Қазақстан аумағында зерттеулер жүргізген кезде Ресей тарихы бойынша қисапсыз ақпарат алдық. Осы үдерістің Қазақстанға да қатысы зор. Кітап біздің музейдің қазақ әріптестермен, республиканың ғылыми және мәдени мекемелерімен бірлескен жұмысының жемісі болып табылады. Мұның өзі, бір жағынан роман, екінші жағынан монография деуге келеді. Кітаппен әр түрлі пішімде: деректі фильм, сондай-ақ, аудиоиллюстрация ретінде танысуға болады. Басылым менің ислам әлемінің алуан қырлылығына арналған үлкен жобамның бір бөлігі іспеттес.
Автордың айтуынша, кітапта 2010-2015 жылдар кезеңіндегі 4 экспедициялық сапар нәтижелері жинақталған. Оның біріншісі 1899 жылы Дүниежүзілік экономикалық көрме үшін Қазақстан аумағынан фотосуреттер жасауға аттанған аса көрнекті этнограф һәм суретші Самуил Дудиннің маршруты бойынша жүріп өткен. Ал екінші экспедиция кезінде Ұлы Жібек жолының терістік тармағын қалпына келтіру әрі Үндістанға апарар су жолын ашу үшін ұйымдастырылған 1714 жылғы кінәз Черкасский экспедициясының маршрутына негізделіпті. Үшінші экспедиция Семей полигоны аумағындағы әулие үңгірлер мен тұмса археологиялық қорықтарға жасалған екен. Соңғы маршрут Оңтүстік Қазақстан жерінен өтіпті.
Экспедицияның басты мақсаты «Ресей ғылым академиясы Антропология және этнография музейінің заттай және фотобейнелік коллекцияларындағы дәстүрлі қазақ мәдениеті» деген шартты атаудағы ауқымды ғылыми жобасы аясында Петербург Кунсткамерасының қазақ коллекциясын ғылыми қамтамасыз ету тұрғысында материалдар жиыстыру болған.
Кітапта Қазақстан және Ресей тарихымен тығыз байланысқан бірқатар нышанды заттардың тағдырлары, қазақ мәдениетінің құнды жәдігерлері жаңа ғылыми материал тұрғысынан егжей-тегжейлі талданады. Ефим Резван басылымның жарық көруі айрықша «Мир» телеарнасының қолдауы арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті. Осыған орай телеарна төрағасы Радик Батыршин шашыраңқы дербес тарихтарды жинау арқылы Ұлы Даланың ортақ тарихын жасау жөніндегі жұмыс жалғасатынын айтты.
Аталмыш «Елші кешіне» көрнекті ресейлік саясаттанушылар, тарихшылар, журналистер, Азия және Африка елдері институтының, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің, Ресей халықтар достығы университетінің, Қазақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ, қазақ тілін оқып үйренетін Мәскеу мемлекеттік тіл университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»