Атырау облысындағы көне қала Сарайшықтың орнын сақтап қалуға байланысты атқарылып жатқан шаралар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Жыл санап Жайық суы шайып, ескі шаһардың қоршауы құлап жатқаны жайында «Егемен Қазақстан» газеті (01.02.2017) бетінде жазған едік. Ел газетінде көтерілген мәселе құзырлы орындар тарапынан қолдау тапты. Бабалар аманатын қорғап, келер ұрпаққа мұра ету мәселесін Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Хан ордалы Сарайшық» тарихи-мәдени кешенінің жұмысымен танысты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен Сарайшық мәселесіне арналған кеңейтілген кеңеске қатысты.
– Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Тараз қаласында ашық археологиялық музей жасадық. Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени астанасы деп наурыз айында үлкен шара өткізгелі отырмыз. Мұның бәрі дүние жүзі таң қалатындай сәулетіміздің барын көрсетуге бағытталған. 2015 жылы еліміздегі сегіз қала «Ұлы Жібек жолы» аталымына енді. Қытай, Қырғызстан мемлекеттерімен бірлесіп керуен жолына кіретін қалалардың тізімін дайындадық. Қазір осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласын әрі қарай әрлендіруге министрлік мүдделі және облыстық әкімшілік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқанына куә болдық, деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сарайшықты сақтап қалу жұмыстарына облыстық әкімдік 1 млрд 600 млн теңге қаржы бөлген. Қазір жаға бекітіліп жатыр. Тым болмағанда көне қаланың жер бетінде қалған бөлігін су шайып кетпеуіне тосқауыл қоя алсақ жақсы.
Бағзы заманның көзі болған қалаға 20 жылға жуық уақыт бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Астана бөлімшесінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев жер телімдерін заңдастыру мәселесіне назар аудару керектігін айтты. «Қаланың нақты аумағын белгілеу қажет. 1997 жылы орталық бөлігін анық тадық, одан бері де біраз уақыт өтті, көп нәрсені су шайды. 1989 жылдан бері қарай 60 метр жер Жайыққа жұтылып кетті. Қанша тарихи жәдігерлерімізді жоғалтып алдық? «Хан ордалы Сарайшық» кешеніндегі музейді кеңейту мәселесі де ұмыт қалмағаны жөн. Туристік-музейлік инфрақұрылымды дамыту керек», – дейді археолог.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек Махуов оң жақ жағалаудың су әсерінен шайылып, Жайық өзені арнасының қалашық орнына қарай жылжуына байланысты жаға бекіту жұмыстарының жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Қазір нысан басында қадалар қағылып жатыр. Жоба бойынша Сарайшық ауылы іргесінен ұзындығы 1,5 шақырым болатын жағалау құрылысын салу көзделген.
«Жұмыс мұнымен шектелмеуі керек, – деді министр. – Сарайшықты қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне беруге тиіспіз. Археологиялық қазбалар жүргізуді жалғастырамыз. Табылған жәдігерлерді қалпына келтіреміз».
Ал облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұқамбетқали Кипиев Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатында сақталған Сарайшық қалашығының 1861 жылы қолмен сызылған картасының көшірмесін негізге алу керек деген пікірін айтады. Оның ойынша, карта Сарайшық қалашығының көп бөлігі сумен шайылып кетті деген тұжырымды өзгертеді. «Біз картаны Сарайшықтың қазіргі кезеңдегі жағдайымен салыстыра қарау үшін спутниктік түсіріліммен байланыстырдық. Оның қорытындысын қарасақ, Сарайшықтың бұрын су шайылып кетті деген орны әлі де сақталған және жергілікті халық аңыз қылып айтатын Секер көлінің орны да бар, картада көрсетілген екі әулиелі орын 150 жылдан астам уақыт өтсе де жоғалмаған. Сол себепті, карта Сарайшықтың тарихымен қоса, оны одан әрі сақтау жұмысын жаңаша жүргізуге жол ашады деп есептейміз, бұл Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысының маңыздылығын одан әрі арттыра түседі», деді М.Кипиев.
Сарайшықты тарихи-мәдени ірі орталыққа айналдыру мәселесіне Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім, тарих ғылымдарының докторлары Карл Байпақов, Берекет Кәрібаев, Бүркітбай Аяған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мереке Құлкенов пен Қойшығұл Жылқышиев та үн қосты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
Суретті түсірген
Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ