• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

ХХI ғасыр кітапханасы

629 рет
көрсетілді

Ол қандай болу керек? Алматы қаласының орталық­танды­рылған кітапханалар жүйесі – мәдени астанадағы 23 руханият ордасының басын біріктіріп отырған мекеме. Миллионға жуық  маңызды кітап қоры қалыптасқан жүйенің 90 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Оның ішінде он бес жасқа дейінгі 45 346 жас­өспірім керегін тауып қайтатын құтты шаңыраққа айналған. Қазіргі күні орталықтандырылған жүйе бойынша 154 кітапханашы кітап­құмар­ларға қызмет көрсетуде. Жыл сайынғы оқу мен ізденуге берілетін кі­тап­тар саны 1 743 247 дананы құрап отыр. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырманға қызмет көрсетуін жетілдіру мақсатында түрлі бағыттағы ізде­ніс­терге кең жол ашылған. Әсіресе, елі­міз­дің барлық аймағындағы әмбе­бап, көп­шілік кітапханалар мен жақын шет­елдердегі әріптестермен тәжі­рибе алмасу жұмыстары үнемі жүр­гізі­леді. Күні кеше ғана Алматы қала­сы әкімдігінің қолдауымен «ХХІ ғасыр кітап­ханасы қандай болу керек? Кітаппен – болашаққа» атты екі күндік конференция ұйым­дастырылды. Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы, мегаполистің 1000 жылдығы және С. Бегалин атындағы балалар кітапханасының 65 жылдығына орайластырылған бұл шараға облыстардан бө­­лек, ТМД елдерінен арнайы қонақтар келді. – Болашақтағы кітапхана қан­дай болуы керек? Бұл сұрақ тек кітап­хана­шыларды ғана емес, жалпы қоғамды толғандырып отыр. Өркениет заманында қағаз өнімдеріне сұраныс азайғанымен оқып, білуге, ақпарат алуға деген ынта-ықылас еш толастамайтыны анық. Біз де өз жұмысымызды жандандырып, инновациялық бағытта дамыту үстіндеміз. Өзіміздегі үлгілі жұ­мыстарды әріптестердің тезіне салып, өз­гелердің өнегесінен үйреніп отыруымыз шарт. Қалалық кітапхана болсақ та, халықаралық ауқымдағы конференция­ны ізгі мақсатпен өткіздік, – дейді іс-ша­раның маңызына тоқталған Алматы қа­ласы орталықтандырылған кітапханалар жү­йесінің директоры Роза Қабиева. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ