• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2016

Білім берудегі жинақтау жүйесі

467 рет
көрсетілді

мамандық иесі боламын дегенге кең жол ашады Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұрпақ тәрбиесінде жатыр. Ұрпақ тәрбиесінен ұтылған ұлттың келешегі кемел болуы екіталай.  Иә, кез келген аға буын өзінен кейін өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа қашан да сын көзімен қарап, өзгерістің бәрін өз кезеңіндегі дүниелермен салыстырып, уақыт өзгешелігін таңданыспен қабылдайды. Ондайда әке мен бала арасында пікір таластырушылық та болмай қоймайды. Қазіргі ақпараттық технологияның түрлі жаңалықтары біздің күнделікті өмірімізге ғана емес, сонымен қатар, ақыл-ой, сана-сезімімізге де тікелей әсер етуде.  Әр дәуірдің өз ұланы, өз ұр­пағы болады. Өткен ғасыр адамдары мен бүгінгі XXI ғасыр жас­тары ара­сында айырмашылық көп. Өске­лең ұрпаққа алдыңғы толқын үнемі дұрыс ақыл айтып, жол сіл­теп, қолынан келгенше ең жақ­сы тәрбиені, үлгі-өнегені таныт­са, келешек иесі адаспайтыны ақиқат. Кейде баланың қа­лауы ескерілмей қалып жататын тұстар да жоқ емес. Тіпті, ата-аналар тарапынан қысым көретін жағдайлар да кездеспей қой­майды. Қалай десек те, әр адам өмірдегі өз жолын жақсы қалып­тастырып жатса, тұрмысы түзе­леді. Таңдауды әр жас ақыл­мен өзі жасаса жаңылыспас еді. Әр ата-ана бала болашағының даңғыл болуы­на, дұрыс жүріп-тұруына, жақсы білім алуына мән берсе, үміті ақталады, жол сорабы сақталады. Әсіресе, білім алу ісі отбасының темірқазығы. Қазық мықты болса, әр жастың ертеңі алаңсыз. Ұрпақ тәрбиесіне, білім үй­ренуіне қатысты осындай мә­се­лелерді жүйелі жүргізу үшін қыруар қаржы керек екені белгілі. Азаматтарымыздың барлығының бірдей балаларын оқытуға қар­жыдан мүмкіндігі бола бермей­тіні де анық. Осындай сәтте ел­дің ертеңі, ұлттың бола­шағы үшін деген ізгі ниетпен, Тәуел­сіздік алғаннан бергі кезең ішін­де мемлекетіміз тарапынан қол­жетім­ді және сапалы білім алуға көп жағдай жасалып келеді. Соның бір дәлелі, 2013 жылдан қол­данысқа енгізіліп, бүкіл Қазақ­стан бойынша сәтті жұмыс істеп келе жатқан – Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі (МБЖЖ) дер едік. Аталмыш жүйенің көмегімен еліміздің әрбір азаматы өзінің немесе балаларының Қазақстанда және шетелде оқуына жоспарлы түрде қаражат жинақтай алады. МБЖЖ-ның басты ерекшелігі – бұл білім беру депозитіне банк­тен жылдық 14 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы сыйақыдан бөлек, мемлекеттен 5 пайыздан 7 пайызға дейін сыйлықақы төленетінін баса айтсақ дейміз. 7 пайыз мөл­шеріндегі көтеріңкі мемлекет сый­лықақысы әлеуметтік жағы­нан әлсіз топтарға жататы­нын азаматтар, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан және көпбалалы отбасындағы балалар үмітін ақтауға арналған. Басқа салымшыларға мемлекет сыйлықақыны жыл бойына жинақталған сомаға 5 пайыз мөлшерінде төлейді. Салым бойынша орташа табыс жылына 19 пайызды құрайды. Тәжірибе көрсеткендей, білім беру депозиттерінің сақ­талуы мен кепіл­дендірілу мәсе­лесі МБЖЖ-ның әлеуетті салымшыларын ма­за­лайтын басты сұрақ болып отыр. Қаржы жинақтау жүйесі тура­­лы заңда білім беру депо­зит­терін сақтап қалудың бар­лық ық­ти­мал амалдары қарас­ты­рыл­ған. Атап айтсақ, депозит 10 млн тең­геге дейінгі сомада мем­ле­кет­­тік жеке тұлғалар депо­зит­терін кепілдендіру қоры­мен сақ­тан­­ды­рылған. Сондай-ақ, заң­мен инф­ляция деңгейі жоғары бол­­ғанда, немесе экономикада бас­­қа өзгерістер орын алған жағ­­дай­да МБЖЖ-ға қаты­сушы банк­­тер­дің сыйақы мөл­шер­леме­ле­рін және мемлекет сыйл­ықа­қы­ны көбейту жағына қа­рай қай­та қарау мүмкіндігі де қарас­тырылған. Мысалы, 2013 жылы бұл депозит бойынша банктің сыйақы мөл­шерлемесі 6 пайыз болса, қазір ол жылдық 14 пайызға дейін көбейтілді. Сонымен қатар, жо­ға­рыда көрсетілгендей, банктің сый­ақысынан бөлек, мемлекеттен сыйлықақы да төленеді. Тағы бір маңызды жайт, салымшы жинақтау сомасы мен мерзімдерін өзі белгілейді. Бұл өте ыңғайлы және отбасы­лық бюджетке де ауыртпалық түсір­мейді. Жүйе бойынша әр азамат қаражат жинақтауды жал­ғастыра отырып, оқудың ақы­сын ішінара төлеуге болады. Жинақтау мерзімінің соңына қарай білім беру депозитіндегі ақша сомасының шамамен 60 пайыз салымшының жеке жарналарынан, ал 40 пайыз білім беру депозитіне есептелген аударымдардан құралады. Осылайша, МБЖЖ-ның көмегімен азаматтар білім алуға арналған шығыс­тарын жартысына дейін дерлік қысқарта алады. Айта кетер жайт, бала грант­қа оқуға түскен жағдайда жи­нақ­талған қаражат мемлекет сыйлықақысымен және банктің сыйақысымен бірге бәрі де са­лым­­шының иелігіне өтеді. Салым­­шы оны қолма-қол ақша түрін­де алуға, жинақтауды жал­ғас­ты­руға немесе үшінші тұлға­ның аты­на ресімдеуге құқылы. Осы­лай­ша, мемлекет жоғары сынып оқушыларын жақсы оқып, бі­лім гран­тын алуға ынтасын арт­ты­рудың осындай әдемі жолын ұсы­­нып отыр. Егер жинақтал­ған қаражат оқудың ақысын то­лық төлеуге жеткіліксіз, бірақ бі­лім беру депозитінде қажетті сома­ның 50 пайызы бар болса, салым­шы мемлекеттің 100 пайыз ке­піл болуымен, жеңіл шартпен кепіл­затсыз кредит ала алады. Алай­да, бұл шарттар республика ішін­де ғана қолданылады. Білім беру депозитін ашу кезінде әрбір ата-ананың үкілеген үміті мен күдігі қатар жүретінін жоққа шы­ға­ра алмаймыз. Дегенмен, ата-ана мен бала жиналған қаржыға орай мамандық таңдау кезінде «тіл» табысады. Мұндай кезде алда айтқанымыздай, әке мен бала арасындағы пікірталас жал­ғас­пайды. Балаға өз таңдауын жа­сауға әкесі мүмкіндік береді. Білім беру жинақтау депозитін ашудың астарында отбасының берекесіне қатысты идея жатқаны белгілі. Енді білім беру жинақтау депо­зитін ашу қалай жүзеге асады дегенге келер болсақ, жеке бас­ты куәландыратын ата-ананың құжаты болса жеткілікті. Депозит ашу кезінде баланың туу туралы куәлігі мен ЖСН ұсынса болғаны. Бастапқы жарнаның төменгі сомасы 3 АЕК-ті құрайды, яғни банктерде жоғары депозитті ашу үшін 6 000 теңгеден сәл көбірек ақшаң болса тосқауыл жоқ. Аз уақытта салымшылардың саны 15 мыңнан асып отырғаны бұл жүйенің тиімділігін көрсетсе керек. Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі қоғамда қолдау тауып жатыр. Бағдарламаға меценаттардың, қайырымдылық қорларының, сондай-ақ отан­дық кәсіпорындар мен ұйым­дар­дың қосылуы да қуантады. Қазақстанның білім беру ұйым­дарында тәрбие алып жатқан жетім балалардың барлығына да дерлік білім беру жинақтау депозитін ашып, бірінші болып қайырымдылық көмек көрсеткен «Бөбек» қоры. Қор қазір осы бір игілікті іске 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, Білім және ғылым министр­лігі Балалардың құқықтарын қор­ғау комитеті әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтағы тұрғындарға мемле­кеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы қолдау білдіргенін де айта кетсек дейміз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»