Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық талап деңгейінде. Мәселен, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмек көрсету туралы» және «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына орай елімізде бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда атап айтарлығы, мүгедектікке шалдыққан балалар мемлекет тарапынан жүйелі түрде көрсетілетін көмекпен, қамқорлықпен ғана шектеліп қалмауы тиіс екендігі айдай ақиқат. Сондықтан да, айықпас дертке шалдыққан балалардың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенмен, олардың жан-дүние кеңістігі аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермеу – оларды қоршаған ортаның, қалың көпшіліктің басты міндеті.
Бір құптарлығы, қиындыққа тап болған бүлдіршіндер өміріне қуаныш әкеліп, оны мүмкіндігінше көріктендіруге ұмтылушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Мәселен, Алматы қаласындағы «Юраниун уан» компаниясының (бас директоры Марат Ниетбаев) қайырымдылық бағытындағы іс-шаралары көпшілік тарапынан жоғары бағалануда. Компания ұжымы Алматы қаласының Медеу ауданындағы 180 мүгедек балаға қаржылай көмек берумен қатар, олардың дүниетанымын кеңейтуге, мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне де өз тарапынан игі ықпал етуде.
«Атамұра» баспасынан шыққан мазмұны терең әрі қызықты кітаптардың балаларға сыйлық ретінде ұсынылуы соның айғағы. Мұндай құнды сыйлықтардың арасында ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы мемлекеттік тілде жазылған туындылардың басымдық танытуының маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Және мұндай тартудың 180 баланың әрқайсысына арналуы олардың өздерінің ғана емес, ата-аналарының да көңілін шексіз қуанышқа бөлегендігі сөзсіз.
Медеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектелген балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Шайықованың да демеушілерге айтар алғысы шексіз. Оның өзіндік себебі де жеткілікті, өйткені әлеуметтік көмекке, қамқорлыққа ғана емес, жүрек жылуына да зәру балалар үшін демеушілер ізгілігі мен қайырымдылығының орны бөлек. «Фармаактивт» компаниясы (бас директор Әлия Исаева) ауру балаларды қажетті дәрі-дәрмектермен үш жылға жуық қамтамасыз етсе, ал «Шаллер Қазақстан» компаниясы (бас директор Елена Парлаян) балаларға бес жыл бойы қаржылай көмек беруде.
– Қазіргі кезде біздің ауданда мүмкіндігі шектеулі төрт жүзден астам бала тұрады. Оның 180-не үйде әлеуметтік қызмет көрсетіледі десек, олардың арасында отызға жуық отбасының тұрмыс жағдайы төмен деңгейде. Әрине, мүгедектерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық аясы кеңи түсуде. Жыл басынан бері ортопедия орталығынан 23 балаға аяқ киім және арнаулы корсет алуға жолдамалар берілді. Сондай-ақ педагогикалық және психологиялық кеңестің шешімі бойынша сексен төрт бала үйде оқыту және тәрбие алу жәрдемақысын алады. Сонымен қатар, тоқсан үш отбасы жылына бір рет берілетін ақшалай материалдық көмекті пайдалануда. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, бөлімше мамандары білім беру, денсаулық сақтау және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік оңалту және сауықтыру бағдарламаларының сапасын жақсартуға одан әрі жетілдіруге басты назар аударуда, – дейді Гүлнәр Шайықова.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.