• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2017

Адамгершіліктің айшықты белгісі

345 рет
көрсетілді

1 наурыз – Алғыс айту күні. Былтыр Қазақстан халқы тұңғыш рет осы күнді атап өтті. Себебі, 2016 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда, елордадағы Қазақ­­стан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы кітап­ха­на­сында «Алғыс айту күні – Қазақстан халқы бірлігі­нің нышаны» тақырыбында дөң­ге­лек үстел өтті. Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистр­­лігінің, «Қоғамдық келі­сім» Республикалық мемле­кет­тік мекемесінің, Қазақстан Прези­денті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, «Жас­тар» ғылыми-зерттеу орталығы­ның және Әзербайжан мәдени бірлестігінің өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Елбасы кітап­ханасы директорының орын­басары Жапсарбай Қуа­нышев: «Қазақстандағы көпэтносты­лық елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін берді. Себе­бі, тәуелсіз мемлекеттің әл-ауқа­тын арттыру жолында қазақ­стан­дықтар хал-қадерінше жұмыла еңбек­ етті», дей келе, қиын-қыстау кезеңде қазақ жерінен пана тапқан түрлі ұлт өкілдері Алғыс айту күнінде Қазақстанға деген өз ризашылық сезімдерін білдіре алатынын, себебі, бұл күн Қазақстан халқы тарихы мен бірлігінің нышаны екенін жеткізді. «АЛЖИР» музейінің бұрынғы директоры Априза Құсайынова Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы үшін маңызына тоқталды. «Қазақ халқы әр жылдары қан­шама этнос өкілдеріне құшағын жайып, өз қамқорлығына алды, бауырына басты. Мәселен, сая­си қуғын-сүргін жылдары өз жағ­дайларының қиындығына қара­мастан, өзге ұлт өкілдерін үйлерінде тұрғызып, бір нанды бөліп жеді, қолұшын созды. Ал қазір қазақ халқының осы бір адамгершілік қасиетін өзге елдер үлгі етіп айтып жүр», – деді А. Құсайынова. Сонымен қатар, ол 2010 жылы «АЛЖИР» музейі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» деген атаумен үлкен жоба ұйымдастырғанын, оған Қуғын-сүргін жылдары зар­дап шеккен азаматтардың 200-ден астам ұрпағы келгенін атап өтті. «АЛЖИР» музейінің аға ғы­лы­ми қызметкері Гүлнұр Төлеп­бергенова да лагерь тұт­қын­дары бастарынан өткерген қиын­дық­тарға тоқталды. Оның айтуы­нша, 1937-1953 жылдар аралығында азап­тау лагерьлерінде 20 мың­ға жуық әйел болған. «Сол әйел­дердің 8 мыңы «АЛЖИР» ла­герінде отырды. Бұл ретте, сол кездегі «Жаңажол» ауылы тұр­ғын­дарының жанашырлығын, қамқорлығын, мейірбандығын, адамгершілігін, ең бастысы, тап­қырлығын айтпай кетуге болмас. Себебі, олар далада жұмыс істеп жүрген әйелдерге тас лақтырғандай кейіпте жүріп, шын мәнісінде, құрт лақтырып отырған. Әйелдер сол құрттарды жинап, аз уақыт болса да жүрек жалғайды екен. Бұдан бөлек, ауыл азаматтары қамыстың арасына нан, май, ет тастап кететін болған. Бұл жайттарды Гертруда Платайс есімді неміс әйелінен естігеннен кейін Раиса Голубева деген мұғалім «Құрт – асыл тас» деген өлең жазған», деді ол. Тарих ғылымдарының док­торы, «Қоғамдық келісім» Респуб­ликалық мемлекеттік мекеме­сінің өкілі Нұрбек Шаях­метов: «Ал­ғыс айту күнінің фило­со­фия­лық, тарихи, тәрбиелік мәні зор. Бұл күнді тек тарихи оқиғалармен, депор­тация кезеңімен шектеуге бол­­майды. Себебі, мұнымен Ал­ғыс айту күнінің ауқымы мен ар­на­сы шектеліп қалуы мүмкін», – деді. Отырыс барысында сөз ал­ған PhD докторы Елнұр Асыл­таева «Қазақстандық бірегей­лікті қалыптастырудың қазіргі жай-күйі» тақырыбында сөз сөйлеп, осы тақырып бойынша жүргі­зіл­ген талдаудың нәтижесімен таныстырды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»