Инженер-механик және заңгер мамандықтары бойынша мол тәжірибе жинақтаған Александр Топченко кәсіпкерліктің де қыр-сырын меңгеріп, патенттелген бірнеше озық жобаның иегері атанып отыр. Оны теріскейдің қытымыр қысында, бет қаратпайтын саршұнақ аязында ертелі-кеш көмір тасып, от жағумен күндері өтетін мектептер мен ауруханалардың мәселесі көптен бері толғандыратын. Осыдан төрт жыл бұрын өзі бас болып, «СапроНАТ» ЖШС-ін құрғанда алдына мұғалімдер мен дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жеңілдетсем деген мақсат қойған. Уақыт ағымына ыңғайлы инновациялық идеялар мен тың бастамаларға сүйенгенімен, бастапқыда қиналғаны рас. Әсіресе, қаражат жағынан тапшылық көріп, қанша талпынса да, ізгі ойлар қағаз жүзінде қала берген. Тек мемлекеттік қолдаудың арқасында 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпкерлік ісін бастауға мүмкіндік туған.
Серіктестік әу баста көлдердің түбіне шөккен сапропель тұнбасынан тыңайтқыш өндіру мақсатымен құрылған болатын. Мұндай ойға Александр Витальевичті табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімі жетелеген. Осы себепті зиянды заттар ауа бассейнінің былғануына қаншалықты әсер ететінін, қанша көмір жағылатынын, от жағушылардың қолмен атқарылатын ауыр еңбегінің мехнатын зерттей келіп, бизнеске де, қоғамға да пайдалы жолын тапқан.
– Заманауи қазандықтарды шетелде бұрыннан пайдаланады. Бірақ олардың автоматтандырылған құрылғылары да, сервистік қызмет көрсетуі де біздің тұтынушылар үшін тым қымбат. Сондықтан біз өңіріміздің климаттық жағдайын, қолдануға ыңғайлы отын түрлерін, тұрғындардың әлеуетін ескере отырып, отандық өнім жасауға мамандандық. Жыл өткен сайын тапсырыс көлемі ұлғайып келеді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде серіктестік қуатты қондырғылардың технологиясын игеруде, сатылым ортасын айқындауда, кадр мәселесін шешуде бірегей кәсіпорын саналады. Қуаттылығы әртүрлі жылу тарататын қазандық пен пештің 12 түрін жасап, екі жүзге жуығын сатқан. Ал, авторлық өнім болып табылатын модульді қазандықтардың 20-сына тапсырыс беріліп, сапалы орындалған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 200 бірлікке жеткізбек. Алматылық кәсіпкерлер қаржы құйып, шағын пештер жасауға басымдық бермек. Өйткені, өнімнің осы түріне сұраныс көп. Құнын бөліп төлеу ықтималдығы да қарастырылған.
– Қазір аумағы үлкен нысандарға мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында модульді қазандықтар орнатып жатырмыз. Қазандық жүйесін, отын сақтайтын, күл үйетін ғимараттардың құрылысын өз күшімізбен атқарамыз. Өңірдің әлі 400 қазандыққа тапсырыс алу мүмкіндігі бар, – дейді Александр Топченко.
«СапроНАТ» өнімдеріне Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар облыстарынан тапсырыс беріп жатқандар аз емес. 20 мекеменің сұранысын қанағаттандырған. Олар үшін сапронаттықтармен жұмыс істеу қолайлы. Өйткені, бюджеттік ұйымдар заманауи үлгідегі жылыту жүйесін орнату үшін жергілікті қазынаға тәуелді. Екіншіден, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, оны мақұлдау, тендер арқылы мердігерді анықтау көп уақытты қажет етеді. «СапроНАТ» бұл мәселелерді тез тындырып, қазандықты бір айдың ішінде орнатып беруге қауқарлы. Алдағы мақсат – монополист субъектілер қатарына қосылу. Отандық қазандықтардың экологиялық және экономикалық пайдалылығы өте зор екенін тапсырыс берушілер ерекше ризашылықпен айтады. Заманның техникалық даму үрдісіне ілесу басты талап екенін Александр Витальевич жақсы түсінеді. Біздің мектепке жаңа қазандық қойылып, жұмысымыз жеңілденіп сала берді. Жұмсалатын шығын әлдеқайда азайып, жылу беру тұрақталды. Бұған дейін ғимаратты жылыту үлкен машақат болатын. Көктемге дейін көмір таусылып, от жағушылар ысқа қақталып жататын. Енді ондай күндер ұмытылды, дейді мектеп директорлары.
Әлеуметтік нысандар адам көп шоғырланатын жер болғандықтан, қазандықтардың экологиялық тиімділігі айрықша сезіледі. Мәселен, Аққайың ауданы Астрахан орта мектебі қоршаған ортаға шығарылған күлқоқыс үшін жылына 700 мың теңге эмиссия төлемін жасайтын. Қазір бұл шығын 7 есеге кеміген. Сол сияқты, мектеп жанында жиі отын тасып, күл шығарып жүрген адам байқалмайды. Себебі, қазандыққа бір салып қойған көмір бірнеше күнге жетеді. Тағы бір артықшылығы – үнемділігінде. Енді 700 тоннаның орнына 300 тонна көмір жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, отын – 2, күл 5 есеге қысқарып, қоршаған ортаға залал әлдеқайда төмендеген. Серіктестік өз өнімдерін үш жыл кепілдікпен ұсынады. Пайдалану мерзімі– 10-15 жыл. Жуырда желдің көмегімен жұмыс істейтін қазандықтың технологиялық жобасы жасалып, инновациялық идеялар тиісті орындар тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу құрметіне ие болды. Беделді жиында «Дәстүрлі энергетиканың жаңа технологиясы» аталымы бойынша өз өнімдерін көрсетеді. Онда автоматтандырылған жылыту жүйесінің сорғылары, компьютерлік желі жел арқылы өндірілген қуаттан энергия алып, жұмыс істейтін болады. Бұл – аталмыш кәсіпорынның патенттелген тағы бір озық жобасы. Кәсіпорын «Болашақтың ауылы» жобасына да қатыспақ. Ондағы мақсат – сапропель шөгінділері бар көлдер маңайында тыңайтқыш өндіретін шаруашылықтар құру, жылыжай кәсібін, балық шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Табиғи тыңайтқыш, экологиялық таза өнім, жұмыс орны «Болашақтың ауылы» жобасының талаптарына толық сәйкес келетіндіктен, ұтымды идеялардың орындалары күмәнсіз. Бұдан тысқары күл қалдықтарынан кірпіш жасау жоспарланған.
«СапроНАТ» ЖШС-нде 30 адам жұмыс істейді. Орташа айлық еңбекақы 100 мың теңгені құрайды. Александр Витальевичті білетіндер оны уәдеге берік іскер азамат, жаңашыл басшы ретінде бағалайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»,
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ