• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Шілде, 2017

Тұғыры биік тұлға

458 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Жұрт­шы­лық­тың қолдауымен ол аудан басшылығына келді. Жамбыл ау­дандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сай­лан­ған Жүсіпәлі Нөкетаевтың алдында бұрынғыдан да ауыр жау­апкершілік пен зор міндет тұрды. Өзіне көрсетілген сенім үде­сінен шығу үшін жаңа істерге білек сыбана кірісіп, көп жы­лғы жинаған тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін пай­да­ла­нуға тура келді. Бәрі де жақсы басталып ке­ле жатқан. Алай­да бір аласапыран кезең ту­ып, заман да қоғам да өзгеріп са­ла берді. Би­ліктің атауы да сан құбылды. Аудандық пар­­тия комитеті мен атқару комитеті бірігіп, жа­­ңа құрылым – ха­лық депутаттарының ау­дан­дық кеңесі құрылды. Оның тө­рағалығына өзі бекітілді. Көп ұзамай тамыз оқи­ғасынан кей­ін бәрі де өзгерді. Коммунистік партия та­рих сахнасынан тайып, кеңес өкіметі келместің кемесіне мін­ді. Ел абды­рап қалды. Нарық келіп аумалы-төкпелі бір ау­ыр кезең орныққаны белгілі.

Міне, осы сын сағатта Жүсекеңе тағы да ауыр жүк артылды. Бұрынғыдан да салмақты әрі жауапты. Облыс әкімінің шешімімен Ж.Нөкетаев ауданның әкім болып тағайындалды. Тұңғыш әкім. Нарық эко­номикасының қиыншылықтарына бай­ланысты туындаған мәселелерді дұ­рыс шешіп, тұйыққа тірелмеудің мүм­кін­діктері мен амалын табуға ұмтылды. Ша­­руа­шылықтарды таратпай, уақытша ұс­­тай тұруды жөн көрді. Ондағы ойы бар­ды дереу шашпай, амалдап ұстай тұру, на­­рықтың соққысына ұрынып, не істерін біл­­мей қалған жұрттың ес жинап, өз бе­тін­ше тірлік жасауына дағдылансын де­гені еді. Біртіндеп кооперативтер мен се­рік­тес­тіктер, шаруа қожалықтары, шағын және орта кәсіпорындар құрыла бастады. Жұртқа жұмыс тауып беріп, күн көрісін жақсарту сол кездің маңызды шаруасы болды. 

Бұл уақыт халықтың рухани оянып, ең­сесі көтерілген шақ еді ғой. Тәуелсіздікке қол жеткізген елдің санасы сілкініс жасап, та­рихтың қатпарында қалған атақты ақын­да­ры мен батырларын, билері мен ше­шендерін іздеп, халықтың атамұрасына, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрпына деген ықы­ласы ауды. Жұрттың есінде қалған ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату, ас беру, еске алу шаралары жаппай қолға алын­ды. Мұндай іс-шараларға елдің өзі ынта та­нытып, үлкен белсенділік көр­сетті. Сон­дай шаралардың қатарына Са­ры­бай би Айдосұлы, Тайторы Сәке болыс, Өтеп батыр, Найманбай батыр сияқты ха­лық­тың асыл ұлдарына ескерткіш орнатылып, ас берілгенін, сондай-ақ есімін ел қас­терлейтін Қасымбек Айдарбекұлы, Бай­жұ­ма Естайұлы сынды азаматтардың рухына ар­нал­ған жиындар өткізгенін қосуға болады. Сол жылдары ауданның Дегерес ауылында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткізілді. 

Осы тұста елі мен жерін жаудан қор­ғап, ерлігі аңыз, ақылгөй абыз атанған,  да­ра тұлға – қазақтың Қарасай батырына ес­керткіш орнату мәселесі туындаған еді. Бұл шапағаты мол шаруаны ауданның әкімі, Қарасайдың тікелей ұрпағының бірі – Жүсіпәлі Нөкетаев өзі қолға алды. Дайындық жұмысы Қарасай атындағы тарихи-этнографиялық қор құрудан басталды. Оған ынталы топ тартылып, халықтан қаржы жиналды. Жүрегінде жалыны, бойында намысы бар азаматтар қаржысын да, күшін де аямай, ескерткіш тұрғызуға барын салды. Батырдың мүсіні де аз уақыт ішінде дайын болды. Ескерткіштің іргетасы қаланып, тұғырға ат үстіндегі алып тұлғалы батыр орнатылып, оның пердесі сыпырылған сәтке дейін үш ай ғана өтті. Сол уақыттың бәрінде ескерткіш орнату жұ­мысының басы- қасында әкімнің өзі жүрді. Жанын салып, тыным таппады, өзіне де, өзгеге де маза берген жоқ. 

Ақыры әкімі бастап, ел-жұрты қоштаған игілікті іс жүзеге асты. 1993 жылғы 23 қа­зан күні аудан орталығы Ұзынағашта, мә­дениет үйінің алдында орнатылған Қа­ра­сай бабамыздың ескерткіші салтанатты жағ­дайда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысты. Бұл ұлан-асыр тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, қуанышқа ортақтасты. Айтыстың көрігі қызды, аламан бәйгенің қиқуы басылмады. 

Ұлт рухын көтеру мәселесінде аудан басшысы ретінде Жүсіпәлі Нөкетаев та аянып қалған жоқ. Соның нәтижесінде ау­дан орталығында отыз көшенің аты қа­зақшаланды. Бұрын орысша аталып кел­ген бірқатар ауылдар өзінің бұрынғы Бес­мойнақ, Қараша, Сұңқар, Аққайнар, Мә­тібұлақ секілді атауларын қайтарды. Бұл өзгеріс кейін де жалғасты. Қазір бір­неше ауылда Қарасай батыр атындағы көше бар. Сондай-ақ, бұрынғы «Үлгілі» кең­шары, Куйбышев ауылы бабамыздың есі­мін иеленді. Ұзынағаштағы орталық Мәдениет үйі де Қарасай баба атында. Жүсіпәлі Нөкетаев аудан тарихында ұлт тағдырын ойлаған, батыл жүректілігімен, ер мінезділігімен танылған азамат ретінде қалады. 

Жүсіпәлі әкім болған жылдары ауданнан шыққан бірқатар атақты азаматтардың мерейтойлары, ғарышкер жерлесіміз Талғат Мұсабаевпен жұртшылықтың кез­десуі өт­кізілді. Ұлы жырау Жамбыл баба­мыз­дың 150 жылдық мерейтойына арналған ал­ғашқы дайындық та қолға алын­­ғанын айт­қан жөн. Осы шаралардың барлығына өзі араласып, басшылық жасап жүрді. 

Тағы бір оқиға ойға оралады. Сол аласапыран тоқсаныншы жылдардың басы. Қастек ауылындағы орта мектептің қа­быр­ғалары қарс айырылып, төбесі құлауға айналды. Апатты жағдайда мұнда бала оқыту мүмкін емес. Балалар жеке үйлерде оқытылды. Мектеп салу керек. Ал оған қаржы жоқ. Не істеу керек енді? Бюджет қор­жыны бос. Әкімнің өзі облысқа шықты. Қай­ыр болмады. Инвестор іздеді. Бизнеспен ай­налыса бастаған азаматтарға қолқа салды. Кәсіпорындар мен жеке кооператив басшылықтарынан қарызға қаржы беруін өтінді. Билігіне де басты, беделін де салды. Көп ұзамай мектеп құрылысы басталып, айналасы бір-екі жылдың ішінде аяқталды-ау әйтеуір. Ата-аналар мен ұстаздардың, оқу­шылардың қуанышында шек жоқ. Жоқ­тан бар жасап, мектеп салдырып берген әкімге деген олардың ризашылығы шексіз еді. Мына қызықты қараңыз. Бүкіл облыста сол жылы бір ғана мектеп салыныпты. Ол – Қастек орта мектебі. Оқу жылының басталу қарсаңында болған мектептің ашылу салтанаты үлкен мерекеге ұласты. Оған республикалық «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева келіп қатысты. Сол жылы мектептің бірінші сыныбына келген оқушылардың бәріне, ол қордың атынан оқу құралдары мен киім формаларын, өзге де сыйлықтарды үлестірді.

Әкім болып қызмет істеген кезінде Жүсекең жастарды тәрбиелеп, жауапты жұмыстарды соларға тапсыратын. Өзі­мен бірге қызметтес болған Тоққожа Есте­нов, Вилли Экк, Айжәмила Аралбаева, Жұ­ма­бек Шажабаев, Жолдасбек Нүсіпов, Нұр­сұлтан Әкежанов және басқалар өз саласын жетік меңгерген, жауапкершілік жүгін жете сезінген, әрі өзіне көмекші кадрлар болып шықты. Сол жылдары бір­қатар шаруашылықтардың тізгінін жас мамандарға ұстатты. Солардың қа­т­а­рын­да «Ақтерек» кеңшарының директоры етіп Б.Әлиевті, «Беріктас» кеңшарына Д.Жапаровты, Аманкелді атындағы кең­шар­ға Т.Шайжүнісовті, Ленин атындағы ұжым­шар­ға А.Жарқынбаевты тағайындады. Жү­сіпәлі ұстазының тәрбиесін көріп, мек­те­бінен өткен бұлар секілді жастар бұл күн­дері әр салада белсенді еңбек етіп жүр­ге­ні қуантады. 

Жүкеңнің көзі тірісінде туған ауылы – Қастекте мешіт салу ойында бар еді. Ол ойын өзі өмірден өткеннен кейін үлкен қы­зы Жанар мен күйеу баласы, еліміздің сол кездегі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ел­шісі Асқар Мусинов, қызы Динар және өз­ге де балалары, жерлестері жүзеге асырды. Сөйтіп, өзінің бастамасымен салынған ме­шіт бүгінде ауыл тұрғындарының Алла та­ғалаға мінәжат ететін қасиетті мекеніне ай­налды. 

Өмір өз орнында тұрған ба?! Бұл күнде Жүсіпәлі ағамыз да, жеңгеміз Алмагүл де арамызда жоқ. Мына жалған дүниеден жылыстап, бақилыққа аттанып кетті, әттең ерте кетті. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Алмагүл жеңгеміз жан-жарының биіктерден көрінуіне сүйеу әрі тіреу болып, отбасы мен бала тәрбиесінің қастерлі жүгін арқалады. Туған-туыс пен дос-жаранның көңілінен шыққан ардақты ана бола білді. Өмірден өткендерімен артында өрнекті де көрнекті іздері қалды, өздері бағып-қағып өсірген ұл-қыздары, немерелері қалды. Олар да өмірдің сан саласында еңбек етіп, әке мен шеше аманатын жалғастыруда. Қызы Динар Парламент Сенатының депутаты. Әке жолының сабақтастығы бұл. 

Биыл мамыр айында Жамбыл ауда­ны­ның тұңғыш әкімі, «Құрмет» орденінің ие­гері, қоғам қайраткері Жүсіпәлі Нөке­та­евтың 75 жылдығына орай Қастек ауылы­нда жасөспірімдер арасында дзюдо кү­ре­сі­нен облыстық ашық турнир өткізілді. Оған бірнеше ауданның спортшылары қ­а­тысып, озғандары жүлделер мен арна­йы сыйлықтарға ие болды. Сол күні мар­құмның рухына бағышталған құран оқы­лып, ас берілді.

Бұл мерейлі еске алу жиынында ақта­ры­ла сөйлеп, ақ тілегін жеткізгендер көп бол­ды. Қазақстанның халық әртісі, курстас досы Нариман Қаражігітов:

– Осыдан жарты ғасыр бұрын Алматы­ның зоотехникалық-малдәрігерлік инстит­у­тына Жүсіпәлі екеуіміз бірге түскен едік. Ақ­көңіл өте сыйлы, беделді еді. Кейін мен әншілікке ауысып кеттім. Жүсіпәлі де жақсы ән салатын. Әсіресе, қазақтың халық әні «Шәпибай-ауды» тамаша орындайтын. «Нариман сияқты мен де әнші болар едім, бі­рақ зоотехник мамандығы жеңіп кетті ғой» деп қалжыңдайтын, – деп өзінің сүйікті до­сының жақсы көретін әнін орындап берді. 

Ал жазушы, бел құдасы Ахат Жақ­сы­ба­ев: 

– Жүсекең бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын, сабыры мол, орнықты адам еді. Көңілі жомарт, құшағы кең болатын. Күні түсіп көмек сұрағандарға «бауырым» деп, жаны ашып, барды бөліп беретін. Қиналғанда, сыналар сәтте намысы қозып, адалдықтан айнымай, айтқанынан қайтпайтын өр мінезді ер екенін әркім де біледі. Осы қасиетін білген соң ел оны «азаматым» деп, ардақтап өтті. Іскерлігін мойындады. Сондықтан сенім артып, билік тізгінін қолына ұстатты. Он бес жылда құда болғандағы жақсы қарым-қатынас, ортақ қуаныштар, жарасымды жөн-жоралғылар еске түсіп, сол жылдарды, бірге өткізген күндерді сағынамын, – деп толғанды.

Жүсіпәлінің жақын бауыры елдің жо­ғарғы мектебіне еңбек сіңірген қыз­мет­кер, профессор Марат Нұриев, республика Жоғарғы Әскери сотының төрағасы Серік Байбатыров, заң ғылымдарының док­торы, профессор Арықбай Ағыбаев жә­не тағы басқалар беделді басшы, қоғам қай­раткері Жүсіпәлі Нөкетаев туралы ес­те­ліктер айтып, жүрек жарды лебіздерін біл­дірді. Соның арасында елге еңбегі сіңіп, халық құрметіне бөленген ардақты азаматты есте қалдыру үшін аудан орталығы Ұзынағаштың бір көшесіне және өзі туып-өскен ауылдағы Қастек орта мектебіне Жүсіпәлі Нөкетаевтың есімі берілсе деген ұсыныстар да айтылып жатты. Тиісті орындар мұндай игі ұсыныс-тілектерді ескеріп жатса, әрине, құба-құп.

Жұмаш Арғымбайұлы,  Қазақстан журналистика академиясының академигі, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы