• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Кешенді жұмыстардың кешіктірілмегені жөн

231 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» деген тақырыпта талқылау болды. Экономикалық саясат жө­ніндегі кеңес төрағасы Бей­біт Мам­раев бағдарламаны әзір­леу­шілер бизнес-климат пен мак­ро­эко­номикалық тұрақтылыққа ық­пал ететін мемлекеттік саясат ас­пектілері өте сезімтал екендігін, сон­дықтан да қолданыстағы заң­наманы жетілдіру керектігін алға тартты. Және де экономикалық өсім­нің жаңа бастауын қалып­тас­тыру қажет. Бұл тұрғыдан тамақ өндірісін дамыту экономика өсі­мінің жаңа драйвері болуға тиіс. Мемлекеттік қолдауды қажет ететін саланың әлеуеті зор. Сон­дай-ақ, экономиканың инновация­лық құрамы да артып келеді. 2003 жы­лы іске асырылған Иннова­циялық технологиялар паркінде қазір 149 компания тіркеліп, 3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған. Жалпы, парк қатысушылары тарапынан 19 миллиард теңге салынып отыр. Қазіргі таңда аталған аймақ инфрақұрылымының 80 пайызы салынып біткен. Алайда, аталған парк инно­вациялық өсім драйверіне, технологияларды коммерцияландыру те­тігіне айнала алмағандығына кеңес төрағасы ерекше екпін тү­сірді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдар­ламаны жүзеге асыруға қажетті ма­мандармен қамтамасыз етуі тиіс отан­дық жоғары оқу орындары инно­вация орталығы бола алмай отыр­ғаны өз алдына бөлек әңгіме. Еліміздің инновациялық өнім өндіру деңгейі ішкі жалпы өнімге шаққандағы көлемнің 1,5 пайызы ғана екен. Ал өркениетті елдерде бұл көрсеткіш ондаған есе жоғары. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев G20 саммитінде әлемдік экономиканы жандандыру шарасы ретінде жаңа индустриялық революцияға: цифрлық экономика мен инновацияға екпін беруді ұсынғаны белгілі. Бұдан кейін сөз алған Инвести­ция және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау 2010 жылдан бастап индустрия­ландыру бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқандығын тілге тиек етіп, 50-ге жуық заңға өзгерістер енгізілгендігін алға тартты. Тағы белгілі болғаны, шамамен 4 мың шақырым автомобиль және 1700 шақырым темір жолдар салынды немесе жаңғыртылды. Вице-министр металлургия мен азық-түлік өнеркәсібі салаларына өң­деу­ші саланың 26 жаңа секто­ры қосылғандығын жеткізді. Жал­пы, индустрияландыру картасы бойын­ша 6 жыл ішінде 4 триллион теңге сомасында 936 жоба іске қосылыпты. Сонымен қатар, 160 мың жаңа жұмыс орындары құ­рыл­­ған. Өңдеуші салаға 17,5 мил­­лиард АҚШ доллары болатын ті­келей инвестиция тартылса, бұл 2005-2014 жылдарғы барлық инвес­тициялардың 74 пайызын құрайды. А.Рау, сондай-ақ, екінші бес­жыл­дықты іске асыру жайын да тар­қатып айтып берді. Оның мәліме­тіне қарағанда, 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 753,5 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр екен. Бұл ретте, қаражаттар индикативті түрде салынған және бюджеттік заңнамаға сәйкес тиісті кезеңде нақтыланады. Өт­кен жылы бюджеттен бұл бағыт­та 134,9 миллиард теңге қарасты­рыл­ғаны да назардан тыс қалған жоқ. Әр­бір бюджеттік қаражат тең­­ге­сіне эконо­микаға 4 теңгеден кем емес жеке инвестиция тарту көз­де­ліп оты­рылғаны да аталмай қал­мады. Сондай-ақ, кеңес отырысында сөз алған энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау, Шым­кент және Павлодар мұнай өндеу зауыттарын жаңғырту жобалары аяқталуға жақын екендігіне сен­дірді. Аталған үш зауыт еліміз­дің ішкі нарығын 70 пайызға қанағаттандырса, қалған 30 пайызы сырттан тасылады. Жаңғырту жұмыстары біткен соң өнімдер толықтай өзімізде шығарылатыны ерекше аталды. Вице-министр мұнай-газ химиясы өнеркәсібіне индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,48 миллиард АҚШ дол­­лары сомасында 3 жоба іске асырыл­ғандығын да ортаға сала кетті. Оның сөзіне қарағанда, поли­эти­лен, параксилол, хош иісті көмір­­сутегілер, полмер сияқты өнім­­дерді өндіру жолға қойылған. Білім және ғылым вице-ми­нистрі Эльмира Суханбердиева бағдарламаға сәйкес машина жасау, металлургия, химия өнер­кәсібі, мұнай-химия, құрылыс мате­риалдарын, тағам өнімдерін өндіру сияқты алты басым саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2017 жыл­ға дейін 10 миллиард теңге бөлін­гендігін, бүгінгі таңда базалық ЖОО-ларда 4700 магистрант білім алуда екендігін ерекше ыжда­ғаттылықпен жеткізді. Жалпы, «Нұр Отан» партия­сы фракциясының хатшысы Н.Годунова, депутаттар, минис­тр­­ліктер жетекшілері мен өкілдері, жоғары оқу орындары мен ұлт­тық компания уәкілдері қатыс­қан кеңес отырысында еліміз­дің бірқатар жоғары оқу орын­дарының басшылары сөз алып, өз ой-пайымдарымен бөлісті. Соңы­нан депутаттар сұ­рақтар қойып, пікірлерін ортаға сал­ды. Нәти­жесінде талқылау қоры­­тындылары бойынша ұсыныс­тар қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»