Кеше елорда төріндегі «Көрме» орталығында Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымының ұйытқы болуымен «Қазақстандағы және бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі азаматтық қоғам: қалыптасуы және 20 жыл бойы дамуы» атты үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады
Тарихы тереңге тартқан, тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 20 жыл толған Қазақстан мемлекеті өсу мен даму үстінде. Әрбір атқан таңы, батқан күнінде өткізген әрбір шарасы тәуелсіздік шежіресіне жазылып жатқаны да айдан анық. Демократиялық өсу жолын таңдаған мемлекет үшін азаматтық қоғамның дамуы, оның үнінің айқын естіліп жатуы маңызды. Өйткені, азаматтық қоғам белсенділігі өзіміз өмір сүріп отырған заманның айнасы іспетті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ғаламтордағы «Укипедиядан» алынған азаматтық қоғам, үшінші сектор деген түсініктердің анықтамасына үңілейікші. Онда: «Азаматтық қоғам – саяси билікке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы, дербес жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қоғамдастығы. Азаматтық қoғaмның қалыптасу және даму үдерісі үшінші сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үшiншi сектор – бұл өз мақсаттарын мүдделер бойынша клубтарда, кәсiби одақтарда, әлеуметтiк қозғалыстарда, одақтарда icке асыратын epiктi азаматтардан құралатын өзiн өзi басқаратын сектор. Азаматтық қoғaмның ажырамас құрамдас бөлiгi бола отырып, «үшiншi сектор» елдегi қоғамдық-саяси үдерістерді әрі қарай демократияландыруға оң ықпалын тигiзедi. Мемлекеттiң демократиялық жүйесi әзipше дамымай oтырған жағдайда, дәл осы бейүкiметтiк ұйымдар немесе үкіметтік емес ұйымдар арқылы азаматтық қoғaм көбiне iлгерi дамып отырады», деген анықтама берілген.
Сонымен, конференцияға қатысуға өз елімізбен қатар ат арытып, шетелдерден жеткен азаматтық қоғам белсенділерімен бірге журналистер қауымы – біз де осы жиынды бетке алдық. Шынында да, конференцияға еліміздің барлық облыстарынан, алыс-жақын шетелдерден делегаттар көптеп жиналыпты. Конференцияны өткізу пішіні де бұрынғыдай емес, өзгеше. Қоғамды әрқашан тың идеяларымен серпілтіп жүретін белсенді қоғам өкілдері әшейіндегідей негізгі баяндама, одан жарыссөз деп таптауырын жолмен жүрмей, бірнеше спикерді төрге шығарып, оларға азаматтық қоғамның тынысы, дамуы мен өсуі сынды мәселелер бойынша сауалдар тастап, конференцияны ә дегеннен еркін отырып әңгімелесетін, ой айтатын алқалы жиынға айналдырған. Бірақ, көңілде бір түйткіл орын алып, ол конференцияның өн бойында бір жазылмай қойды. Ол – белсенді қоғамның мемлекеттік тілге келгенде белсенділігінің жартыкештенуі. Мәдениет вице-министрі Ғазез Телебаев болмағанда тіптен қазақ тілінде бір ауыз сөз айтылмай кетер ме еді. Әрине, халықаралық конференциялардың орыс, ағылшын тілдерінде өтетінін, аудармалардың да сол тілдерде жүретінін елдің бәрі біледі. Бірақ, ешбір мемлекетте мемлекеттік тілге дәл осындай көзқарасты кездестіре алмассыз. Бұл жолы да шешендердің сөздері тек орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, ана тіліміз шеткерілеп қалды. Еліміздегі креативті саналатын, өз соңдарынан азаматтарды ерте алатын азаматтық қоғамға мемлекеттік тіл қажеттігінің болмауы нені көрсетеді?! Қазақ тілі кімге қажет, деген сауалдар сананы шыңылдатып, ойға маза бермегені рас.
Жиынға модераторлық еткен Медиа стандарттар институтының бас директоры Ержан Сүлейменов азаматтық қоғамның қалыптасу жолдары мен үдерісі жайлы баяндай келе, мемлекет үшін алатын орнына жан-жақты тоқталып өтті. Модератордан кейін алғаш сөз тізгінін алған еліміздің Мәдениет вице-министрі Ғазез Телебаев Қазақстандағы азаматтық қоғамның тарихы мен өзіндік ерекшелігін әңгіме өзегіне айналдырды. «Тәуелсіздік алған күндерден бергі 20 жылдық тарих кезеңінде біз көп жетістікке жеттік. Соның бірі – азаматтық қоғамды қалыптастыру. Азаматтық қоғамды қалыптастыруда ҮЕҰ-ның орны ерекше. Негізінен Қазақстанда 35 мың коммерциялық емес ұйым бар болса, соның жартысынан астамы, яғни 18 мыңы – ҮЕҰ. Шынында да, алғашқы кезде біздің үкіметтің ҮЕҰ-ны қаржылық қолдауға мүмкіндігі болмады. Сол себептен олардың дамуы да кешеуілдеді. 2005-2006 жылдары мемлекет тарапынан көзқарас өзгере бастады. Яғни, сол кезден бастап ҮЕҰ-ға әлеуметтік тапсырыс негізінде қаржылай көмек көрсету мүмкіндігі жасалды. 2006 жылы арнайы заң қабылданды. Қазіргі таңда ҮЕҰ-ларды мемлекетпен әріптес деп айтсақ, артық болмас. Бүгінгі күнге дейін елімізде бірнеше мәрте азаматтық форумдар өткізілді. Бір форумнан бір форумға дейін ҮЕҰ-лардың орны да, беделі де арта түсуде. Мысалы, бірінші, екінші форумдарды ұйымдастыру мен өткізуді мемлекет өз мойнына алса, кейінгі форумдар Азаматтық альянстың ұйытқы болуымен өтуде.
Біздің алдымызда тұрған міндеттер өте көп, ҮЕҰ-лар мен мемлекет өзара әріптестік байланысын бұдан кейін де жалғастыра береді. Парламентте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы заң талқылануда. Ол қазір Мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауында жатыр. Оған көптеген өзгерістер енгіземіз. Ол заңда ҮЕҰ-лармен жұмыс істейтін уәкілетті орын арнайы белгіленбек, деді вице-министр.
Осыдан кейін Ресей Федерациясының Тиімді саясат жөніндегі қорының бас директоры, саясаттанушы Кирилл Танаев сөз алды. Ол өз кезегінде Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызмет ету ерекшелігі төңірегінде әңгіме өрбітті. «Ресейдегі ҮЕҰ-лардың қызметі, әсіресе, қазіргі сайлауалды кезеңде жандана түсуде», – деген саясаттанушы азаматтық қоғам кеңестік кезеңде де болғандығын, бірақ басқаша сипатта көрініс тапқандығын, ал қазір ол жаңа қоғам сұранысына сай дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Кирилл Танаевтан кейін «Нұр Отан» ХДП-ның Стратегиялық даму жөніндегі хатшысы, саясаткер Ерлан Қарин сөз алды. «Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар – маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселелерді, қоғамдық маңызды жобаларды және бастамаларды, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды шешуде мемлекеттің сенімді әріптесі, демократиялық қайта құрулардың, күшті және тиімді азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған либералдық реформалардың өткізгішіне айналды. Біз еліміздің осы 20 жыл ішіндегі жетістіктерін сөз етсек, көбіне-көп мемлекеттік органдар мен құрылымдардың жетістіктерін бірінші кезекте ауызға алып жатамыз. Ал шындығына келсек, осы жетістіктердің барлығы жалпы қоғамның, ондағы азаматтардың ортақ жетістігі. ҮЕҰ-лар қоғамдағы барлық өткір проблемалардың түйіскен жолында тұр. Сол арқылы оларды шешуде мемлекетке септігін тигізуде. Бүгінде Қазақстандағы 18 мыңнан астам ҮЕҰ-лар жұмысына жарты миллионнан астам адам тартылған. Бұл шынында да үлкен көрсеткіш. Және бұл сан саланы қамтиды. Мәселен, Орталық Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың кеңге қанат жайғанын байқауға болады. ҮЕҰ көптігі елдің алып жатқан аумағымен, ауқымдылығымен ІЖӨ-нің мөлшерімен өлшенбейді, ол – қоғамның ашықтығының көрінісі. Және үкіметтік емес сектор кез келген мәселені шешуде саяси партиялар мен мемлекеттік органдарға қарағанда, ілкімділік танытып қана қоймай, оны тиімді жүзеге асыра алу мүмкіндігіне ие. Үкіметтік емес сектордың ендігі бір артықшылығы – ол қоғамдағы кейбір түйінді мәселелерді шешуде азаматтарды, партиялық мүшеліктерінің әртүрлілігіне қарамастан, сол мәселе төңірегіне топтастырып, түйткілдер түйінінің тарқатылуына ықпал ете алады. Мысалы, экология, табиғат қорғау сынды мәселелерде саяси партиялардан гөрі азаматтық қоғамның жұртшылықты көбірек тартуға мүмкіндігі бар. Себебі, олар бұл істе ҮЕҰ-ға азаматтың қай партияның мүшесі екендігі маңызды емес», – деді нұротандық.
Америка Құрама Штаттарынан келген «Digital Democracy» компаниясының президенті Марк Белински үкіметтік емес сектордың жұмысын жандандырудағы жаңа сандық технологиялардың рөліне, сол жаңалықтарға қоғамдағы азаматтарды үйрету, оқытудың тиімділігіне тоқталды.
Конференция барысында Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева сөз алып, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың 20 жылдық мерзім ішіндегі дамуы, ТМД кеңістігіндегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мен болашағы төңірегінде әңгімеледі.
Айгүл Соловьева өз кезегінде конференцияға қатысушылар мен сырттан келген қонақтарға ауқымды жиынға арнайы келгендері үшін алғыс білдіре келе, келелі мәселелер төңірегінде өз ойын тарқатты. «Әрине, елдің жан-жақты дамуы үшін 20 жыл соншалықты үлкен мерзім емес. Десек те, Қазақстан осынау аз ғана тарихи мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктері үшін мақтана алады. Бұл ретте мен Елбасының бастамасымен ұйымдастырылған бірінші Азаматтық форумды еске алғым келіп отыр. Бұл форумда Мемлекет басшысы билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасында әріптестік бағытта алтын көпір орнату жайында мәселе көтерген болатын. Осы тұрғыдан келгенде, V Азаматтық форумның қарсаңында мемлекеттік органдармен бірге жұмылдырушы күш ретіндегі міндет жүгін арқалап жүрген үкіметтік емес ұйымдар қызметінің белгілі бір кезеңін саралай келе, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Бәлкім, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен арадағы ынтымақтастық мәселесін соңына дейін жүзеге асыра алмаған болармыз. Алайда, менің ойымша, мұның барлығының басын үлкен әлеуметтік саясат біріктіреді. Біздің қоғамда неге мемлекет үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу керек деген сауал жиі туындайды. Бұл ретте біз ортақ түйісу нүктесі мен жолдарын таба білуіміз қажет. Ал түйісу нүктесі «Қазақстан-2020» стратегиясы болып отыр. Бұл стратегияның 75 пайызы әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік мәселелерге арналған. Мемлекеттен үлкен мөлшерде қаражат бөлінуде. Яғни, бұл орайда ҮЕҰ міндеті аталған бағдарламалардың жүзеге асуын бақылау. Қоғамдағы кез келген азаматтың осы бағдарламалардың пайдасын сезініп, мемлекеттің өзіне қамқорлық көрсетіп отырғанын ұғынуы маңызды. ҮЕҰ-лардың тағы бір міндеті – Конституция кепілдік берген міндеттемелерді жүзеге асыруға өз үлесін қосу. Ал Ата Заңда халық – биліктің қайнар көзі деп көрсетілген. Бұдан көретініміз, ҮЕҰ – қоғам дамуына қажетті кез келген мәселені шешуде белсенділік танытып, шешуші рөл атқарады. ҮЕҰ – билік пен бизнес арасындағы байланыстырушы, дәнекер қызметін де атқарып келеді. Ол мемлекеттік ұйым да емес, бизнес құрылым да емес. Сондықтан да ол әлеуметтік жаңғырулардың тиімді тасымалдаушысы. Билік сол себептен де ҮЕҰ-ға көбірек сенім артып, олардың белсенділігін халық игілігіне жаратқаны абзал. Кей жағдайда мемлекеттің назарынан тыс қалып жататын түйіндерді ҮЕҰ-лар атқара алады. Және оны міндетім деп санағаны жөн. Өйткені, жергілікті жерлерде оны олар өздері сезініп, түйсініп отыр. Мәселен, шетелдерде ҮЕҰ ІЖӨ-нің 10 пайызға дейін артуына үлес қосады екен, ал біз әлі оны санай алмай жатырмыз. Оны санау тетіктері де жоқ. Қазіргі таңда Парламентке «Статистика туралы» жаңа заң жобасы келді. Соған біз ҮЕҰ-лардың жоғарыдағыдай үлесін санайтындай тетікті енгізуіміз қажет», – деді А Соловьева.
Спикерлер осыдан кейін залдан түскен сауалдарға жауап берді. Олардың дені жастарды ҮЕҰ-лар жұмысына, ерікті волонтерлер қатарына жастармен бірге тәжірибелері мол қарттарды тарту және ҮЕҰ-лар белсенділігінің кейбір салалардағы төмендеуі төңірегінде болды.
Мәселен, ҮЕҰ-лар қызметінің белсенділігі неге төмендеді деген сауалға жауап берген шешендер, бұл мәселені белсенділіктің төмендігімен емес, олардың қызметінің дұрыс насихатталмай жатқандығымен, бұқаралық ақпарат құралдары ҮЕҰ-лар қызметін көрсетуде онша ықылас танытпайтындығымен байланыстырды. Сол себептен ҮЕҰ-лардың өздері БАҚ-пен байланыстарын күшейте түсуі тиіс. Олардың ой-пайымы: «Көбіне олар, атқарған жұмысын көрсетуден қашқақтап, жасаған қызметімізге алғысты азаматтар айтқаны жеткілікті деп ойлайды. Осындай «сыпайылықтың» салдарынан атқарылған игілікті іс көзге көрінбей қалады. Қоғам жақсы істерді көріп қана қоймай, оған баға да беріп отыруға тиісті. Сонда барлығы да түгенделеді», дегенге сайды.
Осы отырыстан кейін конференция жұмысы түрлі секцияларда жалғасты. Мәселен, «Бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі және өңірлердің дамуы», «ҮЕҰ-лардың есеп беру тетіктері: верификациялау және этика кодексі», «ТМД дағы филантропия мәдениетінің дамуы: үрдістер және болжамдар», «ҮЕҰ-лар мен биліктің өзара әріптестігі», «Азаматтық белсенділік: даму мүмкіндіктері және қоғамдағы өзгерістер», «Қазақстандағы ҮЕҰ секторы жөніндегі зерттеулердің нәтижелері» сынды тақырыптарда конференцияға қатысушылар жан-жақты пікір алмасты.
Мәселен, «ҮЕҰ-лар мен биліктің өзара әріптестігі» деген тақырыпта өткен секцияда сөйлеген Орталық Азия мен Қырғызстандағы азаматтық қоғамның дамуын зерттеп жүрген Чарльз Бакстонның, филантропия мәселесі бойынша әңгіме өрбіткен Қайырымдылық ұйымдар ассоциациясының директоры Асқар Қалиевтің, верификациялау жайында сөз қозғаған Үндістандағы «Samhita» үкіметтік емес ұйымының құқықтық менеджері Сиддхарт В.Раоның ой-пайымдары жиналғандардың қызығушылығын туғызды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.