Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге биыл 20 жыл толғалы отыр. Сонау 1992 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған ҰҚК Шекара қызметі осы жылдар аралығында биік белестерді бағындырды. Солардың бастыларына тоқталар болсақ, 2000-шы жылдардың бас кезінде еліміздің ендіктері бойынша бірнеше өңірлік басқарма құрылып, жаңадан ашылған шекара отрядтары мен шекара заставалары аз уақыт ішінде қалыптасу кезеңін басынан өткерді. Содан бері жаңа ортаға бейімделіп үлгерген шекарашылар атадан балаға мирас болып қалған ұлан-ғайыр жерімізді көздерінің қарашығындай күзетуде. Олардың тұрмыстық жағдайларын оң шешу мәселесі Елбасының, Үкіметтің үнемі назарында. Бұрындары шекара шептерінде жаңа заманға лайықталған шекара заставалары ашылса, ендігі кезек Мемлекеттік шекара шебін инженерлік құрылғылармен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысатын инженерлерге де жетті.
Міне, соның айқын дәлелі, мұнан былай шекарашы инженер-саперлар әлемдік стандартқа сай жаңа кешенді модульді баспанамен қамтамасыз етілетін болады. ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Н.Мырзалиевтің бастамасымен қолға алынған шара. Осы шараны іске асыру мақсатында биылғы жылдың ішінде ҰҚК Шекара қызметі «Модуль» кешенді-өндіріс бірлестігі» акционерлік қоғамына 150-ге жуық модульді баспана жасауға тапсырыс берген болатын. Лайықты бағасын беру керек, аталмыш мекеме өздеріне артылған сенім үдесінен шыға білді. Нәтижесінде, күні кеше ҰҚК Шекара қызметі Орталық жөндеу зауытына кешенді жылжымалы модульдердің алғашқы легі жеткізілді. Аталмыш орталық зауыттың директоры, полковник И.Доронкин қабылдап алған жылжымалы модульдерде шекарашылардың қызметі мен тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар толық жасалған. Атап айтар болсақ, осыған дейін далалық шатырларды уақытша баспана етіп келген инженерлердің базасы 18 модульден тұратын кешенмен алмастырылды. Әр модуль әмбебап қызмет атқарады. Мәселен, бір модульде асхана, ас үй болса, мұнда тіпті кішігірім наубайхана да бар, екіншісі жатын жайға лайықталып құрастырылған. Үшіншісі ақпарат және тәрбие жұмыстары бөлмесінің қызметін атқарады. Мұнан әрі, кеңсе, шекарашылардың тұрмыс жағдайына арналған бөлме болып жалғаса береді. Бір модульде қалғандарын электрмен қамтамасыз ететін дизельді құрылғы орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, 18 модульден тұратын жаңа кешен жылдың үш мезгілін шекара шебінде өткізетін инженерлер үшін таптырмас баспанаға айналмақ.
Сонымен, жылжымалы су жаңа кешендер алдымен еліміздің батыстағы шекара шебіне қарай жол тартты. Шекарашыларды баспаналы еткен «Модуль» кешенді-өндіріс бірлестігі» акционерлік қоғамының техникалық директоры А.Тимченконың айтуынша, бүгінгі пайдалануға берілген жылжымалы кешендер үлкен істің бастамасы, қалғандары алдағы уақытта толық даярланып болған соң шекара шептеріне жіберіледі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осынау ауқымды жоба шекарашыларға жасалған тамаша тарту болды.
Мемлекеттік шекара күзетіне қажетті мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
«Егемен-ақпарат».