С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан: Тәуелсіздік пен инновацияларға 20 жыл» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Өр Алтайдың төріндегі білім берудің қарашаңырағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен төл құрдас білім ордасының 8 факультетінде 12 мыңнан астам студент оқып жатыр. Оларға 1300 ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, PhD докторлары білім беруде. Ол ол ма, қазіргі күні оқу орнында кредиттік технология бойынша үшсатылы жүйе шеңберінде: бакалавр-магистр-доктор, 47 мамандық бойынша жоғары кәсіби білім және 20 мамандық бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімге даярлық жүргізіледі. Білімдегі сапаны қамтамасыз ету бойынша Тәуелсіз Қазақстан агенттігінің бас рейтингісі бойынша 2008 жылы ШҚМУ Қазақстанның 60 жоғары оқу орны арасында 6-шы орынға табан тіреді. Ал 2009 жылы ШҚМУ әлемнің 600 жетекші университеті қатарында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды және олармен қатар Болония үрдісінің принциптерін қолдауға міндет алды.
Негізінде Өскемен педагогикалық институты базасында(1952 жылы) бастау алған университетте жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар тұрақты түрде өтіп келеді. Ал бұл жолғы іс-шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілді. Оны ҚР Білім және ғылым министірлігі, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп өткізді. Конференция басталмас бұрын оқу орнының бесінші корпусында «Фолиант» баспасы мен Өскемендегі кітап сатушы ұйымдардың кітап жәрмеңкесі өтті. Белгілі қаламгер, жерлесіміз Кеңес Юсуп өзінің аударма жайлы үш томдық кітабының тұсаукесерін жасады. Қаламгер аударма төңірегінде өзінің көп жылғы тәжірибесін ортаға салып, оқырмандардың сауалдарына жауап қайтарды. «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков кітап жәрмеңкесінің Өскеменде бастау алғанын, бұдан кейін еліміздің бірқатар облыс орталықтарында өтетіні жайлы хабардар етті. Аталмыш баспадан жарық көрген түсті металлургия, ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, химия, мәдениет, басқа да салалары туралы шыққан кітаптар сәнді әрі сапалы. Үш күн бойы кітап жәрмеңкесінде өнеркәсіп орындарының басшылары, жоғары оқу орындары мен колледждердің ұстаздар қауымы қажетті кітаптарға тапсырыс берді. Кітап жәрмеңкесін өткізу арқылы университет басшылары оқырмандардың өтінішін орындай алған.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ШҚМУ ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев ашып, қатысушыларды қос мерекемен құттықтады.
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдады. Бұл тарихи оқиға – қазақ халқының ғасырлар бойындағы мүддесі мен үмітінің орындалу нәтижесі. Қазақстан қысқа мерзім ішінде мемлекет негізін қалаушы Н. Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған мемлекетке айналды. Бүгінгі күні еліміз Орта Азиядағы қауіпсіздікті нығайтудың ең маңызды бөлігі ретінде қаралады. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында оңды өзгерістердің танылған көшбасшысы болып есептеледі. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, ал үстіміздегі жылы Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – халықаралық алаңдағы өскен беделінің көрсеткіші, – деді университет басшысы.
Ректордың айтуынша, жоғары оқу орны заман талабына сай жаңа үрдістерді қолданып, жастарға терең білім беруде тың ізденістерге қадам жасауда. Университеттің Моңғолияда қазақ филиалы жұмыс істеп тұр. Қытай, Оңтүстік Корея, басқа елдердің азаматтары осында тегін білім алып жатыр. 15 студент Еуропа елдерінде білімдерін жетілдіруде. Бүгінгі жиынға Фон-Карман атындағы гидродинамика институты директорлар кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым Жан Пьер Контцен, археолог Зейнолла Самашев, еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, Бельгиядан, Ресейден, Кореядан, Германиядан және Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, маңызды шараға қатысушы делегаттарды құттықтады. «Кенді Алтайдағы білім шаңырағына келер жылы 60 жыл толады, ал университет атауына ие болғанына – 20 жыл. Тәуелсіздікпен төл құрдас білім ордасы ұжымына алдағы уақытта табыс тілеймін» – деді өңір басшысы. Бұдан кейін сөз алған ғалымдар жоғары оқу орнының қоғам өміріндегі рөлі, Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылында қол жеткен табыстары жайлы өз ойларын ортаға салды. Ел тәуелсіздігінің рухани бастаулары туралы да айтылып, ұрпақтар сабақтастығы, мәдени құндылықтар жайлы да пікірлер ортаға салынды. Барлығы алты тақырыпқа жүргізілген дөңгелек үстелде патриотизм және демократия үрдістері, мәдени және адамгершілік құндылықтардың құнсыздануы көптеген ғалымдардың пікірінше жүйелік дағдарыстың, оның ішінде – ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыстың да басты себебі екені назардан тыс қалмады. Тіпті гуманитарлық сала, техника, жаратылыстану мәселелері де конференцияда жан-жақты сөз болды. Кеш соңында үздік ұстаздар мен университетке ұзақ жылдар адал қызмет етіп келе жатқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ән мен күйден шашу шашылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Өскемен.
Суретте: конференциядан көрініс.