Дәрігерде қыранның көзі, қыздың саусағы,
жыланның даналығы,
арыстанның жүрегі болуы керек.
Әбу Әли ибн Сина
Адамды жақсылыққа тәрбиелейтін, теріс жолға түсіп бара жатқандары болса, оларға ой салып тоқтататын, қысылып қиналған сәтте көңіліңе жұбаныш әкелетін дүниеде бір ғана сәуле бар – ол мейірім деп аталады.
Заманы қандай болса да, адам баласы мейірімге мұқтаж, себебі, өмірдің бұралаң жолдарында кездесетін жауын-шашыны, бұрқаған бораны, аптабы, құйыны мен дауылы адамның жанын жаралайды. Әсіресе, сырқат адамның көңіл кірбіңі көбірек болатыны белгілі.
Дәрігердің алдына барған сырқат адам оған Құдайдың өзіне сенгендей сеніп, дәрігер оның емес, дәрігердің қас-қабағына ол қарап, жылы сөзін естісе, жазылып кеткендей, зіл басқан тұла бойы жеңілденіп, тіпті сауыққандай әсерде болады.
«Дәрігердің дәрісі емес – сөзі ем» дегенді халық бекер айтпайды.
Ертеректе Мәскеудегі бір қаламдас жолдасымның айтқаны есімнен кетпейді.
...Сібір жақта тұратын бір азамат «асқазанға түскен рак» деген диагнозбен Мәскеуге келіп, ауруханаға жатады. Жап-жас жігіт, бірақ жүдеп құр сүлдері қалған. Операция жасауға кіріскен онколог-хирург аурудың ішін ашады да, емге немесе алып тастауға келмегесін, кері жауып тігіп тастайды. Сырқатқа «бәрі дұрыс болды» деп, сыртқы жарасы жазылғасын, ауруханадан шығарады. Әзір қуаты барда отбасына жетіп алсын деп ойлайды дәрігер. Жыл өтеді. Бір күні жұмыс аяғында үйіне кетуге киініп жатқан дәрігердің бөлмесіне қолында үлкен сөмкесі бар алпамсадай жігіт кіріп келеді. Ол өткен жылғы сырқат азамат екен. Дәрігер әлдеқашан дүние салды деп жүрген кісіні көріп, таң-тамаша қалады.
– Сіздің еміңізден кейін құлан таза болып жазылып кеттім, жұмысымнан да қол үзгенім жоқ. Сізге алғысымды айтайын деп әдейі келдім, – деп екеуі мәре-сәре болып табысады.
Бұл оқиға рас па, өтірік пе – мен білмеймін, бірақ дәрігерге, оның сөзіне шын ниетімен құлай сенген адамға ем қонатыны жайлы айтылған әңгіме екендігінде сөз жоқ.
Дәрігердің де дәрігері болады, әрқайсысының мінез-құлқы да әрбөлек екені белгілі. Оның үстіне, мұрның ауырса біреуі, тісің ауырса екіншісі дегендей, әбден күлкі келтіретін әрекеттер-ақ өзі ауру адамды онан сайын шаршатады. Ал, адам организмі тұтас бір әлем ғой. Мысалы, үйдің терезе шынысы сынса, жел үрлеп бөлмелер азынап кетеді. Есігі жабылмаса да үй ішінде береке болмайды. Адам организмі де сол сияқты. Осы ретте бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде қолға алынып, кейін басылып қалған отбасылық дәрігер тиімді, әрі ауру кісіге де, дәрігерге де пайдалы әдіс секілді еді.
Мен осыдан екі жыл бұрын кеудеге түскен жаман аурумен ауырдым. Кеудемде бір түйіншек бар екенін сезіп жүрдім, бірақ дәрігерге көрінгенім жоқ. Бір күні кешке қарай басым айналып бара жатқасын, Президент Іс басқармасы ауруханасының бас дәрігері Рахат Өсербайқызы Байқошқароваға телефон шалып ем, он бес минутта аурухананың жедел жәрдем бригадасы жетіп келді. Қан қысымым екі жүзге жетіпті, бірден ауруханаға апарып салды. Дәрігерлердің қолдарына түспей жүрген мені Рахат сіңлім «басыңыздан башпайыңызға шейін тексертемін, сіз өзіңіздің саулығыңызға тіпті көңіл бөлмейді екенсіз, өзге замандастарыңыз ауырмаса да жылына екі-үш рет ауруханада жатып тексеріледі, ем-дом алады, ал, сіз шақырсақ та келмейсіз» деп мамандардың бәріне көрсетіп, ақырында кеудемдегі ісікті анықтап, Астана қаласындағы мықты деген онколог, хирург, невропатолог дәрігерлерді жинап, консилиум жасады. «Кеудеге түскен рак» деген диагноз қойылды. Рахат Президент Іс басқармасына қарайтын медициналық Орталыққа және Президент Іс басқармасына сөйлесіп, олар Германияның Фрайбург қаласындағы университет клиникасына жіберуді ұйғарып қойыпты.
Біз жастау кезімізде мұндай ауруға шалдыққан кісіге «ем-дом іздеп әуре болудың керегі жоқ, бұл Құдайдың бұйрығымен өлімнен келген хабар» дегенді жиі еститінбіз. Осы пікір қаныма сіңіп қалған мен:
– Ешқайда да бармаймын, шет елге барып өлгенше, өз отанымда өлгенім жақсы, – деп отырып алдым.
Консилиумға жиналған жоғары дәрежелі маман дәрігерлер жер-жерден маған ұрса бастады:
– Бұл не деген сөз? Өзіңіз көзі ашық, халыққа белгілі адамсыз, сөйте тұра осындай пікір айтасыз! Дәл осындай сырқаттан қанша адам жазылып, өмір сүріп жүргенін білмейсіз бе?!
Фрайбург қаласында тоғыз ай жатып, екі операциядан өттім және химия, сәуле емдерін алып, тәуір болғасын елге оралдым. Обалдары не керек, неміс дәрігерлері алғашқы күннен бастап-ақ шынайы көңілмен қарап, қамқорлай бастады. Оған бір жағынан біздің Парламент Сенаты шет елдермен байланыс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған бауырларымыз Берлиндегі Қазақстан елшісі Нұрлан Оңжановқа телефон шалып, мен жатқан клиниканың бас дәрігерімен сөйлесуге өтінгені, елші ініміздің мың шақырымнан астам жерден келіп, профессормен мен жайлы сөйлескені де әсер еткен болуы керек. Әйелдердің онкологиялық аурулары бойынша Еуропа елдеріне ортақ комиссия бар екен, мені сол комиссияның төрағасы, профессор Герольд Гич қарады, операцияларды да өзі жасады. Әрине, шет елде, оның ішінде Германияда емделу өте қымбатқа түседі екен, бірақ азамат бауырларымыздың көмегінің арқасында сауығып кеткен сияқтымын. Әйтеуір, әзірше аман жүрмін.
Мен бұл хикаятты жазғандағы мақсатым – маған, ең алдымен, мейірім сәулесін түсіріп, менің бармаймын, емделмеймін дегеніме қарамай, бәрін өзі реттеп, туған анасындай жақсылық жасаған Рахат Өсербайқызы Байқошқарованың еңбегін, адамгершілігін айтқым келіп еді.
Біз Астана қаласының тұрғыны болғалы да он үш-он төрт жыл болып қалыпты. Содан бері осы ауруханада есепте тұратыным болмаса, Рахат Өсербайқызымен пәлендей алыс-беріс араласым немесе жерлестік, туыстық дегендей жақындығым жоқ еді.
Германиядан келгелі де екі жылға жуық уақыт өтті, содан бері де Рахат Өсербайқызы мезгіл-мезгіл мені тексеріп тұруды дәстүрге айналдырып алды. Қазір оның әр сөзі, әр пікірі – мен үшін заңмен бірдей десем, артық айтқаным емес. Институтта оқып жүргенімізде Александр Островскийдің «Найзағайы» туралы Николай Добролюбовтың «Қараңғы патшалықтағы жарық сәуле» деген мақаласын оқып, кереметтей ұнатқаным бар еді.
Ауру жанына батқан адамға, оның ішінде емі жоқ деп жүрген жанға дүниенің бәрі түнек патшалығы болып кететінін өзім басымнан кешірдім. Міне, содан бері Рахат Өсербайқызын мен де «түнек патшалығындағы жарық сәуле» деп атайтын болдым.
Ол тек маған ғана емес, сырқат адамның бәріне бірдей шынайы жанашырлықпен қарайды. Қашан көрсең де, оның жайбарақат жүргенін кездестірмейсің: жан ұшырып «анау клиентті МРТ-ға түсіру керек, жетінші палатадағы сырқатты көрсету үшін академик-ортопедті шақырыңдар» деген секілді ауызекі қысқа бұйрықтар беріп, жүгіреді де жүреді.
Ауруханада, клиникада қаншама дәрігер, қанша медбике және санитарлық жұмыс атқаратын қызметкерлер бар. Олардың әрқайсысының тұрмыс-жағдайын біліп отыруды да бас дәрігер естен шығармауға тиіс. Басқаларды былай қойғанда дәрігерлердің бәрінде бірдей баспана жоқ, әрқайсысын әр облыстан таңдап шақыртып алғандықтан қиындығы бар. Әрине, Астанада тұрғын үй мәселесі оңай емес, төменгі сатыдағы қызметкерлерге уақытша тұратын жатақхана болса да жақсы болар еді...
– Біздің саламызда ең бастысы дәрігердің білімді, тәжірибелі болуы. Содан кейін әрбір сырқат адамға жанашырлықпен қарау. Кешкі сағат 18.00. болысымен үйіне асығатындар сырқат адамға жаны ашитын дәрігерлер емес, – дейді Рахат Өсербайқызы. – Дәрігер-терапевтердің арасында бір де бір жас ғылым докторы жоқ екен, бүкіл облыстарға сұрау салып таба алмадым.
Бас дәрігердің жұмысы бастан асып жататынын Рахат Өсербайқызының таңғы сағат сегізден кешкі сағат жиырмадан асқанша бас ала алмай жататын жұмысынан көруге болады.
Рахат көпбалалы жанұяда өскен, анасы Сәлима бұл оныншы класты бітіретін жылы 46 жасында қайтыс болыпты. Жарқылдаған сұлу анасының жап-жас кезінде дүниеден озғанына қатты қиналған қыз бала «мен қалайда дәрігер болып адам өміріне арашашы болам» деп іштей бекінсе керек.
Целиноград қаласындағы медицина институтында күндіз оқып, түнде санитарка болып жұмыс істейді. Бұрын совхоз басқарып, балаларының ғана емес, бүкіл елдің алдында айбатты да қайратты азамат болып көрінетін әке сүйікті жұбайының қазасынан кейін өзіне өзі келе алмай қажи бастаған секілді. Балалар шиеттей жас, әкенің зейнетақысы біріне жетсе, екіншісіне жетпейді. Өздері Қарағанды облысының Осакаровка ауданында ауылда тұрады.
Рахат Өсербайқызының әңгімесін естігенде, өздері оқитын жоғары оқу орнының жанынан машиналарын қоятын орын таба алмай жүрген қазіргі студенттер және күндізгі оқуынан кейін аурухана бөлмелерін жуып-шайып тазалап, қараңғы көшелермен қорқып басып, кітап-дәптер толы сөмкесін арқалаған күйі қаланың шетіндегі «Слободкада» тұратын үйге келе жататын талдырмаш кішкене қыз көз алдыма келеді.
Анасы бұған аяғы ауыр кезінде әке-шешесі ұл болады деп дәме етіп, Рахат туғасын әкесі оны ер балаша киіндіріп, жанына ертіп еркелетіп өсірген екен, соның бәрі бір күнгідей болмай өте шығып, дүниенің қапелімде өзгере кеткені оның ерте есеюіне қатты әсер еткен секілді.
Бір күні бірге оқитын қыздар қоярда-қоймай ауыл шаруашылығы институтында өтетін кешке барайық деп қолқалады. Сол кеште жүзінен мейірім нұры төгілген аққұбаша сұлу жігіттің Рахатқа көзі түсіп, айналсоқтап жанынан кетпей қойғаны. Өзі Баянауылдың тумасы екен, ақыры Рахат үшінші курсқа келгенде Мүбарак екеуі қосылып тынды. Одан тұңғышы Талғат дүниеге келді. Жарты жыл кішкентайымен Мүбарак жұмыс істейтін Павлодар облысына қарасты Баянауылдағы совхозда енесі Мәпішпен бірге тұрды. Енесі өте ақылды адам екен:
– Қарағым, оқуыңды тастама, Талғатыңды өзім бағып берем, – деп келінін оқуға аттандырды. Жас келіншек кішкентай ұлын сағынып, кейде лекцияның үстінде конспект жазып отырған дәптеріне көзінің жасы тамғанын көрген курстастары бұған жалт-жалт етіп қарап қоятын. Осы жағдайды түсінген енесі көп ұзамай Мүбаракты да келіншегінің соңынан жіберіп:
– Жассыңдар, аш болсаңдар да, тоқ болсаңдар да, бірге болыңдар! Сол жақтан да жұмыс табылар, – деп ұлын аттандырды.
Тәрбиелі қазақ үшін ананың әр сөзі – заң.
Оқуды бітіргесін еңбек жолын қаладағы «Целинэнерго» мекемесінде учаскелік дәрігер болып бастаған Рахат алғашқы күндерден-ақ қарапайым адамдардың алғыс-рахметіне ие бола бастады.
«Целинэнерго» ол кезде облыстағы ең үлкен мекеме, оның аурухана, емханасында жүздеген адамдар жұмыс істейтін. Солардың арасында қазақ ұлтынан жалғыз Рахат Байқошқарова еді.
Еліміз Тәуелсіздік туын қадағаннан кейін Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент – Ақмолаға көшіп келгесін, медициналық орталыққа қарайтын аурухана ашылып, оның бас дәрігерлігіне Геннадий Гродер тағайындалды. Ол бұрын «Целинэнергоның» емханасында басшы, ал Рахат бөлім меңгерушісі болған. Рахатты өзіне емдеу жөніндегі орынбасар етіп тағайындаған да сол кісі. Өте іскер, талапты өте қатты қоятын марқұм Геннадий Германовичтен басқару жүйесіне байланысты бұл көп нәрсені үйренді.
Қазір ол Президент Әкімшілігінің Іс басқармасына қарасты аурухананың бас дәрігері. Әлемдік медицина жетістіктері 2006 жылдан мұнда да пайдаланыла бастады. Жоғары дәрежелі медбикелер мен дәрігерлер істейді. Денені кеспей операция жасау да осы ауруханада іске аса бастады.
Техника ғылымдарының докторы, академик Мүбарак Адуовтың сүйікті жары, Талғат пен Нұрланның ардақты анасы, Алдияр мен Айлиннің дүниедегі ең әдемі, ең мейірімді, ең жақсы әжесі, ал, мен секілді теңіз суына батып кете жаздағандардың құтқарушы шеңбері – осы орта бойлы, бидай өңді әдемі келіншек.
Құранда, Інжілде айтылғандай, адамның басқаларға жасаған жақсылығы табиғаттың заңы бойынша өзіне не бала-шағасына, тіпті үрім-бұтағына екі есе жақсылық болып оралады деген қағида рас болса, Рахат Өсербайқызының барлық ұрпағы мейірім нұрына бөленетін шығар.
Дәрігердің жұмысы соншалықты қиын да күрделі екенін жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Әдетте, адам жанына сырқат әбден батқанда ғана дәрігерді тауып, ол қалайда құтқаруға тиісті кісідей міндетси қарайды. Үйіне барып ұйқыға кетер уақытта да сырқат адамды ойлап дәрігердің мазасы кететінін әркім білсе ғой...
Елімізде осындай жаны жайсаң адамдардың бар екенін көргенде, өзіңді мәңгі жасайтын адамдай сезініп, қанат біткендей қуаттанатын сәттердің жан рахатына не жетсін, шіркін!.. Шүкіршілік ету деген осы шығар.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.