• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

«Қоғамның трагедиясын ашуға талпындық»

407 рет
көрсетілді

Көктем мезгілі қарсаңында Астана театрларының дүр сілкінетін қашаннан келе жатқан ғаламат бір дағдысы бар. Биылғы эстафета М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрынан басталды. Бұған дейін литвалық режиссер Йонас Вайткус (А.Яблонская, «Язычныки») және сахалық сахна суреткері Сергей Потаповпен (С.Баранова, «Пробуждение») шығармашылық сәтті тандем түзіп, ТМД елдері арасында да үлкен сілкініс тудырған мазмұнды қойылымдарды өмірге әкелген болатын. Ал театр труппасы, бұл жолы да жылдағы дағдысынан жаңылмай, Тәжікстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Барзу Абдуразақовпен бірлесе жасаған жұмысын көрермен талқысына ұсынды. «Мәңгүрт. Мәңгілік құл» тақырыбындағы мистериялық ізденісіне Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысын негізгі тірек етіп алған режиссер, сондай-ақ, Альбер Камью, Варлам Шаламов, Евгений Шварц шығармашылығынан да ортақ үндестік табуға ұмтылыпты. Жаңа қойылымның шығармашылық тынысымен танысу мақсатында спектакль режиссері Барзу Абдуразақовпен әңгіме өрбіткен едік. – Шыңғыс Айтматов, Альбер Камю, Варлам Шала­мов, Евгений Шварц шығар­машылығынан қан­дай ортақ үндестік іздедіңіз? Жал­­пы, «Мәң­гүрт» арқылы не айт­қы­ңыз келді? – Театр ұжымы терроризм тақы­рыбында қойылым қоюды және оның кілтін «Мәңгүрт» бейнесі арқылы шешуді ұсын­ғанда, шыны керек, маған бұл абсурд болып көрінді. Бірақ, саралап, сараптай келе, мұның менің көптен бері ойымда жүрген идеяларды ұсынуға жақсы форма екенін түсініп, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Ал менің ойым аталған жазушылардың ойымен үндес еді. Алла мен адам арасының алшақтауы, адамзаттың өзіне, жүрек үніне деген сенімін жоғалтуы салдарынан туатын трагедияның түп-төркініне шамамыз жеткенше бойлап көруге тырыстық. Терроризм дегеніміз не? Осы сөз айтылса, біздің бойымызды бірден қорқыныш билейді. Көз алдымызға қолына қару алып, «Аллаху Әкбар» деп көпке қарай ұмтылған сақалды адам елестейді. Ал сол адам бұл күйге қалай түсті? Жалпы, террорлық сана қайдан туады? Қасиетті Құран Кәрім де, Библия да адам өміріне қастандық жасауға, өз-өзіне қол жұмсауға қарсы. Өз-өзіне қол жұмсау немесе өзгенің өміріне қиянат келтіру – Алла тағала алдындағы үлкен күнә. Егер адамды санасынан, Жаратушыға деген сенімінен айырсаң, ол хайуанға айналады. Жан тексізденеді. Өйткені, адамның санасына қол сұғу арқылы біз оларды жауыздық пен жақсылық, сезім мен сенім, сүю мен жек көру сынды пенде атаулыға тән жақсы-жаман қасиеттердің ара-жігін ажырата алу қасиетінен қоса айырамыз. Ал мидың дұрыс жұмыс істеуі, яки сана бізге ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің күнә екенін түсінуге көмектеседі. Міне, өнер тілі арқылы осы мәселе­лерге үн қосқымыз келді. Және бұл ойы­мызды жеткізуде аталған жазушы­лардың идеясы да біздің айтпағымызбен үндесе кетті. Ал жүрек түкпіріндегі сол сөзімізді жеткізе алдық па, жоқ па, ол енді көрерменнің талқысында. – Біздің заманымыздағы «Мәң­гүрттер», «Мәңгілік құл­дар» деге­німіз кімдер? Олар­дың Шыңғыс Айтматов­тың «Мәң­гүртінен» қандай айыр­машылығы бар? – Айтматовтың Мәңгүртіне еш­­қандай да кінә арта алмаймыз. Өйткені, автордың кейіпкері – еріксіз түрде өзгенің қолымен мәңгүртке айналғандар. Олар талқыланбайды. Себебі, ақыл-есінен айырылған адамға сот жүрмейді. Жоламан Мәңгүртке айналу арқылы өткені мен ата-тегін ұмытты, бар болмысын жоғалтты. Ол үшін енді өзі де, өзге де ешкім емес. Тіпті, ол туған анасына, қарындасы мен бауырына да еш шімірікпестен қастандық жасауы, ар-ұяттан, шек пен шекарадан оп-оңай аттап жүре беруі мүмкін. Себебі, ол – мәңгүрт. Айтматовтың шығармасын қолға алған сайын мені үнемі құлдыққа мәңгілік байлану деген ой мазалай беретін. «Мәңгілік құлдық» дегеніміз не? Ол мойынға қа­мыт, қолға кісен салынып, үнемі қамауда отыру ма? Жоқ! Бүгінде бұл сөздің мағыналық ауқымы кеңейіп, мүлдем басқа сипат алған. Әлемнің небір мықты жоғары оқу орындарын бітіріп, ғаламат атақ пен даңққа ие болып-ақ құл боп өтуге болады екен. Сол себепті де, біз спектакльді екі бөлімге бөліп, алғашқы актісінде бүгінгі қоғамның негізгі түйткілдерінің төркініне барынша үңіліп көргі­міз келді. Осы арқылы ешкім күш­темей-ақ өз еркімен мәңгүрттікке келіп жатқан қоғамның трагедиясын ашуға талпындық. – Орыс театры труппасымен жұмыс істеудің қиындығы мен қызығы қандай болды? – Өте керемет! Бір ай бойы театр ұжымы, актерлер арқылы берілген ғаламат бір жылылықты сезіндім. Спектакльдің қалай болғанын мен білмеймін. Бірақ, осындай керемет адамдармен ортақ үндестік тауып, терең түсіністікте жұмыс істегеніме өте бақыттымын. Олар мені бір минөтке де сезімсіз, жан жы­луын­сыз қалдырмады. Үне­мі жанымды аялаумен болды. Астанаға келіп, керемет жы­лылық сезініп аттанып барамын. Рахмет, баршаңызға! – Байқағанымыздай, қойы­лымға қатысқан актерлердің дені жастар болды. Бұл сізге «Мәң­­гүрттей» ма­ғынасы ауыр, күр­делі шығарманы жасауда өзін­дік кедергісін тудырмады ма? – Мен үнемі жастармен, тәжірибесі аздау актерлермен жұмыс істегенді жақсы көре­мін. Солар арқылы көрер­мен­нен бұрын, өзім үшін өзгеше бір жаңалық ашқым келеді. Тәжірибелі, сақа актер­лердің қалыптасып қалған өзіндік дағдылары мен таптаурын­дылығын басқа арнаға бұру, өзің қалағандай бейнеге жеткізу өте қиын. Ал, жастармен бәрі басқаша. Олар саз балшық секілді. Сол себепті де мен мәрмар таспен емес, өзіме қажетті қалыпқа сала алатын, өзгерте алатын саз балшықпен жұмыс жасағанды дұрыс көремін. – Тәжік театрының шы­ғар­­­ма­шылық ахуалына біркісідей қа­­нықсыз. Соңғы уақытта қазақ театр­лары­мен қоян-қолтық қарым-қаты­насы­ңыздың нәтижесіне сахна арқылы куә болып жүрміз. Осы тұ­рғыдан келгенде, Орталық Азия театрларының деңгейін қалай баға­лайсыз? – Деңгей таңдай қаққызарлық жағдайда емес. Оны мойындауы­мыз керек. Қазіргі театрлардың басты қасіреті – өнер құндылық­тарының көркемдік сапасын түсіріп алып, енді соны өз дең­гейіне жеткізе алмай жатқан­ды­ғында дер едім. Өйткені режис­серлердің де, актерлердің де, драматургтердің де деңгейі көп жағдайда сын көтере бермейді. Бүгінде көрермен екі-үш апталық дайындық жүргізіп, кез келген актер немесе режиссер жасайтын дүниені істей алады. Өйткені, өнер «аһ» дегізерлік жаңалыққа зәру. Біз сахнаның сиқырын жоғалтып алдық. Көрермен үшін театр да, сахна да жұмбақ, тылсым болудан әлдеқашан қалған. Сахнагерлер бойындағы өнерін көрермен деңгейіне түсіріп алды. Өнерге немқұрайлы қа­рап, қасиетті сахнаның құпия­лылығын, жұмбақтығын жойып алдық. Талғамымызды, өнерге ғана тән эстетиканы, сиқырды, ақсүйектікті құрдымға жіберіп үлгердік. Қора-қопсы, үй-жай­дың маңайындағы әңгімені қаузаймыз деп жүріп, өнерге тән тектіліктен айырылып қал­дық. Мен соған қынжыламын. Қарапайым ғана мысал: соңғы уақытта жазылған дүниелердің ішінен сүйсініп оқитын поэзияны, бас алмай оқитын пьесаны жолықтырдыңыз ба?.. Мен де ол жаңалықты асыға күтіп жүрмін. Бірақ әзірге «баяғы жартас – сол жартас». Өйткені, біздің ойлау жүйеміз әлі плакаттық деңгейден көтеріле қойған жоқ. Өкінішке қарай, астарлау мен айшықтап жеткізуден, символикамен сыр суырудан алшақтап барамыз. Өнер үшін бұл өте қауіпті! – Арнайы көрермендеріңіз бар ма? Жалпы, сіз қойылымды кімге арнап қоясыз? – Көрермендерімнің кім еке­нін мен білмеймін. Бірақ Алла маған талант, ақыл, денсаулық, күш берді. Оқыған, болған жайтты сараптау мүмкіндігіне ие етті. Жаратушы маған бағаға баланбайтын сый жасады – өнер­ді көркем көре алатын түйсік берді. Қандай жұмысты қолға алайын, ең әуелі Алланың қа­лауы­­мен, Алланың разылығы үшін жасаймын. Сондықтан да менің жұмы­сым ең бірінші Жа­ратушы иеміз­дің ризашылығы үшін туады. Одан кейін ғана көпшілікке арналады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, менің жүрегімде иман болмаса, мен сізбен, онымен немесе тағы да басқа адамдармен не жайында сөйлесе алуым мүмкін? Жүрегімізде иманы­мыз, Алла тағалаға деген се­німіміз барда ғана біз – Адамбыз! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ АСТАНА