Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы Тайыр Мансұровты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Т.Мансұров Мемлекет басшысына ЕурАзЭҚ-тың қызметі туралы және Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамытудың серпіні жайлы хабарлады. – Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап барлық кедендік ресімдеулер мен бақылау Кеден одағының шекарасының сыртқы контурына ауыстырылды. Мүлде жаңа кескін үйлесімі пайда болуда. Мұндай жағдайда бизнес қоғамдастығы өз бизнестерін қалай қамтамасыз ететіні туралы, өздерінің тиімділіктері мен ерекшеліктері туралы толық хабардар болулары үшін Мәскеу мен Алматыда екі ірі бизнес-форум өткіздік. Егер Мәскеудегі бизнес-форум үш мемлекет – Беларусь, Қазақстан және Ресей өкілдерінің қатысуымен өтсе, ал Алматыға біз ЕурАзЭҚ-тың барлық елдерінің бизнес қоғамдастығын жинадық. Мен Президентке 19 қазанда Санкт-Петербургте ЕурАзЭҚ-тың үкімет басшыларының отырысы өтетіні туралы баяндадым. Сондай-ақ Кеден одағының жоғары органының отырысы өтеді, онда Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту жөніндегі 8 халықаралық шарт қаралып, мақұлданатын болады. Өткен жылы мемлекет басшылары мен үкімет басшылары тарапынан 17 құжат қабылданды, 2011 жыл бойына үш тарап жақтан ратификацияланды, енді бұл құжаттар 2012 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Тиісті шешімді мемлекет басшылары 19 желтоқсанда Кеден одағының жоғары органының кезекті отырысында қабылдайды, бұл Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызметінің басталуы болып табылады. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің толық жұмыс істеуі және тауарлар, қызметтер, капитал мен еңбектің еркін қозғалысын қамтамасыз етуі үшін бізге әлі де 5 жылдай уақыт керек. 2011 жылдан 2015 жылға дейін біз Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 55 халықаралық құжаттар мен өзге актілерді әзірлеп, қабылдауымыз керек. Мысалы, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр ел мен оның үкіметі темір жол тасымалының бірыңғай тарифі болу үшін өздеріне міндеттеме алған. Қазір Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің әрқайсысында – ішкі тасымал, экспорт және импорт үшін – үш тариф бар. Оларда едәуір айырмашылық бар. Сондықтан 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ішкі тасымал үшін және тауар өндірушілер үшін қолайлы болатындай, бірыңғай тариф болады. Жалпы, ЕурАзЭҚ-ты дамыту серпіні өте жоғары деңгейде деуге болады. ЕурАзЭҚ 2000 жылы 10 қазанда Астанада құрылды, бірнеше күннен кейін ЕурАзЭҚ-тың құрылғанына 11 жыл толады, осы уақыт ішінде еркін сауда аймағы мен Кеден одағы құрылды. 2007 жылы Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды, ал 2011 жылы ол толық күшінде жұмыс істей бастады. Бірыңғай кеден аумағы, кеден кодексі бар. Үш елдің Кеден одағы жұмыс істеуі үшін қажетті нәрсенің бәрімен қамтамасыз еттік. Одан ары қарай тек әлеуетті арттыратын боламыз. Кеден одағы бойынша істерді қарастыратын ЕурАзЭҚ-тың соты құрылды. Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың қарқынына келсек, мысалы, Еуропалық Одақта бірыңғай рынокты құру үдерісі 1968 жылдан 1986 жылға дейін созылды. Біз болсақ, 2009 жылы 19 желтоқсанда мемлекет басшылары шешім қабылдаған соң, бір жыл бойы базалық құжаттарды қалыптастырдық, оларды келісімге жібердік, қол қойдырдық, ал одан кейін 2011 жыл бойына ратификацияладық. Еуропалық одақтың аяқталу кезеңі 1986-1992 жылға дейін созылды, біз аяқталу кезеңі тағы 5 жылға созылады деп жоспарлап отырмыз. Осы уақыт ішінде елдердің үкіметтері тауарлар, қызметтер мен еңбектің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін қажетті 70-тен астам міндеттемені орындаулары керек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық жобаның авторы болып табылады, ол 1994 жылы 29 наурызда Мәскеуде, ММУ-дің қабырғасында дезинтеграция шыңына жетіп отырғанда ұсынды. Мемлекет басшысы ұсынған жоба бүгінде жүзеге асырылуда. Бұл – Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, және болашақ интеграция, бірегейлендіру, валюталық одақ құру. Сондықтан біздің ЕурАзЭҚ жөніндегі жұмыстарымыз кездейсоқтық емес, ол бәрінен бұрын, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жобасы болып табылады. Бұл жоба біртіндеп іске асырылып келеді, ЕурАзЭҚ-қа мүше әр елдің, Кеден одағының дамуына мүмкіндік беретін халықаралық интеграцияға қарай қадам басуда. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Кеден одағы елдерінің тауар айналымы 35 пайыздан 45 пайызға дейін артты. Бұл үлкен игілік, – деді Т.Мансұров журналистерге арналған брифингте. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. *** Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. А.Мамин Президентке «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың ағымдағы қызметі жайлы және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы хабарлады. – Мен Мемлекет басшысына компанияның 9 айдағы қызметінің қорытындылары туралы баяндадым. Барлық жоспар артығымен орындалуда. Негізгі өндірістік көрсеткіштер асыра орындалуда. Биылғы жылы компанияның таза пайдасы 90 млрд. теңге мөлшерінде болады деп күтілуде. Бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қарай Қытайға шығуға мүмкіндік беретін «Жетіген-Қорғас» темір жолының құрылысы аяқталады, Түркіменстанмен шекарадағы Өзен темір жолы учаскесінің құрылысы аяқталды. Биылғы жылы желтоқсанда жолаушылар вагондары өндірісі жөніндегі зауыттың құрылысы аяқталады, ол Қазақстанның барлық аумағы бойынша жылдамдығы жоғары жолаушылар қозғалысы бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік туғызады. Маршруттық және учаскелік жылдамдықтар екі есеге арттырылатын болады. 2008-2011 жылдар аралығында компания темір жол мәшинелерін жасау көлемін 10 есе арттырды, яғни 10-нан 100 млрд.-қа жеткізді. Биылғы жылы компаниядағы қазақстандық қамту 83 пайызды құрайды. Компания корпоративтік басқару бойынша ұлттық компаниялар арасында бірқатар ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда көшбасшы болып табылады. Президенттің Жолдауы аясындағы тапсырмасына сәйкес, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша үшінші пойыз іске қосылды, – деді А.Мамин журналистерге арналған брифингте.
•
06 Қазан, 2011
Ықпалдастық дами түседі
336 рет
көрсетілді