• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2016

Ізденіс нәтижесі

598 рет
көрсетілді

Қазақ баспасөзінің тарихы тағы­лым аларлық екенін дәйектей­тін көлемді екі кітап таяуда қолға тиді. Оның біріншісі – «Дұрыстық жолы» газеті, екіншісі – «Хабар-Известия» 1918», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» 1919» деп аталады. Бұған дейін 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінің барлық 16 нөмірі, одан соң 1917-1918 жылдары Ордада басылған «Ұран» басылымының табылған тігінділері жеке-жеке кітап болып, оқырман қолына тиген болатын. Ұлтымыздың көзі ашық, көңілі ояу ақын азаматы Ғұмар Қараш «Дұрыстық жолының» бірінші нөмірінің беташарында «Баспасөз­дің халыққа ететін қызметі – оның басшылығы өте зор, халықты бел­гілі бір саяси бағытқа салушы – баспа­сөз, өнер-білімнің керектігін айтып, халықты оқу... халықтың тұрмыс, шаруашылық реттерін жақсы жолға салушы – баспасөз» дейді. Жақында осы кітаптарды таныс­тыру рәсімі елордадағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Тарихи құндылықтар туралы алғашқы сөзді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры, жоба авторы Жантас Набиоллаұлы алып, газеттердің тігінділерін осыдан үш жыл бұрын Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан тауып, көшірмесін елге әкелген соң төте жазудан кириллицаға түсіріп, кітап етіп шығарғанын баян етті. Профессорлар Дихан Қамзабек­ұлы мен Қайрат Сақ бұл кітаптар үлкен еңбектің нәтижесі деп тасқа басылған дүние ешуақытта өшпейтініне осы арқылы көз жеткізуге болатынын, өзге облыстарда да осындай газет­тердің шыққанын, соны өңір азамат­тары іздестірсе, ұлт тарихына қосы­лар құндылықтар аз емес екенін тілге тиек етті. «Жайық Пресс» ЖШС облыстық екі газеттің 100 жылдығына орай арнайы байқау жариялапты. Жоғарыда атап өткен төрт кітап бойынша студенттер курстық, дипломдық және магистрлік зерттеулер жазып, арнайы құрылған қазылар алқасының сарабына салса, үздіктеріне сый­лық беріледі екен. Ол үздік курс жұмы­сы, үздік диплом жұмысы, үздік магистрлік жұмыстар болып аталады. Олардың әрқайсысына ақшалай сыйлық белгіленген. Қорытындысы алдағы жылдың шілде айында шыға­рылып, қос газеттің мерекесі аталып өтетін тұста үздіктерді мара­паттау көзделген. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»