Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында агроөнеркәсіптік кешеннің барлық салаларын қайта құрудың ауыр жолын бастан кешті. Осы уақыт аралығында агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары жекешелендіру, кейін қаржылық оңалту, сондай-ақ дәрменсіз шаруашылықтардың банкроттығы үрдістерін өтті.
Ауыл шаруашылығы саласының өтпелі кезеңіндегі құлдырауы Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда ертерек еңсерілді. 1999 жылдан бастап аграрлық сектор тұрақты қарқынмен дамып келеді. Бұған біршама деңгейде жүргізіліп жатқан аграрлық саясат пен тиісті қаржылық қолдау ықпал етті.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау көлемі өткен онжылдықта ғана іс жүзінде 20 есеге ұлғайып, 2010 жылы 235,5 млрд. теңгені құрады, оның 20%-ы дерлік немесе 44,4 млрд. теңгесі субсидияның үлесінде. Ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау көлемі 223,4 млрд. теңгені, оның ішінде, субсидиялар – 33,9 млрд. теңгені құрады.
Соңғы жылдары аграрлық саланы мемлекеттік қолдау тетіктері айтарлықтай өзгертіліп, оларға ынталандырушы бағыт берілді. Осының арқасында, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ұлғаюда. Осылайша, егер 2000 жылы саланың негізгі капиталына инвестиция көлемі 8,2 млрд. теңгені құраса, 2010 жылы 83,5 млрд. теңгені құрады немесе 2000 жылға қарағанда 10 есе артты.
Несие беру бағдарламалары шеңберінде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қажеттіліктеріне бағдарланған егіс жұмыстарын жүргізуге, ауылдық тұтыну кооперативтеріне жеңілдетілген несие беру, ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдық лизингі, ауылдық несие серіктестіктері жүйесі, шағын несие беру, астық қолхаттары және оларды кепілдік ретінде пайдалану секілді қаржы құралдарының жүйесі қалыптасты.
Оларды іске асыруға жетекшілік ету бүгінде құрамына жеті мамандандырылған ұйым кіретін «ҚазАгро» ұлттық холдингіне беріліп отыр. «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-тың қызмет ету кезеңінде аграрлық салаға барлығы 762,3 млрд. теңге жұмсалды, оның ішінде бюджеттік қаражат 22,5% (171,2 млрд. теңге), өз қаражаты – 18,3% (139,6 млрд. теңге), тартылған қаражат – 36,5% (278,1 млрд. теңге), Ұлттық қордың қаражаты 22,7% (173,4 млрд. теңге) құрайды. Ұлттық холдинг агроөнеркәсіптік кешенді несиелендіруге 500 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсады. Осының барлығы белгілі жетістіктерге қол жеткізуге және ішкі рыноктағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты соңғы 10 жылда 3 есеге ұлғайды, ұн экспорты бойынша біз соңғы төрт жыл бойына әлемде жетекші орынды иеленіп, жыл сайын шамамен 3 млн. тонна ұн (астыққа шаққандағы) экспорттаймыз. Астық экспортының көлемі жылына шамамен 5-7 млн. тоннаны құрап отыр.
Мал шаруашылығы саласында 90-жылдардың аяғында өндірістік көрсеткіштердің төмендеуін еңсеруге қол жеткізілді. Соңғы 10 жылда бұл сала ауылшаруашылық малдары мен құстарының саны жағынан да, өнім өндірісі жағынан да өсімге ие. Осы кезең ішінде мал мен құс басының, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің ортажылдық өсімі орта есеппен 5%-ды құрады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын қайта қалпына келтіру, отандық тауар өндірушілердегі ауылшаруашылық малдарының және құстарының өнімділігін ұлғайту мақсатында 1998 жылдан бастап республикалық бюджеттен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға субсидия бөліне бастады, бұл ретте мемлекеттік қолдау асыл тұқымды төл, бұқа ұрығының, асыл тұқымды жұмыртқаның құнын арзандатуға бағытталды. 1998 жылы көрсетілген шараларды қаржыландыруға 159,3 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінгенін, ал бүгінгі күні аталған бағдарламаның бюджеті 5080,3 млн. теңгені құрайтынын атап өту қажет, бұл өз кезегінде республикамызда асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың елеулі өсіп отырғанын көрсетеді.
Республикамызда асыл тұқымды база ұлғаюда, егер 2000 жылы республикамызда 209 шаруашылық субъектілер базасы болса, ал бүгінгі күні субъектілер саны 720-ға жетті немесе 3 есеге өсті. Асыл тұқымды өнімді (материалды) субсидиялаудың арқасында асыл тұқымды төлді сату 10-15%-ға өсті.
Асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсуде, егер 2000 жылы жалпы мал басындағы асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы 3,2% болса, 2011 жылдың 1 қаңтарына бұл көрсеткіш 6,1%-ды құрады, қой 3,5%-дан 12,1%-ға, шошқа 1,4%-дан 13%-ға, жылқы 1%-дан 6%-ға ұлғайды.
Сапалы мал шаруашылығы өнімінің өндірісін арттыру, орта-ірі тауарлы өндірістер құру және соның негізінде импорттың үлесін төмендетіп, ішкі рынокты қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылдан бастап мал шаруашылығы өнімін өндіру үшін пайдаланылатын құрамажемнің және маңыздандырылған азықтың құнын ішінара (45%-ға дейін) арзандатуға бағытталған бюджеттік бағдарлама іске асырылады. 2006 жылы тек құс етін өндіру субсидияланып, оған 1000,0 млн. теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні бұл бағдарлама сиыр етін, шошқа етін, бройлерлік құс етін субсидиялауды, сүт, қымыз, шұбат, биязы қой жүнін және тауарлық жұмыртқаны өндіруге кеткен шығындарды ішінара өтеуді, сондай-ақ ірі қара малды азықтандыру үшін пайдаланылатын шырынды және кесек азықтың құнын ішінара арзандатуды көздейді. Осылайша, бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру көлемі оны іске асыра бастаған кезбен салыстырғанда 17 есе өсті.
Көрсетіліп жатқан қаржылық қолдау арқасында субсидиялау бағдарламасына қатысатын ауылшаруашылық құрылымдарының мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі өсті. Мысалға: сиыр еті 3 есеге өсті (2007 жылы 9,5 мың тонна өндірілсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 28,5 мың тоннаны құрады). Шошқа еті 4,8 мың тоннадан 2010 жылы 16,2 мың тоннаға дейін немесе 2 есеге өсті. Құс еті 3 есеге, 26,6 мың тоннадан 94,9 мың тоннаға дейін өсті. Тағамдық жұмыртқа 1973,0 млн. данадан 2008 жылы 2297,5 млн. данаға дейін немесе 116,4%-ға өсті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық құрылымдарындағы малдың және құстың өнімділігі жоғарылады. Егер, 2008 жылы союға өткізілген ірі қара малдың орташа салмағы 332 кило болса, 2010 жылы 350 кило болды. 1 сиырға есептегенде сүт сауылымы 2851 килодан 3 286 килоға дейін жоғарылады.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары тамақ өнеркәсібінде оның әрі қарай беталысы мен даму динамикасын алдын-ала анықтап берген маңызды құрылымдық өзгерістер болды. Бұл сала өңделетін өнеркәсіп құрылымының бесінші бөлігін құрайды. Тек 10 жылдың ішінде орташа жылдық өсу қарқыны 8-10%-ды құрады. Бұл ішкі рыноктағы негізгі азық-түлік тауарларының үлес салмағын айтарлықтай дәрежеде ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2003-2011 жылдары ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға республикалық бюджеттен 18,6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған қаражат қайта өңдеушілердің қаржы институттарының несиелері бойынша төлейтін сыйақы мөлшерін орта есеппен жылдық 14,6%-16,0%-дан 4,1% - 5,4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, несиелер бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау 9 жыл ішінде салаға қосымша қаржы институттарының жалпы сомасы 307 518,0 млн. теңге несие ресурстарын тартуға мүмкіндік берді, яғни бюджеттік субсидияның әр 1 теңгесі 16,6 теңге несие қаражатын тартты және бюджетке шамамен 4 теңге салық түсімінің қайтарылуын қамтамасыз етті.
Халықаралық менеджмент және сапа жүйесін ендіріп жатқан кәсіпорындардың санын 2003 жылға қарағанда 60 есе арттыруға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта елімізде өз өндірісінде ИСО және ХАССП сапа менеджменті жүйесін 360 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі енгізді, оның ішінде 228 кәсіпорын бюджеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде. Олар алған субсидия сомасы 218,2 млн. теңгені құрады.
Сегіз бағыт бойынша, атап айтқанда, ет және ет өнімдерін өндіру; жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу және консервілеу; өсімдік пен жануарлар майларын және тоңмай өндіру; сүтті қайта өңдеу және ірімшік өндіру; ұн-жарма өнімдерін өндіру; жануарлар үшін дайын азық өндіру; нан өндіру; крахмал өндіру бойынша жеңілдікті салық салуды (ҚҚС-ты 70%-ға төмендету) енгізу кәсіпорындарға бос қаражатты өндірісті жаңартуға және дайын өнімдер өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағыттауға мүмкіндік берді.
Өндіріс көлемдерінің ұлғаюымен негізгі әлеуметтік көрсеткіштер де жақсарды.
Тәуелсіздік жылдарында аграрлық саланы мемлекеттік қолдауды іске асыру тиімді бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті дамыту, импортты алмастыру, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және ауыл халқының өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын жоғарылату үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.
Марат ТОЛЫБАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.