21 400 000 000
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарына қарағанда, облыста алдағы 2011-2015 жылдары жалпы құны осыншама млрд. теңге тұратын 61 жоба жүзеге асырылмақшы
Бұл күндері осы ауқымды бағытты дамытуға арналған арнайы бағдарлама жұмыс жасауда. Осы шаралар барысында агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 7,6 млрд. теңгеге 7 жоба қаржыландырылса, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы құны 5,9 млрд. теңге тұратын 10 жоба дайындалуда. Бұл сандарға жергілікті жердегі шаруашылықтардың өз қаражаттары есебінен 7,9 млрд. теңгенің 44 инвестициялық жобасының саны кеп қосылады. Мысалы, осы жылдың алғашқы жарты жылдығында құны 146,1 миллион теңге тұратын 2 диірмен, жылыжай, сүт өңдейтін цехтары бар 4 жоба іске қосылды.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.
70 000 000
Текелідегі экологиялық жағдайды сауықтыруға өткен жылы бюджеттен осыншама қаржы бөлінген
Текелі кен байыту комбинатының Рудничныйдағы кезіндегі қалдық сақтау орны залалсыздандырылып, түрлі химикаттардың ауаға таралмауына барынша көңіл бөлінген. Кенттегі 44 гектар аумақты залалсыздандырумен «Монолит» ЖШС айналысуда. Жұмыс мамыр айында басталса, оған 22 техника мен адам күші жұмылдырылған. Мемлекеттің қосалқы қоры саналған жер қойнауында 7,5 млн. тонна кен бар, дейді мамандар.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Тұрғындар шаһардағы кен қалдықтарын сақтау орнын жабу туралы мәселе көтерген. Өткен жылы бұл мәселе өз шешімін тауып, облыстық бюджеттен 70 млн. теңге бөлінген-тін.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
21 313
Қостанай қаласында осынша шағын кәсіпкерлік нысаны бар
Олар өндірген өнім мен көрсеткен қызмет үстіміздегі жылы 36800 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106 пайыз болады.
Жылдан жылға дамып келе жатқан шағын кәсіпкерлік халықтың экономикалық белсенді бөлігінің отыз пайызын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде қалалықтар да, ауылдағылар да нарықтың осы саласының қыр-сырын жақсы түсінген. Қарап отырмай іс ашуға талаптанған жанға қаржы көздерін табу да қиынға соқпайды, өйткені, шағын бизнесті дамыту үшін мемлекеттік көмек әрқашан даяр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай.