• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Тағдырымыз елімізбен тамырлас

538 рет
көрсетілді

Құранда «Жақсылық пен жамандық бір Алладан» деген аят бар. Оны қазақта «пешене» дейді. О бастан ата-бабаларымыз «Маңдайға не жазса, соны көресің» деп өткен. Ал қияметке дейін үзілмейтін жақсылық пен жамандық пенделердің ниеті мен амалдарына қарай беріледі. Сол тәрізді біздің қазақ халқының тағдыры өз Отанымыздағы ахуалмен тікелей байланысты. Дүниені ұстап тұрған бес себеп бар. Халқының әділ басшысы, ғұламалар білімі, қуаттының жо­март­тығы, кедейлердің дұға-тілегі. Алғашқысы – әділ басшы. Ол – Алланың аманаты мен адал­дығына бекем дара тұлға. Ал енді осы төртеуінің басын бір жерге түйістірген «Қазағыма жақсылық бере гөр!» деп көз жасымен тілеп өткен бабалар баталарының шарапаты! Елінің еркіндігі мен халқының ынтымағын көксеген аталарымыздың дұға шарапаты бүгінгі таңда ат үстіндегі азаматтарды желеп-жебей берсін дейік. «Иншалласыз» ісін бастамаған қазақ, бұл сөздің Құранға жанасарын білгендей. Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) алдына сауалмен келген адам­дарға «Ертең жауап беремін» деп айтқанда, Жебірейіл періште он бес күннен кейін пайғамбардың «Иншалла» деп айт­па­ғаны үшін осыншама уа­қытқа кешіккендігі туралы хабар бергендігі «Кахф» сүресінде баяндалады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз үш адамға, яғни жолда және қиындықта қалушыға, ата-ана мен үлкен кісілерге жақсылық жасауды бұйырған. Эко­но­ми­камыз­дың өркенімен жыл сайын қарттар­дың зей­нет­ақысы жоғарылап, биылғы жылы 30 пайызға кө­терілді. Бұл – үлкендерімізге үлкен қуаныш пен құр­мет. Жұмысқа жарамсыз, сал мүгедектердің күнкөріс төлемақылары жарты жыл сайын үстемеленуде. Жолда бейнетке түсіп, қаржы және ем – дәрілік көмекке қажет болғандарға аэромобильді тікұшақтармен кө­мек ету жағдайы белгіленген. Қазақтың санын көбей­туде әр туған балаларына қарай отбасындағы жас аналарға ынталандыру төлемақылары тағы бар. Ата-баба дәстүрімен әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері еліміздің төріне дөңгелене жи­на­лып, дін­дер­аралық және ұлтаралық қатынасқа сый­ластық пен түсіністікті құрақ етуге шақы­рылып жүр. Кезінде Мұ­хам­мед (с.ғ.с.) пайғам­ба­рымыз Хұдайбия жерінде кәпір­лермен он жылға соғыспау туралы келісімге келген. Одан сол ке­зеңде мұ­сыл­ман жамағаты көп жеңіске жетті. Ол жылдар мұ­сылмандардың алға басу кезеңі болды. Жуырда ғана елімізде Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше мемлекет­тердің басшылары ат тізгіндете бас қосқан Астана саммиті дү­ние­лік тарихқа алтын әріппен мәңгілікке қа­ша­лып жа­зылды. «Бір ел мен жерге алыстан не жа­қыннан қонақ келсе, өзімен бірге қырық несібесін ала келеді. Қы­рық­тың бір бөлігін өзі жеп, қалғанын сол мекенге қал­ды­рады», – деген хадис бар. Не болмаса күні кеше Азия ой­ындарында саламатты өмір салтының туын салтанатпен тігуі үлкен дә­реже. Осының бәріне Қазақстан бір­лігінің, тұтас­ты­ғының, бір тудың астына жиналуы­ның арқа­сын­да қол жеткізді. Түрлі бағыттағы табыс­та­рымыз жылма-жыл арта берсін. Алла тағала соған нәсіп етсін. Нұрлан АСАНОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Жезқазған аймақтық өкіл имамы. Жезқазған.