Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ветеринариялық білім бойынша Халықаралық эпизоотиялық бюроның жаһандық конференциясы ұсыныстарын Орталық Азия аумағында жүзеге асыру туралы» тақырыбында бірінші аймақтық кеңес өтіп, оған ветеринарияға бағытталған жоғары оқу орындарының ресми өкілдері және Франция атынан Халықаралық эпизоотиялық бюроның делегаттары, ТМД-ның 11 мемлекетінен (Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Өзбекстан) өкілдер қатысты.
Жиынды Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, ветеринария саласындағы түйткілді мәселелерді ортаға салып, аталған бағытта университет тарапынан атқарылып жатқан инновациялық жобалар жайын баяндап, алдағы атқарылатын іс-шараларға тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Бүгінгі таңда адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін ветеринарлық медицинаның маңыздылығын қайта бағалау өте қиын. Себебі, адам мен жануарларға ортақ аурулар саны жыл сайын артып келеді, қоршаған орта факторлары мен дәрі-дәрмектердің әсеріне төзімді вирустар мен микроорганизмдердің жаңа штамдары пайда болуда.
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді!» деген қағида бар. Сондықтан, сапалы ветеринарлық білім беру мен білікті маман дайындаудың маңызы өте жоғары. Ветеринарлық білім беруді дамытудың инновациялық әдістерін талқылау дәл біздің оқу орнымызда өтуінің өзіндік себебі бар. Ветеринария саласында маман дайындауды университет 1929 жылдан бері жүргізіп келеді. Тек тәуелсіздік алған жылдардың өзінде университет қабырғасынан алты мыңнан астам ветеринар, ветеринар-санитар дәрігерлер, магистрлер мен PhD докторлар түлеп ұшты.
Университет Ветеринарлық медицина және Ветеринарлық санитария мамандықтары бойынша үш деңгейде білім беру бағдарламасын жүзеге асырады.Университеттегі Ветеринария факультеті халықаралық ғылым-білім беру кеңістігінде көптеген табыстарға жетуде. Қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс дамуда. Олардың қатарында Шығыс Финляндия университетінің, Ветеринарлық медицинаның Ганновер университеті, Ыстанбұл ветеринарлық университеті, Вагенинген университеті және т.б. бар», – деген ол әрі қарай ойын дамыта келе, оқу орнының базасында агротехникалық ХАБ өз жұмысын бастағанын ол мемлекеттің және жекеменшік сектордың ресурстарын бір арнаға шоғырландырып, оны ел үшін пайдалы, перспективасы
жоғары жобаларға бағыттайтынына тоқталды.
Ғылыми басқосуда көптеген мәселелер қарастырылды. ТМД елдерінде және Орталық Азия аумағында ветеринариялық білім берудегі жағдай талданып, сонымен қатар ветеринариялық оқу орындарын бітірушілерінің құзыреттілігіне қойылатын Халықаралық эпизоотиялық бюросының ұсыныстарын қарастыру және ветеринариялық білім ветеринариялық беру бойынша Халықаралық эпизоотиялық бюросының негізгі концептуалды бағдарламасын ұсыну мәселесі көтерілді, деп хабарлады ҚазҰАУ-дің баспасөз қызметі.