• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Жүректегі нұр

534 рет
көрсетілді

Ұстазға хат Уақыт деген қандай ұшқыр еді, қадірлі ұстаз – Рафика Бекенқызы! Күні кеше сияқты еді, енді мен де алпыстан асып, тоқсанға келген ұстазыма шәкірттік сезіммен, риза көңілмен хат жазып отырмын. Дәл осы сәт Ленин орденді ұстазым, марқұм Әлия Дүйсенованың жарқын жүзі көз алдымда тұр. Тоқсанға келгенде ол кісіге де Қазақ радиосынан шәкірттік көңіл-күйімді білдіріп, радио-хат жазып едім. Енді сізге де ұлтымыздың үні «Егемен» арқылы көзден де, көңілден де кетпейтін сәттер туралы сыр толғамақпын. 1964 жылдың күзі еді. Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебіне ауылдан жаңа ауысып келген едім. Сонда Сіз «тіл – тірек, ұшқыр жүрек, күшті білек жас жігітті шыңдайды, спортыңнан да қал­ма, бірақ біліміңді аңда» деп маңдайымнан сипап едіңіз. Сіздің сол жылы алақаныңыздың табын әлі күнге сезінгендеймін. Кейде фотосуреттерді ақтарыс­ты­­рып отырып, мектебіміздегі айту­лы оқиғалардың көріністерін көріп, ұс­таз­дарымды еске аламын. Жа­қын­­да тел­едидарға шығып, атақты ұс­таз Дә­ме­лі Данияровамен бірге ба­ла тәр­бие­сі, отбасының рөлі туралы келелі әңгімеге қатыстым. Сонда сіз туралы да өз пікірімізді айтуға тырыстық. Рафика Нұртазина кім?! Уақыт алмасады, шәкірттер өзгереді. Бұл заң­ды. Бірақ қазақ педагогика­сы­ның тарихына есімі алтын әріппен жазыл­ған адамның ұстаздық жолы, абырой­лы еңбегі ұмытылар ма?! Сондықтан да сіз, қадірлі Рафика Бекенқызы, мың­даған шәкірттердің жүрегіне нұр құйдыңыз, өмір жолын айқындауға бағыт-бағдар сілтедіңіз, өзіңіздің ізбасар шәкірттеріңізді тәрбиеледіңіз. Қарапайым ұстаздан ірі қоғам қайрат­кері дәрежесіне көтерілдіңіз. Мә­селен, Социалистік Еңбек Ері атан­ды­ңыз, Қазақстанның халық ағарту жүйесінің озаты, Алматы қаласының құрметті азаматы деген атақтардың әрқайсысының көтерер жүгі де, айтар сыры да мол. Бүгінге дейін қазақтың интеллектуалды мектептерінің үлгісі болып келе жатқан №12 қазақ орта мектебін басқардыңыз. Ұстаздық жүрек, аналық махаббат сізді әркез ізденуге бастады. Сондық­тан да педагогика саласына ден қой­ды­ңыз. Алматыдағы №12 қазақ орта мектебі сіз басқарып жүр­ген кезеңде аты танылып, бүкілодақ­тық марапат­тарға ие болды. Осы кезеңдерде сіз­дің қоғамдық қыз­метіңіз де жарқырап көрінді. Төрт мәрте Алматы қаласы­ның депутаты атандыңыз. Бүкілодақ­тық мұғалім­дер съезіне делегат бол­дыңыз. Мұ­ның бәрі сіздің ой-жүйе­ңіздің өсіп қана қоймай, қазақ мек­тебінің бәсе­келі ортаға лайықты білім ордасына айналуына жол ашты. Сон­дықтан да күні бүгінге дейін сіз жаз­ған «Қы­зықты грамматика». «Фонетика», «Қызықты грамматика. Мор­фо­логия», «Қызықты грамматика. Син­таксис» атты үш кітабыңыз ға­лым педагогтардың ғана емес, оқу­шы­лар­дың да, ата-аналардың да қы­зы­ғу­шы­лығын туғызған ғылыми-көпші­лік кітапқа айналды. Бұрын-соң­ды мұндай танымдық кітаптар Қазақ­стан мектептерінде мүлде бол­ған емес. Осындай сәттерде «Мынау кім? Бұл не?» атты энциклопедия жарық көрді. Сіз осы басылымның алқа мүшесі атандыңыз. Дидактика­лық мақалаларды біріктіріп, толық­қанды «Қызықты грамматика» жеке кітап болып жарияланды. Қоғамдық ой-сана жаңа өске­лең ұрпақтың қалыптасуына жол ашты. Сондықтан да сіз мемлекеттік тілді үйрету мақсатында Қазақ радио­сын­да арнайы сабақ жүргіздіңіз. Осылай 12 аудиотаспадан тұратын «Қазақша сөйлейміз» атты жиын­тық оқулық жарияланды. Сіз мемлекеттік тілдің мәртебе­сін көтеру мақсатында біршама жаңа ұстанымдар айтып қана қой­май, оның жүзеге асырылуына күш салдыңыз. «Қызмет ету саласы қа­рым-қатынасына арналған тілашар» атты авторлық кітапша сол кезеңнің сұраныстарына жауап берді. 1998 жылы Сорос-Қазақстан қо­ры мен Білім және ғылым ми­нистр­лігінің «Басқа тілдерде сөй­леу­ші­лер­ге арналған қазақ тілі» кон­курсы аясын­да «Мирастың кі­та­бы» атты грант­пен шыққан еңбек сіздің өзіңіз­дің шә­кірті­ңіз Л.Ас­қармен бірге жа­зылуы ерекше үр­діс болды. Бұл әлем­ді тану үстін­дегі баланың қия­лын оздыра­тын, сызбалар арқылы әлемді «тани­тын», өлеңдер, жаңылт­паш­тар, жұм­бақтар арқылы қиялды кеңі­тетін тың ізденістер болды. Бұл ата-аналар, педагогтар тарапынан кең қолдау тапты. Сіз өзіңіздің жас шәкірттеріңіз­ді қасыңызға топтастырып, жинақ­таған тәжірибелеріңізді бөлісіп, тиісті оқу-құралдарымен, ғылыми басылым­дар­мен таныстырып, бірнеше кітаптар жаздыңыз. Мәселен, «Наурыз», «Құр­бан айт», «Дүниеге сәби келді», «Ора­за айт», «Рамазан айы» атты сы­ныптардан тыс оқуға арналған кітапшалар топтамасы ерекше мәнге ие. Үнемі ой, үнемі ізденіс, үнемі тану үстінде жүретін сіздей ұстаз бар кезде шәкірт те білімпаз, шәкірт те ізденгіш болатыны анық. Кеше ғана дүниеден өткен, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз сізді орыс, украин жұртының Лев Толстой, Ушинский, Макаренко, Сухомлинский, қазақтың Ыбырай Ал­тын­сарин, Спандияр Көбей, Құ­маш Нұрғалиев сияқты атақты педа­гог­тарының қатарына қосып, «ұстаз-қайраткер, қоғамның биік баспал­дағына көтерілген аналардың бірі де, бірегейі де осы – Рафика Бекенқызы» деп еді. Расында, сіз ұлттық тәр­биенің мәйегіне айналған, жүрегінде нұры бар, халқының сыры бар, ақыл-ойдың ардақтысы болып қала бересіз. Сіз жаққан шырақ сөнбейді... Уәлихан ҚАЛИЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы.