• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2016

Он күндегі оңды істер

308 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2016 жылғы 29 қыркүйектен бастап облыста «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Онда аймаққа ведомствоаралық топ келгені, оның құрамындағы 200 маманның жартысынан астамы мемлекеттік қызметкерлер емес, негізінен азаматтық сектор сарапшылары, бизнес құрылымдарының, даму институттарының, діни және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екені де айтылған еді. Облыс әкімдігінің мәліметтері бойынша, жоба жүзеге асырылғаннан бері топтар өңірдің 45 мың тұрғынын қам­тыпты. Негізгі мақсат – облыстың қала­лары мен ауылдарының тұрғын­дары­на мемлекеттік және салалық бағдар­ла­маларды жүзеге асыру мәселелерін тү­сін­діруге бағытталған. Сондай-ақ, аймақта бизнес ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтардың көкейкесті мәсе­ле­лерін түсіну және жедел шешу үшін топ жергілікті әкімдіктердің қызмет­керлерімен бірге осы күндерде Ақтөбе қаласының, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Хромтау және Алға аудандарының тұрғындарымен кездесті, шағын және орта бизнес нысандарында болды. Адам­дарға, оның ішінде 909 кәсіпкерге жеке істерін ашу механизмдері, шағын биз­нес түрлері, инфрақұрылымдарға жол, қаржылай және қаржылай емес мем­лекеттік қолдаулар туралы ақпарат берілді. Бұл аудандарда ауыл жастары үшін өз бизнестерін ұйымдастыру және жүргізу бойынша тренингтер, семи­­нарлар және шеберлік сабақтары жүр­гі­зілді. Оларға бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетіліп, өтімді бизнес-идеялар ұсынылды. Бұл тренингтер тұрғындар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Тұрғындардың сұрауы бо­йын­ша осы тренинг негізінде арнау­лы сюжет түсіріліп, таяу уақытта жал­пы жұртшылыққа көрсетілмек. Жұ­мыс­тарын жаңадан бастаушы 85 жас кәсіпкер әйелге визаж және жарнама бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Оларға бұл қызметпен шұғылдануға сертификаттар тапсырылды. 7 азаматқа жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге құ­қықтық ықпал жасалды. 2 бизнес-жоба мақұлданды. 9 кәсіпкерден шағын несие алуға өтініш қабылданды. Аталған аудандардың 28 ауыл әкімі бизнес-идеялар туралы білім алып, ақпараттармен қамтамасыз етіл­ді. Енді олар ауыл тұрғындары мен кә­сіп­керлердің бизнес-бастауларында олар­ға көмекші бола алады. Жергілікті атқа­рушы органдармен бірге бір мезгілде өңірдің әлеуметтік мәселелері де шешілуде. Жұмыстың 10 күні ішінде Алға және Мұғалжар аудандарында топ 16 адамға жұмыс табуға көмектесті. Мысалы, Ал­ға қаласындағы №5 орта мектепке ұзақ уақыт бойы жұмысқа тұра алмай келген үш әйел психолог, лаборант және тә­лімгер болып орналасты. Жұмыс берушілермен келіспеушілік туындауына жол бермеу мақсатында 21 ұжымның 1400-дей қызметкеріне ең­бек құқықтары түсіндірілді. Аз қам­тылған және көпбалалы отбасыларынан 962 адаммен кездесу өтіп, оларға «Өрлеу» жобасына қатысу шарттары түсіндірілді, 47 адам көмек алды. Мы­салы, Алға ауданындағы Бесқоспа ауыл­дық округінің тұрғыны Гүлбану Есе­налинаға көп балалы ана ретінде жасы келуіне байланысты зейнетақы төлемін тағайындау жөнінен көмек көрсетілді. Топ мүшелері Қандыағаш қаласы тұрғын­дарымен кездесу қорытындысы бойынша 2012 жылы туған Жансерік Н. деген баланы балалар бақшасына орналастыру туралы мәселені шешті. Оның әжесінің айтуынша, бала 2014 жылдан кезекте тұрған және бұл мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген. Тұрғындардың денсаулығы мәсе­лесі де назардан тыс қалған жоқ. «Ден­саулық» медициналық пойызының дәрігерлері аталған аудандарда 1830 адамды тексеруден өткізді, олардың арасынан 467 адамға тиісті ем жасалу үшін медициналық мекемелерге жолдама берілді. Алдын ала тексерумен 1942 мектеп оқушысы қамтылды, олардың арасынан 271-і сауықтыруға жіберілді. Астана және Алматы қалаларынан келген жетекші дәрігерлер 2,5 мың азаматты қабылдады, олардың 155-іне көмек көрсетілді. Атап айтқанда, бір күн бұрын «Денсаулық» медициналық пойызының мамандарына ішінің қатты ауыруына байланысты шағымданған Наталья Төлемісоваға операция жасалды. Сырқаттың жағдайы қанағаттанарлық. Осы дәрігерлер орталық аудандық аурухана базасында 2 жергілікті тұрғынға операция жасады. Ведомствоаралық топ жұмыс­тары­ның басқа бағыттары бойынша да патриотизмді көтеру, отбасылық құн­ды­лықтарды, ұлтаралық келісімді нығай­туға бейімдейтін ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы да бұл мәселелер туралы бірнеше рет айтқан болатын. Күн сайын әртүрлі аудитория алдында министрліктердің тәжірибелі басшылары, теологтар мен психологтар сөз сөйлейді. Негізінен, теологтар және дінтанушылар 11,6 мыңнан астам адамға экстремизм идеологиясының мәнін түсіндірді. Мектеп оқушыларына, студенттерге, кәмелетке жасы толмағандар инс­пекциясында есепте тұратын балаларға радикалдардың жас адамдарды өз қа­тарына қалай тартатыны, олардың идео­логиясы жастарға қалай әсер ете­тіні, тыйым салынған қызметтерге қатыс­қаны үшін қандай жауапкершілік туындайтыны түсіндірілді. Үстіміздегі жылдың 7 қазанында Ал­ға қаласында ауданның 80 жасөспірімі үшін футболдан аудандық турнир ұйым­дастырылды. Экстремизм мен лаңкес­тікті насихаттауға қарсы әрекет мақ­сатында интернетте лаңкестік бағы­тындағы 110 бейнематериал анықталды, олар оқшауландырылды немесе меншік иелерімен контентті өз бетімен жою туралы келіссөздер жүргізілді. Екі аудандық мешітке Алматыдан тәжірибелі имамдар тағайындалды. Барлығы 14 үлгілі имамды дайындап, мешітке 4 жаңа имамды тағайындау, 3 мешітті дінге сенушілер үшін үлгілі және ашық етіп жасау жоспарлануда, оның ішінде қайыр-садақаларды ашық санау да жүзеге асырылады. Мұғалжар ауданындағы «Нұртай» мешітіне бас имам болып Е.Жүсіпов, Темір ауданындағы «Досжан ишан» ме­ші­тіне М.Пірімқұлов тағайындалды. Олар­дың екеуінің де теологиялық жоға­ры білімі және имам болып істе­ген жұмыс тәжірибесі бар. Ақтөбе қала­сында «Үлгілі мешіт» ретінде «Қа­бақ баба» мешіті 150 діни сенімдегі адам­дарға таныстырылды. Аймақтың діни қызметкерлері санасында мешіт қызметкерінің үлгі бо­лар­лық тұлғасын қалыптастыру мақ­сатында «Имамның бір күні» атты бей­не­ролигі беріледі. Ақпараттық насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Күн сайын аптасына 5 рет, жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салын­ған), «Орындалмаған армандар қайда апа­рады?» және «Лаңкестік қаупі» атаулары­мен әлеуметтік бейнероликтер беріледі. Облыс басшылығының бастамасымен өңір бойынша «Есігімді қаққан кім?» спектаклін қоюмен театр гастролі жалғасуда. Қойылым Сирияға жихадқа кеткен және бәрінен айырылған отба­сының тағдыры туралы әңгімелейді. Мек­тептерде, колледждерде, еңбек ұжым­дарында, демалыс орындарында үс­тіміздегі жылдың 3 қазанынан «Шыр­мауық» спектаклінің жазбасын және тақырыптық бейнероликтерді көрсету басталды. Жергілікті БАҚ-тарға да әдісте­мелік көмек көрсетілуде. Оларға әкімші­лен­дірудің сайттары мен әдістерін жасау тегін үйретілді, бұл 8 өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарына интернет-ресурстар пішіміне көшуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, топ лаңкестік қаупі болғанда немесе актісі жасалғанда адамдарға өзін өзі салмақты ұстау дағдыларын қалыптастыруға ба­ғыт­талған профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта Темір және Хромтау аудандарының 3 мыңдай тұрғынымен үйретушілік кездесулері өтті. Оларға 4,5 мыңнан астам көрнекі кітапшалар таратылды. Бұдан басқа, күштік құрылымдардың жеке құрамы үшін аймақта 5 командалық-штабтық жаттығулар, 12 нұсқаулық және практикалық сабақтар өткізілді, туын­даған қауіптерге байланысты қимыл жасау және әзірлікті көтеруге бай­ланысты жергілікті құрылымдарға әдіс­те­мелік және тәжірибелік көмектер көрсе­тілді. Тұтастай алғанда, топтар барлық бағыттар бойынша мыңдаған әртүрлі шара өткізді, оларда 57 мың адам қам­тыл­ды және 1700 адамға көмек көрсе­тілді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы