90-жылдардың басында КСРО-дағы 700 мың сотталушының 100 мыңы Қазақстанныңколонияларында жазасын өтеген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз түрмедегілер саны бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында болған. 25 жыл ішінде Қазақстанда жаза өтеушілер санын қысқарту мақсатында 8 рет рақымшылық жасалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қылмыстық саясатты ізгілендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас прокуратурада «Түрме реформасының» ІV форумы өтеді. Оның барысында соңғы үш жылдағы жұмыс қорытындыланады, деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов. Ол «Түрме реформасының» бірінші форумы 2013 жылдың ақпанында өткізілгенін, оның шеңберінде «Түрме халқын азайтудың 10 шарасы» жобасы бастау алғанын еске салды.
«Аталған форумда қалыптасқан ұсыныстар Іс-шаралар жоспарына енгізіліп, Парламент депутаттарының, Жоғарғы соттың, ІІМ, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдарының тараптарынан қолдау тапты. Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қосылды. Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда түрмедегілердің саны 30% азайды, 2012 жылы жаза өтеушілер саны 52 мың болса, 2016 жылдың соңында 36 мың адамды құрады, – деп атап өтті М.Ахметжанов. – Халықаралық рейтингте Қазақстан 35-ші орыннан 68-ге төмендеді. Екі жыл ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің 7 мекемесі жабылып, бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделді».
Сонымен қатар, «Түрме реформасының» ІV форумында «Колонияларда жұмыспен қамту - 2017» және «Әлеуметтендіру – сен қоғамға керексің» жобаларын іске асыру нәтижелерін талқылау жоспарланған. Бас прокурордың орынбасары форумның екінші бөлігінде «Азаптаусыз қоғамға» жаңа жобасы, сондай-ақ оларды болдырмаудың нақты Іс-шаралар жоспары таныстырылатынын айтты.
«Жобаның мақсаты – қылмыстық процесте және пенитенциарлық салада азаптауды жою бойынша заңнамалық және тәжірибелік шараларды әзірлеу және жүзеге асыру. Азаптауды болдырмау институттарының тиімділігін арттыру бағытында заңнамаға өзгерістер енгізу, сондай-ақ заңдарды және тәжірибені халықаралық стандарттарға және ратификацияланған келісімдер мен конвенциялар аясындағы міндеттерге сәйкестендіру жобаның негізі болып табылады», – деп түсіндірді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша, жобада Ыстанбұл хаттамасының қағидаларын тәжірибеге енгізу шаралары бөлек көрсетілген, онда ұлттық және процессуалдық ерекшеліктерге қарамастан, азаптауды тиімді тергеу бойынша бүкіл әлемнің тәжірибесі жинақталған.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»