• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Халықтар достығына арналды

524 рет
көрсетілді

Кеше Экономикалық қыл­мыс­­қа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігі Қаржы по­лициясының ака­де­мия­сында ха­лықтар достығы мен татулығын паш еткен үлкен жиын болып өтті. Онда академия бас­шы­лы­ғының ұйым­дас­тыруымен «Вайнах» ұлттық-мә­дени орталы­ғы­ның жетекшісі Салман Героев академияның оқытушы-профес­сор­лық құ­ра­мы­мен және тың­дау­шылармен кездесті. Кездесуді ашқан академия басшысы Марат Бәшімов еліміздегі халықтар достығының шы­найы да мызғымас үлгісі ретінде танылған «Вайнах» ұлттық-мә­дени орталығының Қазақ­стан­да­ғы осы кезге дейінгі игілікті іске қосқан үлесі мен атқарып жат­қан жұмыстары туралы жан-жақты ай­тып өтті. Біздің еліміздегі ха­лықтар арасында, ең алдымен дос­тық, татулық бір-бірін ерекше сыйлау мен құр­меттеу дәстүрі етек алған. Сон­дықтан да мұндай қастерлі де қасиетті өнегені кейінгі ұрпаққа жалғастыру – парыз Өйткені, бір­лік болған жерде тірлік бо­латынын біздің ата-бабамыз анық түсінген. Мемлекетіміздің де басты саясаты халықтар дос­тығын кеңінен қолдау болып та­былады. Ендеше құқық қорғау саласында ертең үлкен өмірге ара­ласатын біздің қазіргі тың­дау­шыларымыз достық жібін одан әрі нығайтып, жалғастыра түсуі тиіс деген академия бас­шысы келесі сөзді Астана қа­ласындағы «Вайнах» ұлттық-мә­де­ни орталы­ғы­ның жетекшісіне берді. Салман Героев өз сөзінде аталған орталық мұнда сонау 1990 жылдардың ортасында құ­рылғандығын атап өтті. Одан әрі ол Қазақстан халқы Ассам­блея­сы туралы, Астана қаласындағы жақ­сы істер жөнінде кеңінен әңгі­мелеп берді. Сонымен қатар өзде­рінің ұлттық мәдени дәстүр­лерін насихаттау мүмкіндігі туған­ды­ғына алғыс білдірді. Біз бәріміз де Қазақстанда тұрып жатқан тең құқылы ха­лық­пыз. Біз этномәдени ұйым­да­рымызды құруға, мәдение­ті­мізді, тілімізді, салт-дәстүр­ле­рімізді қа­лауы­мызша дамыта аламыз. Бұ­рын мұндай болған жоқ. Тіпті бес-алты адам болып жиналып, ішкі мәселелерімізді талқылауға тыйым салынатын. Ал қазір бәріне мүмкіндік бар. Біздің адамдық құ­қымыз бен бос­тандығымыз нақты заң жү­зінде қорғалатын болды. Осы­ның бәрі ел тәуелсіздігінің, мемлекетіміздің ұстанған сын­дарлы саясатының арқасы деп білемін. Осы көпқырлы сая­са­ты­мыздың нәтижесінде біз бүкіл әлемге танылдық. Оған өткен жылдың аяғында өткізілген Астана Саммиті куә, үстіміздегі жылы өткізілген Қысқы Азиада ойын­дары нақты мысал бола алады деген Салман Героев Қазақстанда адам, оның жақсы да ауқатты тұр­мысы мен тату-тәтті өмірі үшін атқарылған орасан зор істерді мысалға келтірді. Осы жетіс­тіктердің түп-тірегі бұл халықтар достығы, олардың мызғымас та­тулығы мен әр­қашанда бір-бірін құрмет тұ­тушылығы деп түйін­деген оның ойын «Вайнах» би ансамблі іліп әкетті. Би ансамблінің ұлттық киімде малынып шыққан жастары жа­лынды би лезгинканы дөң­геленте жөнелгенде бар тың­даушы қол соқты. Қап тауын­дағы шап­шаң­дық пен ептілікті, жүректілік пен жігерлілікті ай­шықтайтын ырғақ­ты би дәстүрі әр халықтың жа­нына жақын екен­дігін паш етті. Әрине, әр кавказ халқында ол өзінше кө­рініс алатыны белгілі. Дегенмен шаршамайтын ептілікті байқа­татын жарыс биі виртуозды өнерді де білдіреді. Бұдан әрі әр жүректі жаулаған «Приглашение», «Бясте» билері орын­далды. Жалпы аталған орталық жанында халық билерінің ансамблі жұмыс істейді. Оған «Халықтық» деген атақ берілген және рес­пуб­ли­калық «Шабыт» бай­қа­уы­ның лауреаты болып табылады. Осын­дай сындарлы кездесу барысында ұлттық өнер­лерімен тәнті еткен «Вайнах» ұлттық-мәдени орталы­ғы еліміздегі халықтар достығы­ның шынайы бір үлгісін көрсетті. Александр ТАСБОЛАТОВ.