Саңырауқұлақты картоппен бірге қуырып жеген Пономаренко отбасының мүшелері ауыр халде Петропавл қаласына шұғыл жеткізілген. Облыс орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Соколовка ауылының тұрғындары бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер өлім мен өмір арасында жатқан үш қыз бен олардың анасын ажал тырнағынан арашалап қалуға қанша күш салса да, еш нәтиже шығара алмады.
Қайғылы оқиға Қызылжар ауданында орын алған. Ауылдастарының айтуынша, жалғызілікті ана қыздарымен осында үш жыл бұрын көшіп келген. Тұрмыстары жүдеу болса да, ешкімге шағымданып көрмеген. Уланды деген хабарды естісімен, қан тапсыруға қалаға қарай ағылған.
5 жасар Олеся, 8 жасар Ксюша, 12 жасар Таня және аналары Вероника жансақтау бөлімшесінде естерін жия алмаған күйі өмірмен қош айтысқан. Республикалық санитарлық авиация желісі бойынша еліміздің бас реаниматологы мен токсикологы шақыртылған. Бактерияға қарсы қарқынды терапия қолданылып, көп плазма құйылған. Науқастардың ағзалары бұзылып, өкпе, бүйрек қатты зақымданған.
Қазір сот-медициналық сараптамалық жұмыстар жүргізілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»