Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов кеше Еуропалық Комиссияның Энергетика мәселесі жөніндегі өкілі Г.Оттингерді қабылдады. Кездесу барысында Президент Н.Назарбаевтың өткен жылы Еуропа одағының штаб-пәтеріне сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асуы барысы талқыланды.
Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропа одағы арасында тығыз қарым-қатынас орнап отырғандығын ерекше атап кетті. Министр өз сөзінде былай деді: «Біз еуропалық әріптестерімізбен ынтымақтастықты ұлғайтуға аса маңыз беріп, ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ал жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер соған көрнекті үлгі болып табылады».
Осы ретте Ержан Хозеұлы 1999 жылғы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің орнына жаңа Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеп, қол қою басымдықты мәселе екендігін баса айтты. Өйткені, арадағы сауда-экономикалық қатынастар ерекше екпінмен дамуда. 2011 жылдың жартыжылдық көрсеткіші бойынша тауар айналымы 25,4 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал бұл көрсеткіш өткен жылы осы мерзім ішінде 18,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде болатын.
Кездесу барысында Еуроодақ мемлекеттері тарапынан тартылған тікелей инвестиция барысы да әңгіме өзегіне айналды. 1993-2010 жылдар арасында Еуроодақ елдерінен тартылған тікелей инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларын құраса, соның ішінде тек былтырғысының өзі 10 миллиардқа жетіпті. Әрине сол тартылған қомақты қаржының басым бөлігі энергетика саласына бағышталған. Өзінің бұл сапары барысында Премьер-Министрмен және бірқатар министрлермен кездесуі болғандығымен бөліскен Гюнтер Оттингер еуропалық компаниялармен мұнай өндіру, жаңа кен орындарында бірлесе жұмыс істеу сияқты ынтымақтастықты тереңдету мәселесі талқыланғанын айтты. Сондай-ақ, энергия тиімділігі, ядролық отын қауіпсіздігі, қалпына келтірілетін энергия көздері мен көгілдір отын мәселесі де әңгіме өзегіне айналған.
Қазақстандық шикізатты Еуропа рыногына жеткізу, энергия тасымалындағы инфрақұрылымды дамыту, шикізат өндірудегі жаңа техникалық жетістіктер мен технологияларды пайдалану, осы салаға өзара тиімді болатындай инвестиция тарту және өзге де мәселелер кеңінен сөз болды. Министр Еуроодақпен экология саласындағы ынтымақтастықты ерекше айта келіп, Орталық Азия мен Каспийді қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа технологияларды қосу ісіне еуропалық компаниялар айтарлықтай септігін тигізетіндігін сөз етті. Бұдан басқа министр еліміз тарапынан қабылданған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның негізгі ережелерімен таныстырып, соның ішінде мұнай-газ саласына қатысты жобалардың да бар екендігінен хабардар етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.