Одан үрейлену қаншалықты орынды?
Газетіміздің өткен санында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан: 20 жыл орнықты даму, инвестициялар мен тұрақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» деген тақырыпта VI KAZENERGY еуразиялық форумы басталғанын хабарлаған болатынбыз. Сейсенбі күні форум өз жұмысын одан әрі жалғастырды.
Бұл күнгі форум жұмысына «Атом энергетикасының сабақтары және баламалы энергия көздерінің даму мүмкіндіктері» тақырыбы негіз болды. Пленарлық сессия жұмысының тақырыбы Бүкіләлемдік энергетикалық кеңестің қолдауымен өтті. Алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сөз алды. Ол KAZENERGY форумының жылдан-жылға мазмұны артып, энергетикалық ресурстар саласы бойынша байсалды сұхбат құру алаңына айналып келе жатқандығын тілге тиек етті. «Қазақстан экономиканы әртараптандыру бойынша Мемлекет басшысы белгілеп берген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл маңызы өте жоғары бағдарлама болып отыр. Осы орайда бағдарламада энергетика да өзінің маңызды рөлін атқаруы керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қазақстанның энергетика саласына инвестиция тарту мақсатында барлық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, энергетика саласының одан әрі қарқынды дамуы үшін жаңа механизмдер қарастырылып жатыр. Біз келесі жылдың өзінде Қазақстан электр энергетикасы саласы шетелдік инвестиция құюға тартымды үздік рыноктардың бірі болатынына сенімдіміз», деді Ә.Исекешев.
Форум делегаттарының алдына шыққан шешендердің бірі Халықаралық энергетикалық кеңестің Жапония ұлттық комитетінің басшысы Теруаки Масумото 11 наурыздағы цунами мен зілзаладан кейінгі Жапониядағы қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады.
«Дәл қазір Жапония таңдау үстінде тұр. Мемлекет тек бұл елді ғана емес, жаһанды да ойландырып тұрған атом энергиясымен жұмыс істеуді жалғастыру керек пе, жоқ па деген сұрақтың шешіміне талдау жасау үстінде. Әрине, бұл сұрақты әр мемлекеттер өздері үшін әртүрлі шешуде. Мысалы, Германия мен Швейцария атом реакторлары құрылысын салуды тоқтатса, Сауд Арабиясы мемлекеті 2034 жылға дейін 16 реактор жұмысын қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Сондықтан атом реакторларымен жұмыс істеу туралы шешімді жапон халқы ғана шеше алады, деді ол. Бұл орайда Қазақстан тарабы қандай бағыт ұстанып отырғандығын Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтып өтті. «Қазақстанға келсек, энергетиканың дамуы Қазақстан Үкіметінің негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. 2015 жылға қарай электр энергиясын өндіру жоспар бойынша 100 млрд. киловатт-сағаттан асып түсуі керек, өйткені ол осы уақытқа дейін салынатын 469 жаңа зауыттың жұмысын қамтамасыз етеді. Ал баламалы энергия көздері өндіретін энергия үлесі 2014 жылдары 1 млрд.киловатт-сағатты құрауы тиіс», деді ол. Қазақстан өзінің атом энергетикасын дамыту шеңберінде жапондық «Фукусима» АЭС-інің тәжірибелерін зерттеуде. Өйткені еліміз бұл саланы дамытудың барлық алғышарттарына ие. Сондықтан бұл бағыт бойынша біз Фукусимада болып жатқан барлық жағдайлар мен ақпараттарды ерекше назарға алып, зерттеудеміз. МАГАТЭ және барлық комиссия жұмыстарына белсенді қатысудамыз. Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік база мен жоғары кәсіби мамандар бар. Олар ядролық технология саласындағы қауіпсіздік, ядролық физика саласында іргелі-қолданбалы зерттеу бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз етеді», деп атап өтті Ә.Исекешев.
«Жапонияда орын алған қайғылы оқиғаларға және оның айналасында туындаған ядролық энергетиканың даму болашағына байланысты күмәнге қарамастан атом энергетикасы дәстүрлі энергия көздеріне әлемдегі тұрақты және ұзақ мерзімді баламалы жалғыз энергия көзі болып отыр. «Фукусима оқиғасынан кейін жетекші әлемдік энергетикалық агенттіктер мен ұйымдардың болжауынша, болашақта атом электр энергетикасының үлесі бірте-бірте өсіп, әлемдегі жалпы энергетикалық тепе-теңдіктің маңызды бөлігін құрайтын болады. Жаһандық қаржылық дағдарыстың өзі әлемде құрылысы жоспарланған жаңа атом реакторларының салыну жоспарын тоқтата алмағандығын айтып өткен жөн. Ал Германия және АЭС-тен бас тартып отырған басқа да елдерге Фукусима оқиғасына дейін де атом энергетикасының даму болашағына күмәнмен қарағандығы әсер етті. Алайда, бұл жағдайларға қарамастан, Қытай, Үндістан және Ресейде ядролық-энергетикалық қуат көздерінің дамытылуы одан әрі қарқын алады деп күтілуде. Бұл мемлекеттер ядролық энергетиканы дамыту жоспарынан айнып отырған жоқ. Осы орайда Қазақстан да ядролық энергетикаға балама жоқтығына күмән келтірмейді, сондықтан оны дамыту одан әрі жалғасын табатын болады. Қазір жаңа АЭС құрылысын салудың кезеңдері ғана айқындалған жоқ. Осы орайда Қазақстанда алғашқы атом электр стансасы таяу 10 жыл ішінде салынуы мүмкін», – деді «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшин.
«Бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті. Егер АЭС құрылысын салу шешімі қазіргі әлемде қолданылатын қолда бар атом реакторлары құрылысын салуға арналған технологияны есепке ала отырып қабылданатын болса, алғашқы станса таяу 10 жылдың ішінде пайда болуы әбден мүмкін. 2011 жылы Қазақстан Үкіметі энергетикалық дамудың жаңа бағдарламасын бекітті. Бағдарлама республикадағы атом энергетикасының дамуына негіз қалайды.
Бізге таяу уақытта елдің энергетикалық тепе-теңдігіндегі атом энергетикасының орны мен рөлін анықтап алу керек, сондай-ақ атом стансаларын қай жерлерде орналастыру керектігі жөнінде де нақтылық керек. Сонымен қатар, ең алдымен қауіпсіздігін негізге ала отырып, қолайлы ядролық технологияларды таңдап, бірқатар кешенді мәселелерді шешуіміз керек. Кешенді мәселелер атом энергетикасы саласындағы мамандарды дайындау мен оны қолданудың нормативтік құжаттарын жасап шығарудан бастап, АЭС құрылысына қазақстандық кәсіпорындардың қатысу мүмкіндігін қарастыруға дейінгі жәйттерді қамтиды», – деді С.Яшин.
Бұл күні талқыланған атом энергетикасының даму болашағы туралы мәселеде басы айқын бір нәрсе болды. Ол – атом энергетикасының дәстүрлі энергия көздеріне балама бола алатын жалғыз энергетика көзі екендігі. «Фукусима» оқиғасынан кейінгі айғай-шуды дәл қазір қысқа мерзімді құбылыс деп ойлайтындар да жоқ емес. Сол себепті атом энергетикасын қолдануды жолға қоймақшы мемлекеттер саны артып келеді. Бас тартып отырған Еуропа елдерінің де уәжі бар. Ал Қазақстан болса, жоғарыда айтып өткеніміздей, АЭС салу жоспарынан бас тарта қойған жоқ. Ал қайғылы жағдай орын алған жапон елі атом электр стансаларын қолдануды қолдай ма, қолдамай ма, ол жағы белгісіз. Өйткені әлемде АЭС салу бойынша тәжірибесі өте бай әрі жетекші мамандары бар саналатын бұл елдің табиғаттың тосын жағдайларына шарасыздық танытуы көп елді ойлантып тастады.
Түстен кейін KAZENERGY ассоциациясы мен Қалпына келтірілетін энергия бойынша халықаралық зерттеу орталығы арасында әріптестік меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ «Экологиялық қауіпсіздік және энергия тиімділігі» сессиясы мен KAZENERGY жастар форумы қатар өтті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.