• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Наиль НҰРОВ: «Қонақтарға Алматының апортын ұсынамыз»

448 рет
көрсетілді

Екі күннен соң Алматыда «Қысқы Универсиада-2017» алауын жағады. Ақ ұлпаға жамылған Алатаудың бөк­тері – әсем қала Алматы ұлы дүбірдің бас­талуын асыға күтуде. Осыған орай газет тілшісі Универсиадаға дайын­дық және оны өткізу жөніндегі дирекция­ның жетекшісі Наиль НҰРОВПЕН әңгіме­лес­кен еді. – Наил Фаридұлы, осыдан үш ай бұрынғы «Егеменнің» бетіндегі әңгімемізде Алматы­дағы негізгі спорт кешендері спорт жарысына 95 пайыз дайын деген деректі алға тар­тып едіңіз. Дәл бүгінгі қар­саң­дағы көңіл-күйіңіздің қандай екенін білгіміз келеді? – Рахмет. Көңіл-күй ойдағы­дай. Кешегі түскен қар да, шым-шым қысқан аяз да масаттандырып қойды. Әрине, сайысқа түскелі тұрған кез келген спортшыға тән аздаған қобалжушылық бар. Онсыз болмайды ғой. Ол кезде дайындық 95 пайыз десем, бүгін 100 пайыз деп айта аламын. Спорт­шылардың нағыз жігерін жанып, өнерін көрсететін негізгі орын «Алматы Арена», сондай-ақ «Халық Арена», Атлеттер ауылы­ның, яғни спортшылар қалашы­ғының құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында-ақ толықтай аяқ­талып, пайдалануға берілген. Алма­тылықтар онда дүрілдеп өткен Қайрат Нұртастың ән кешін әлі де ұмытпаған шығар. Атақты бокс­шы Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы жекпе-жегі де сонда өтті. Өйткені, біз үлкен жарыс ал­дында судай жаңа салынған спорт сарайларымызды нағыз халық­тық шынайы дүбірмен сынап ал­ғанды жөн санадық. Сөйттік те, спорт сара­йы­ның есігін айқара ашып қой­дық, жас спортшылар жат­тықты, көрермендер сарайдың сән-са­л­­та­натымен танысып, мұз ай­ды­нында емін-еркін сырғанақ тепті. Сонымен қатар, Атлеттер ауылы­ның әрбiр бөлмесi спортшы­ларға керектi мүлiк-жабдықтар­мен түгелдей толықтырылды. Бұл өзі нағыз біздіңше – ноу-хау! Олим­пиадалық ауылдың комму­никациялық қызметін тексеру үшін Алматыдағы жо­ғары оқу орындарының 3 мың­ға жуық студентiн сонда қоныс­тандырдық. Студенттер сол жерде жата-жастана жүріп, жылу жүйесi мен коммуникациялық желінің сапасын, жуынатын бөлме мен ас үйдiң қызмет аясын, тiптi үтiк­тiң дұрыс қызатындығына дейiн тексеруден өткiздi. Мұның бар­лы­ғы да ертең елімізге алғаш рет ат басын бұрып келетін шетел­дік сту­дент-жастардың жарыс­қа алаң­сыз күш салуына жағдай жасау дер едім. Көңілдерінде Қа­зақ­стан туралы жақсы пікірлер қалса екен деген мақсаттағы игі істер. Айтпақшы, қала­шықтың өз мэрі бар, хабар­дар шығар­сыз­дар, ол спорт жұлдызы – бокстан Олим­пиада чемпионы Серік Сәпиев. – Сонымен, Универсиада ашылған күні Алма­ты­ға қанша елден қанша спорт­­­шы келетін болды? Бүгін­­гі таңда олар­дың саны мен мем­­лекет­тер­дің аты-жөні анық­талып қойған шығар? – О баста күткеніміз 59 мем­лекет­тің спортшылары еді, дәл күні бүгінге бұл цифр 57 саны­мен тоқтап тұр. Осыншама мемле­кет­тен спортшылар келетіні туралы нақты құжат біздің қолымызда тұр. Универсиада тарихында бұл көрсеткіш рекорд саналып отыр­ғанын екінің бірі білер ме екен?! Бауырлас Түркия еліндегі әлем­дік осы жарысқа 52 мемлекет­тің спорт­шы жастары келген бола­тын. Өз ойым, Қазақстанда өте­­тін қысқы Универсиада осы тұр­ғыдан алып қарағанда, ең ал­ды­мен, баршаға тиімді әрі жайлы­лығымен ерекшеленейін деп тұр. Бұл жолы Алматыда барлығы 2 мыңнан астам спортшы бас қоса­ды. Олардың алғашқы легі ша­һа­рымызға келіп те қойды. Ту­ристер көп. Тағы бір айтарым, біздің Алматыға алғаш аяқ басқан меймандарға ұсынатын нан мен тұзымыз – Алматының апорты. Алматының алмасының бір рет дәмін татқан адам келесі жолы мұнда міндетті түрде айналып соққы­лары келері даусыз. Ал енді, алдын ала хабарлап қойғаны­мыздай – жарыстар сегіз алаңда, қысқы спорттың он екі түрінен өтеді. Атап айтсам: шайбалы хоккей, тау шаң­ғысы, шаңғы жарыс, биатлон, мәнер­леп сырға­нау, шорт-трек, кер­линг, сноу­борд, фристайл, трамп­лин­нен шаң­ғы­мен секіру, шаңғы және коньки спортынан бәсеке. – Рет жағынан 28-ші рет өткізіліп тұр­ған әлемдік жарыс­тың өзге де ерек­шелік­тері тура­лы не айтар едіңіз? – Бір басты ерекшелік – біз жарыс алауына қатысты шара­ны шектемедік. Универсиада­ның бір алауы бір жерде ғана жанбайды. Жарыс алауы елі­міздің барлық бұрышында тұта­тылады. Аймақтағы ең таң­даулы спортшыларымыз тасы­мал­даған Универсиада алауы Алматыға салтанатпен әкелінеді. Универсиада ашылатын күні жан-жақтан жеткізілген 16 алау Алматыда үлкен бір жалынға айналады. Мұның рухани тәрбиелік мәні – Қазақстан халқының бірлігі. Алматыда 29 қаңтар күні өтетін Алау эстафетасына 100 адам қатысып, 20 шақырымдық маршрутпен жүгіріп өтеді. Жал­пы, Универсиада алауы 22500 шақы­рым жол жүріп келіп, оның 200 шақырымында алау қолда болатынын да айтар едім. – Халық көп қатысатын мұндай спорт­тық шаралар­дың қауіпсіздігі мен ал­ғашқы дәрігерлік көмек секілді өзге де та­лап­тар­дың алдыңғы лекте жүретіні бар... – Оныңыз рас, бұл арада мен ең алдымен бүгінде біздің құлағымыз үйреніп, етіміз көндіге бастаған допинг жайына тоқталар едім. Бұл – бәріміздің ерекше назарда ұстайтын мәселеміз. Спорттық жарыс өтетін әрбір нысанда тиісті стансалар жұмыс істейді, ал «Олимпиадалық қала­шықта» – Атлеттер ауылында Уни­версиаданың командалық антидопингтік орталығы жұмыс істейді. Допингті бақылау тәр­­тібі Әлемдік антидопингтік кодекс­тің және Тестілеудің халық­ара­лық стандарттары талап­тары­на сай жүргізіледі. Сол сияқ­ты алдын ала арнайы жылу сезгіш қондырғыларды сатып алғанымыз туралы да айта кетейін. Олар Алматы мен Астананың халы­қ­аралық әуежайларында орна­лас­тырылды. «Ыстығы көтеріл­ген» меймандар болса, бірден байқаймыз. Бірден көмек көрсе­теміз. Спорт жарыстары өтетін бар­лық алаңдар мен сарайларда күшейтілген «Жедел жәрдем» бригадалары қалтқысыз қызмет күзетінде тұр. Ал Атлеттар қала­сында амбулаториялық-меди­цина­лық орталық бар. Мұның сыртында 2 санитарлық тік­­ұша­ғы­мыз кез келген сәтте көкке көтері­лу­­ге әзір. Бір сөзбен айтқанда, «Уни­вер­­сиада-2017» қызығын бірге бөлісейік, асығыңыздар, ағайын­дар», дер едім. Билет сатып алы­ңыздар. Алматының дүние­жүзі­лік маңызы бар бұл жарысын бар­шаның есінде ұмытылмастай етіп қалуына ат салысайық! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ