11-12 қазанда Астанада Маңғыстау облысының күндері өтеді
«Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. *** Маңғыстау... тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес. Бұл даланың жел екеш желі де үш жүз алпыс екі әулие бірге құран оқып, бірге намазға жығылғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, күңіреніп тұрғандай. Ұғымталға ұқтырары көп ұлағатты өлке, көсегең көгере бергей! Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ. Маңғыстау түбегі – бұл тарихы өте бай өлке, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ол өзінің шын мәніндегі гүлденуін бастан кешуде. Жер қойнауында минералды шикізаттың, ең алдымен, мұнай мен газдың мол қорының болуы арқасында, Маңғыстау инвестициялар тарту жөнінен ел өңірлері арасында көшбасшылар сапынан көрінді. Облыс тұрғындары осы кезеңді, осыдан жиырма жыл бұрын еліміздің және өңіріміздің экономикалық және геосаяси стратегиясын дұрыс айқындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерімен орынды байланыстырады. Маңғыстау еліміздегі 16 өңірдің арасында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша бірінші орынға және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша көшбасшылық орынға ие болды. Өңірдің қол жеткізген жетістіктері туралы облыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ әңгімелейді. – Қырымбек Елеуұлы, әңгімеңізді Маңғыстау облысының Қазақстанның басқа облыстарынан ерекшелігі туралы айтудан бастасаңыз? – Ол осынау ежелгі өлкенің бірегейлігінде. Біріншіден, өңір жағалауын Каспий теңізі шайып жатыр. Сондықтан да біз көпшілігі алғаш рет іске асырылып жатқан, кең ауқымды сынақ алаңымен салыстыруға болатын, осынау нәрлі жерді, облыс экономикасының игілігіне пайдалануға талпынамыз. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен алғышарттар бар. Мысалға, биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін тек қана бюджеттік көздерден 73,5 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,5 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 42 млрд. теңге қаралды. Ағымдағы жылдың 8 айында ғана өнеркәсіп өндірісі көлемі 1,6 трлн. теңге, нақты көлем индексі 103,7 % құрады. Біздің өңір өнеркәсіп өндірісінің жалпыреспубликалық өсімінің 16,5 %-ын қамтамасыз етеді. Бұл 28 % өсім байқалған Атырау облысынан кейінгі 2-орын. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде 40 млрд.-тан астам теңгені құрайды. Экономиканың негізгі секторындағы еңбек өнімділігі 12% -ға( (бір адамға 116,9 дан 131 мың долларға дейін) өсті. Біздің өңір инвесторлар үшін тартымды, мысалға, биылғы жылдың 8 айында өңір экономикасына тікелей 250,5 млрд. теңге (1,7 млрд. АҚШ доллары) инвестициялар тартылды. Бұл ретте экономиканың басым секторларында (мұнай-химия, химия өнеркәсібі, мәшине жасау, құрылыс индустриясы) өткен жылғы 385 млн. теңгеден биылғы жылдың 8 айында 2,9 млрд. теңгеге дейін өсім байқалады. Қорытындысында халықтың жан басына шаққандағы инвестициялардың көлемі бойынша облыс орташа республикалық көрсеткіштен 2,5 есеге артып түсті. Маңғыстау облысының бүгінгі экономикалық табыстары жоғары болса да, мен осыларды еліміздің басшылығы таяу жылдары біздің өңірімізде жүзеге асыруды көздеп отырған бұдан да гөрі ауқымды экономикалық жобалардың іске асырылған «алғашқы қарылғаштары» деп атар едім. Қазіргі кезде Каспий жағалауында мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа, қазіргі заманға сай инфрақұрылымы – экспорттық құбырлар, терминалдар, теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базалары, кеме жасау коммуникациялары мен басқа да нысандар тұрғызылуда. Біздің облысымыз көлік жолдарының тоғысында орналасқан, сондықтан да логистикалық тұрғыдан өте қолайлы. Табиғат тартқан артықша сыйды пайдаланбау орынсыз болар еді. Сондықтан да инвестициялардың едәуір көлемі халықаралық теңіз порты бар Маңғыстауға тартылуы тиіс. – Маңғыстау қашан Каспий теңізінде қазіргі заманға сай порт кешеніне ие болады? Неліктен бізде әлі күнге дейін жалғыз ғана порт? – Ақтау порты – Азия мен Еуропаның көлік маршруттарының түйіскен тұсындағы аса маңызды стратегиялық және көліктік торап. Біз бүгінде жылына 4 млн. тонна жүк болатындай қуатын ұлғайту үшін, порт аумағын солтүстік бағытта кеңейтумен жұмыстанудамыз. Бұдан басқа, Баутино жүк порты жаңғыртылуда, Александр Бекович – Черкасский шығанағында және Сартас шығанағында порттық инфрақұрылым құру жөніндегі жобалар белсенді іске асырылуда. Жуық арада Құрық порты Каспий маңындағы өңірде аса ірі портқа айналмақ. Порт аумағында Ақтау арнайы экономикалық аймағын ашу маңғыстаулықтар үшін айтулы оқиға болды. «Ақтау теңіз порты» АЭА – өңірлік экономиканы әртараптандырудың басты құралдарының бірі. Соңғы үш жылда АЭА-ның аумағы 9 есеге – 227 –ден 2000 гектарға дейін кеңейтілді, қолданылу мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылды. Қазақстанда алғаш рет кеме жасау зауыты, «Қашаған» жобасының аясында пайдаланылатын металл конструкцияларын шығару зауыты салынды. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру және үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында, елімізде алғашқы бұрғылау ерітінділерін дайындау зауыты іске қосылды, сондай-ақ Бейнеу астық терминалы т.б. өндірістер пайдалануға берілді. Сонымен бірге, республикада алғаш рет концессиялық негізде Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы салынып, іске қосылды. Ұшыру-қондыру жолағын қайта құрылымдау аяқталды, болашақта жаңадан ұшыру-қондыру жолағы салынбақ, бұл әуежай инфрақұрылымын халықаралық стандарттар талаптарына жеткізуге мүмкіндік бермек. – Соңғы кездері адай асыл тұқымды жылқысының жетістіктері ел аузында. Адай жылқысының феномені неде және еліміз осынау дала тұлпарлары жайында әлі күнге дейін қалайша білмей келген? – Бұл өлкенің өз ерекшеліктері бар. Маңғыстау 362 әулиенің құтты қонысы. Оларға өзге өңірлерден табынушылар күн сайын ағылып келіп жатады. Маңғыстау аймағы ежелгі өркениеттің археологиялық, қорықтық, тасқа қашалған суреттер тәрізді ескерткіштерге өте бай. Ежелгі қорымдардағы қойтас, құлпытас, саркофаг, сағдия там, мавзолейлердің сыры кетсе де сыны кете қоймаған мүсіндері көзді қарықтырады. Былайша айтқанда, өлке 25 мың тарихи ескерткіштерден тұратын ашық аспан астындағы мұражай десе де болады. Олардың көбі мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Маңғыстау Үстірт үстінде айрықша жылқы тұқымын өсірумен айналысуда белгілі деуге болады. Осы жылғы мамыр айында ауыл шаруашылығы саласы асыл тұқымды сәйгүлікті даярлаудың арнайы мәртебесін алды. Біздің сәйгүліктер республикалық және азиялық бәйгеде ерен жеңіске жетті. Шілде айындағы Ресейде өткен Достастық елдерінің кубогынан да табыспен оралды. – Елбасының қолдауымен өмірге келген «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған мегажобасы мән-маңызы жағынан аймақтың ғана емес, республикамыз үшін де ерекше рөл атқаратын жасампаз жоба деуге болады. Сондай-ақ, соңғы жылдары ел құлағын елеңдетіп жүрген «Ақтау Сити» қаласы мен «Кендірлі» демалыс аймағының құрылыстары жайлы не айтасыз? – «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған мегажобасы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де ешбір тоқтаусыз жүрді. Бұл күндері бұл жобаны «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыруда. Жалпы, біздер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, аймақтың транзиттік әлеуетін толықтай пайдалануды жүзеге асыруға жұмыстанудамыз. Сол кезде темір жол, авиация, теңіз, автокөлік жобалары Еуропа мен Азия арасындағы жүк айналымы тасқынын жоғарылата түсетін болады. Бүгіндері АЭА-ның аумағы инвестициялық жобалармен толыға түсті. Осы жылдың өзінде онда 3 өндіріс орнының құрылысы басталып, тағы да 17 жобаны іске асыруға инвестициялық келісім-шарттар жасалды. Осы жоба арқылы Маңғыстау тұйықтағы қазыналы түбек емес, тоқсан жолдың торабына айналғалы отыр. Өңірде екінші «Каспий» арнайы-экономикалық аймағы құрылады. Оның орталығы – «Өзен-Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы желісін біріктіретін «Болашақ» стансасы. «Каспий» энергетикалық хабінің инженерлік желілерінің жобасы дайын, құрылысы жақын арада басталмақ. «Ақтау Сити» қаласы құрылысының жобасын нақты іске асыру өткен жылы бастау алды. Казір ондағы «Аққу» деп аталатын бірінші шағын ауданның алғашқы тұрғын үйлерінің құрылысы қарқынды жүруде. Ол жерде тұрғын үйлермен қатар сауда, бизнес орталықтары қонақ үйлер бой көтереді. Жақында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін екі орта мектеп, үш балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар құрылысы басталады. «Кендірлі» курорттық демалыс аймағы мен халықаралық әуежайдың сыртқы инфрақұрылым нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмысы аяқталуда. Құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. – Сіздің пікіріңізше, болашақта облыстың Каспий аймағындағы, әлемдік деңгейдегі рөлі қандай болмақ? – Соңғы кезде әлемдік қауымдастықта Каспий аймағының саяси да, экономикалық та маңызы артып отыр. Бұл бірінші кезекте аймағымызға энергетикалық ресурстардың ірі қорының барлығынан болса керек. Ақтау Каспий өңірінде халықаралық мәртебеге ие болған қалалардың бірі. Оның айқын айғағы – Әзербайжан мен Иран мемлекеттерінің бас консулдықтарының Ақтау қаласында ашылуы. Сонымен бірге, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің өкілдігі де жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс энергетикалық қуатты, көліктік-логистикалық және сервистік-туристік мүмкіндіктерге ие аймақ. Төрт халықаралық көліктік дәліздің екеуі – ТРАСЕКА мен Солтүстік-Оңтүстік Маңғыстау арқылы өтеді. Қазақстанның қазіргі картасында Ақтау теңіз, әуе және жердегі жолдардың түйіскен тұсы болып кірген. 2007 жылы Қазақстан, Ресей, Түркіменстан және Иран мемлекеттерінің басшылары осы елдерді теміржолмен және автокөлік жолдарымен байланыстыратын келісімге қол қойды. Сол «Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган» темір жол желісінің құрылысы аяқталды. «Солтүстік пен Оңтүстік» транзиттік дәлізі арқылы Парсы шығанағына шығу мүмкіндігі туды. Түркіменстан газын облыс «жүрегі» МАЭК пайдалануда. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы орталық пен батыс Қазақстанға тура жол ретінде Қытай, Еуропа және Кавказ елдері арасындағы сауда айналымының 30-50 пайызға өсуіне мүмкіндік туғызады. – Халқымыздың алтын бесігі ауыл екені белгілі. Осыдан 6-7 жыл бұрын ауыл тұрғындары өндірісті сағалап қалаға қарай үдере көшкендері де есімізде. Ал соңғы жылдары керісінше, қаладан ауылға баратындар қатары көбейе түскені байқалады. Осы үрдіс лайықты жалғасын таба түсуі үшін қандай жұмыстар жасалуда? – Иә, деректерге сүйенсек, соңғы жылдары ауылдан қалаға қоныс аударушылардың саны бойынша ең төменгі көрсеткіш біздің аймақтың үлесінде. Өйткені, өңір халқының ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жыл сайын жақсарып, олардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті жағдайлар жасалуда. 2009 жыл аяғында облыстың барлық елді мекендері газбен, электр энергиясымен, сумен, телефон байланысымен, теледидар хабарлары және интернетпен республикамызда бірінші болып 100 пайызға қамтамасыз етілді. Әсіресе, 180 шақырымдық «Сайөтес-Боздақ-Ақшымырау-Қызан-Шебір-Тұщықұдық» газ құбырының іске қосылуы ауыл адамдарын ерекше қуанышқа бөледі. Форт-Шевченко-Таушық, «Қызылсай-Шопан-ата-Оғыланды», «Жыңғылды-Шайыр», т.б. автокөлік жолдары да көптің көңілінен шықты. Мал басы өсіп, егістік алқаптар ұлғаюда. Бұл күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік өндірісін ұлғайту мақсатында 14 жоба қолға алынып, іске асырылғалы отыр. Аймақ адамдарының ата кәсібі – балық шаруашылығы еңсе көтеріп келеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, тамшылата суару жүйесін кеңінен енгізу, мал тұқымын асылдандыру оң нәтиже беруде. Ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысының көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 35 пайызға өсті. Осылардың нәтижесінде биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша республиканың ауылдық жердегі тұрғындарының өсімі байқалған бірден-бір өңір біздің облыс болып отыр. – Әңгіме соңында әлеуметтік саланың әлеуеті, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында атқарылудағы игілікті істерді тілге тиек етсеңіз? – Барлық елді мекендердің тіршілікке қажеттің бәрі – су, электр энергиясы, «көгілдір отынмен», байланыс, телехабар таратылуымен қамтылуын әңгіме басында айттық. Өлке халқының өсуіне, заманның талап-тілектеріне орай бұл саладағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуда. Яғни, саланы дамытудағы басымдық білім беруді тереңдете дамыту мен денсаулық сақтауды дамытудың негізгі мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталуда. Мектепке дейінгі тәрбие орындары саны өткен жылы 56-ға өсті. Осы жылдың соңына дейін 2,5 мың орындық 15 балабақша пайдалануға беріледі. Бүгінде балалардың 72 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Жаңа жыл басында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Білім беру саласындағы жетістіктерімізді де атап айтуға тұрады. Облыстағы бұл сала бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа баллы бойынша республика өңірлері арасында 2006 жылы 14 орыннан 2010 және 2011 жылы бірінші орынды иеленеді. Бұл күндері орта мектептердің барлығы интернетке қосылды. Ал мультимедиялық, лингофондық, пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі 80 пайыздан асты. Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар да өз жемісін бере бастады. Ана мен бала өлімі бес жылда алғаш рет республикалық көрсеткіштен төмендеп, бала туу көрсеткіші еліміздегі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Мәдени мұраны сақтау, бұқаралық спортты дамыту бойынша да жүзеге асқан жұмыстар баршылық. Өткен жылы 9 спорт кешені ашылса, биыл төрт спорт мектебі мен Жетібай мен Форт-Шевченкодағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталғалы отыр. Елбасының қолдауымен Пір Бекет атаның 260 жылдығы жоғары дәрежеде тойланып, «Ата жолы» аталған автокөлік жолының мерзімінен бұрын аяқталуы ел бірлігін тағы да бір паш етті. Ақтауда күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлына еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуы ата-бабаларымыз армандаған ел тәуелсіздігінің нұрлы шапағатын анық сездіргендей әсер етті. Қазыналы түбектің өндірісі де, өнері де өрге жүзуде екендігін көрсеткендей болып аймақ адамдарының ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсті. Қорыта айтсақ, маңғыстаулықтар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін қай салада да толымды табыстармен қарсы алғалы отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ. Қазақ халқымен біргеміз, болаттай берік іргеміз Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-дан астам этномәдени орталықтарын біріктіріп, ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Осы жерде біздегі «Халық келісімі» бірлестігі республикамызда алғаш құрылып, оның жұмысымен егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әдейі келіп танысып, оң сапар тілегені тарихтың бір ерекше парағы болып қалғанын біз мақтаныш етеміз. Маңғыстау облысында 80-нен астам ұлт өкілдері тұрып, еңбек етеді. Осындағы ұлттар мен ұлыстардың өкілдері ортақ үйіміз – Тәуелсіз Қазақстанның, өндірісті өлкеміздің одан әрі гүлденіп, көркейе түсуіне үлес қосып келеді. Әрбір этно-мәдени орталықта өз ұлттарының өнерін, мәдениеті мен тілін дамытып, басымызды қосып мамыражай өмірді бірге кешіп отырған қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мен тілін үйренуде біршама жұмыстар жүзеге асуда. Ақтауда ең алғаш құрылған армян ұлттық мәдени орталығы. Оны сол 1989 жылдан бері Манвел Хачатрян басқарып келеді. Одан кейін «Қазақстан корейлері ассоциациясының» филиалы, «Булгар» атты татар мәдени орталығы, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі, «Вайнах» чечен-ингуш, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестіктері құрылыпты. Содан соң әзербайжанның «Достлуг», башқұрттың «Салават», лезгиннің «Самур» этномәдени бірлестіктері өз жұмыстарын бастады. Байқап қараған адамға әрбір этномәдени орталықтың татулық пен бірлікке қосып отырған үлестерін аңғару қиын емес. Сонымен бірге белсенді ұлт өкілдері де аймақ адамдарына кеңінен танылып, сый-құрметке ие болып келеді. Мысалы «Достлуг» әзербайжан этно-мәдени орталығының төрағасы Юсиф Кулиев жетекшілік ететін этномәдени орталықтың қолдауымен Ақтауда «Джуджалярим» атты балалар көркемөнерпаздар ұжымы «Достуг» атты ансамбль жұмыс жасайды. Жалпы, аталмыш орталықтың жұмысы Ақтауда Әзербайжан Бас консулдығы ашылғаннан бері жаңа серпін ала түсті. Осынау этномәдени орталықтың тағы бір белсенді мүшесі аймақтың кәрі-жасы түгел танып, құрметтейтін Джамиль Габибов «Ақтау қаласының құрметті азаматы». Елбасы Жарлығымен «Достық» орденін кеудесіне таққан достық пен бірлік жаршысы. 1993 жылдан бері «Салават» башқұрт ұлттық мәдени орталығын басқаратын Манзиля Байбулатованың ұйымдастыруымен іске асқан іс-шаралар да халық есінде. Бұл орталық ұйымдастырған ұлттық ою-өрнектер мен киімдер көрмесі, өнерпаздардың концерті облыс орталығынан басқа аудан, қалаларға ұсынылып жүр. Осы халықтың «Сабантой» атты мейрамы Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтіп достық, бейбіт өмір мен келісім халықтар арасындағы баға жетпес байлық екендігін паш етті. Сондай іс-шаралардың басы-қасында жүретін Манзиля Байбулатова білікті инженер, 1997 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Елбасы Жарлығымен қос мерекелік медальмен наградталған сыйлы да абыройлы жан. Ең бастысы, этно-мәдени орталықтардың мүшелері Ақтауда өтетін саяси, мәдени іс-шаралардың барлығына да белсене араласады. Халқымызды бірлікке, бауырмалдыққа, достыққа шақырады. Этномәдени орталықтың мүшелері өз жұмыстарына әрбір халықтың жақсы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ортақ қазынаға айналдыруды да естен шығармайды. Қорыта айтсақ, этномәдени орталықтар алдағы уақытта да татулық пен бірлікті ұран ете отырып Тәуелсіздіктің туының мәртебесін биіктете түсуге жұмыстана беретін боламыз. Юсуп ШАХШАЕВ, «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Инвестиция – игергенге игілік Қазақ елінің тұңғыш жүзбелі бұрғылау баржасы Қарақия ауданының Құрық кентінде орналасқан «Ерсай Каспиан Контрактор» компаниясы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы геологиялық барлау жұмыстары үшін Қазақстанның тұңғыш жүзбелі бұрғылау баржасын құрастыруды бастады. «Жамбыл» деп аталған тұңғыш бұрғылау баржасы жобасының жұмыстары мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ пен кореялық «DAEWOO LTD» компаниясы айналысуда. Аталмыш баржаның өзгелерден ерекшелігі теңіздің 2,5-3,5 метрлік таяз қайраңдарындағы ұңғыларды бұрғылауға арналып жасалуда. Баржаның операторы «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» АҚ-тың еншілес компаниясы «Теңіз Бұрғылау» ЖШС болып есептеледі. Қазақстандағы ең алғашқы теңіз тренажер орталығы Күрделі теңіз операцияларын жүргізіп, халықаралық деңгейде теңізшілер даярлау үшін Ақтауда тұңғыш теңіз тренажер орталығы ашылды. Елімізде қазақстандық кемелерде жұмыс жасайтын жоғары білікті мамандар тапшылығы шындық. Ал Каспий қайраңын игеруге орай оларға деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыруға Нидерланд Корольдігі үкіметінің қолдауымен сондағы әйгілі Виллем Баренц атындағы теңіз институты көмек қолын созды. Яғни, олар «Вагенборг Қазақстан БВ-ның Қазақстан филиалы» компаниясымен бірлесе Ақтауда тұңғыш теңіз тренажер орталығын ашты. Онда заманауи кеме, су көлігі құралдарының басқару тетіктері түгел қойылған. Ол жердегі адам өзін теңіз төсіндегі кемедегідей сезінеді. Бұл болашақ білімді теңізшілерді дайындауға жағдай жасалды деген сөз. Қатты қалдықтар да кәдеге асады Осы жылдың маусым айында әсем Ақтауды одан әрі сәндендіріп, қала халқына қолайлы жағдайлар жасаудың бір парасы өмірге келді. Ол қаладағы бір тұрғынға шаққанда жылына 400 килодан келетін қатты қалдықтар мен қоқыстарды қайта өңдеу жөніндегі жоба. Оған Еуразиялық қайта құру және даму банкі мен «Кови Консалтинг» компаниясының өкілдері қатысады. Өткен жылы облыс басшылығы мен аталмыш банк өзара келісімге келген-ді. Енді сол жоба 2011-2014 жылдары жүзеге асады. Жалпы құны 23,8 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаның нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі азайып, улы газдардың зиянды әсері қысқарады. Және «Жасыл» энергия өндіруге мол мүмкіндік болмақшы. Қыстақтағылар да қаладағыдай тұрады Тәуелсіз еліміздің топырағында қолға алынып, ел еңсесін көтере түскен индустриялық-инновациялық бағдарлама өміріміздің барлық саласында дерлік серпіліс, соны жаңалықтар әкеле бастады. Оны ауыл еңбеккерлері сезіне бастағандай. Түпқараған ауданының «Қызылсығыра» қыстағында малшылар тұрмысын заманға сай жаңаша қалыпқа келтірудің бастамасы қолға алынды. Ол Румынияның «Имсаат Каз» фирмасымен келісім жасап, өмірге әкелген облыстық су жүйесі мекемесінің басшысы А.Мұрзатаевтың Румынияда малшы-бақташыларға арналып жасалатын үш бөлмелі тұрғын үйі еді. Әдемі, таза, жарық та жылы үйдің қаладағы пәтерлерден кемдігі жоқ. Оның бәрі үй артындағы биіктегі жел қуатымен электр энергиясын беріп тұрған шағын стансаның қуаты. Үй төбесінің күнгей жағына күн батариялары да орнатылыпты. Ол қондырғы 10-15 кВт шамасында электр қуатын беріп тұр. Күн көзі, жел қуаты азайса, шағын дизель де дайын. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу және сұрыптау арқасында қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарумен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу процесі негізінде пластмассалық бұйымдар шығаруды қолға алу да көзделуде. Сөйтіп, әсем қала маңындағы тау-тау үйінді, қатты қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жаратар уақыт та алыс емес. «Арай» ауылды ажарландыра түсті Облыстық әкімдікпен бірлесе отырып ресейлік «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В» мұнай компаниясы бес жылдан бері ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнесті дамытуына көмектесіп келеді. Ол дегеніміз бір адамның, не бір отбасының ғана емес, шалғайдағы әрбір ауылдың әлеуметтік жағдайын көтере түсуге игі ықпал етуде. Оны шағын ауылдарда соңғы кездері ашылған спорт залдары, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, жылыжай, наубайхана, ұлттық шеберханалар, тағы басқа бұрын-соңды ауылда кездеспеген кәсіпкерлік түрлерінен байқауға болады. «Лукойл» компаниясы биыл да Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қайтарымсыз сертификаттар санын өткен жылдардағы 50-ден 70-ке жеткізіп, алдыңғы жылдардағыдан көбейте түсті және оның негізгі бөлігін көп балалы аналарға, мүгедектерге, оралмандар мен жұмыссыздарға бөлді. Ақтау халықаралық теңіз порты «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Сапа және іскерлік беделі үшін алтын сыйлықпен» марапатталды. Ол сыйлықты ұйымдастырушы халықаралық Other Ways менеджмент және консалтинг ассоциациясы. Ол сапаны басқару, ұзақ мерзімге есептелген даму, тиімді жобалар мен биік мақсаттар, жүйелі жоспарлау мен маркетингке бақылау, қызметкерлердің сапалық құрамы т.б. көрсеткіштерді негізге алады. Аталмыш марапаттауда өз мүмкіндіктерін көрсетуге ежелгі теңізді Қытай, Үндістан, Англия, Ресей, Индонезия, Сингапур, Австралия сияқты халықаралық дәрежедегі орны бар 35 елден елуге тарта компаниялар ұсынылғандығын ескерсек Ақтау порты тәуелсіз еліміздегі келешегі мол, Қазақстанның осы саладағы беделін биіктете түсетіндігін көрсетеді. Ақтау халықаралық әуежайы Ақтау халықаралық әуежайы биыл екінші мәрте ТМД елдері бойынша бәсекеге түскен 22 әуежай арасында ең үздік атанды. Республикамызда жолаушылар тасымалдау жөнінде Алматы, Астана әуежайларынан кейінгі үшінші орындағы ұжым өткен жыл қорытындысында 585 мың жолаушы тасымалдап, сапалы қызмет көрсетті. Өткен жылы жолаушылар терминалы құрылысы аяқталса, биыл ұшып-қону алаңы пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз әуежай енді кез-келген әуе кемесін қабылдап, ұшыруға мүмкіндік алды деген сөз. Ал бұл күндері Ақтау халықаралық әуежайынан алыс-жақын он бес шетел мен еліміздің жеті қаласына ұшақтар ұшып-қонады. Алғашқы мұнай бұрқағындағы бұрғышы Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ елінің атағын әлемге паш еткен Маңғыстау мұнайының көзін ашқандардың бірі – әйгілі бұрғышы Жолдас Тоқжанов. 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайдағы № 6 ұңғымадан алғашқы мұнай бұрқағы атқанда ол бұрғышылық қызмет атқарған ардагер. Бүгінгі әңгімемізді кейіпкеріміз айтқан сол бір ұмытылмас оқиға жайлы әңгімеден бастауды жөн көрдік. 1961 жылдың жазы. Бұрғышы-шебер Николай Петровтың жетекшілігіндегі бригадада бір бұрғышы кенеттен ауырып, денсаулығы болмай, жеңіл жұмысқа ауысты. Мен соның орнына қызметке кірістім. 4 шілде күні таңертеңгі вахта құрамында Жетібай алаңындағы № 6 ұңғымадан мұнай алу бағытында жан сала қимылға көшкенбіз. 2389-2386 метрден перфорация жасалуы керек. Каротаж отряды бірінші шаблонды жіберді, ол қажетті тереңдікке дейін тоқтаусыз бойлады. Осы каротаж жұмыстары аяқталған соң біздер 750 метр тереңдікке дейін НКТ-құбырын жіберіп, вахтаны келесі ауысымдағы әріптестерімізге тапсырып кеттік. Кешкісін партия ұйымының жиналысы шақырылды. Күн тәртібіндегі екі мәселенің бірінші мәселені бітіріп, партком хатшысын сайлап бола бергеніміз сол еді, сыртқы есік ашылды да ентігіп, екі өкпесін қолына алған Найзабек Толтырбаев: «Сүйінші! Бұрғы бойынан мұнай бұрқақтап жатыр!» деген жүрекжарды хабарды жеткізді. Содан жиналысты қысқартып, түн қараңғысында барлығымыз жүк мәшинелерге отырып, мұнай шыққан ұңғымаға тарттық. Барсақ, қара май тасқыны аспанға атқақтап жатыр, гүрілдеген күшті дауысы құлағыңды жарарлықтай. Таңғы сағат 5.30-да бұрғылау алаңының басында Батыс Қазақстан геологиялық партиясының бас инженері Ф.Васильев, МНР – трестің бас инженері А.Хисметов, бас геологы П.Токарев, бұрғылау басшылары Д.Үсенов пен Х.Тәжиевтер тұрды. Жағдайды бажайлап болған соң Ф.Васильев: «Мынауыңның түрі жаман екен! Бұл бұрқағыңыз бізге бас бермейтін шығар. Қой, болмас, одан да Бакуден бригада шақырталық» деген дәрменсіздеу уәж айтты. «Сендер бұған не айтасыңдар» дегендей Дүйсен Үсенов біздерге бұрылды. Біздер бірауыздан: «Бакуге жалынбаймыз. Өз мұнайымызды өзіміз игереміз, өз фонтанымызды өзіміз ауыздықтаймыз», деп жігерлі түрде жауап қаттық. Содан кейін көп ұзамай бір ыңғайын тауып, «Бізге Бакудің көмегі керек емес – бізге, алдымен, ар-намыс, абырой керек» дегенді бүкіл қазақ барлаушы-бұрғышылары атынан Ф.Васильевке өз аузыммен мен жеткіздім. Сонымен, қатты қысыммен жер өзегін суыра, аждаһадай ышқына атқылаған қоймалжың қара майға «күмп» бердік. Әрине, бұл жерде «күмп бердік» деген сөз әсірелеу ғой, зор күшпен атқылаған мұнай көзіне жақын барудың өзі бұрғышылар үшін қиямет-қайымға айналды. Бұрқақты ауыздықтау жолындағы женкешті қимыл-қарекетімізді тізбелей айту қарапайым оқырмен үшін қызық емес болар. Сондықтан, мынаны ғана айтайын – бәріміздің бір қабат теріміз күйіп қалды, артынан қысымды байқасақ – 280 атмосфераға жетіпті! Мұнай температурасы – 80-85 градус! Шыжыған шілде тағы бар – ауа температурасы 40-45 градус! Сөйтіп, қазақ мұнайының тарихына «Маңғыстаудағы алғашқы мұнай фонтаны» боп енген сол № 6 ұңғыма бұрқағын 1961 жылы 7 шілде күні, күндізгі сағат 14.00-де әрең жаптық. Бұрқақты бітегенше төгілген мұнай шамамен 400 текше метрден асатын шығар – екі бульдозерші ұңғыма жанынан амбар қазып, біразға дейін үлгере алмай жатты. Осылай от пен өлімнің арасында үлкен ерлік жасалды. Майлы бұрқаққа «шомылған» бұрғышылардың бірқатары бастары айналып, жұмысқа жарамай қалды. Үш күн, үш түн қатарынан 20 минуттық кесте бойынша кідіріссіз бұрқаққа түстік осы жанкешті шараны атқарған адамдарды міндетті түрде атап өтуім керек. Жұмысты басқарғандар: Асабай Хисметов – МНГР-трестің бас инженері, Дүйсен Үсенов – күрделі жұмыстар жөніндегі шебер, Хасан Тәжиев – барлау бастығы. Менің қарауымдағы 1-ші вахтада бұрғышының көмекшілері – Оңғар Қабжанов, Кесікбай Науанов, Қаршыға Жалғасбаев, Әділ Жанғалиев,. Ал Сабырбай Шонтабаев басқарған 2-ші вахтада – Сергей Левицкий, Санатбай Масатов, Петр Шамрай, Кесікбай Өтегенов сынды атанжілік атпал жігіттер болды. Әйгілі бұрқақтың төңірегінде оғаш қылықтар да бой көрсетпей қалған жоқ. Дегенмен сол тұстағы облыстық техникалық қадағалау инспекциясының басшылары келіп, бізді шұқылап, түсініктеме жинады. Жауапты қызметкерлер Бажиковты, Тевяшовты, Тәжиевті біраз мазалады. Сондағы қояр кінәлары – «жерасты қабатын бүлдірген, ұңғыма бұрқағын тез арада жаппай жер үстін былғаған...». Осы лаңды іске аудан басшысы Ибаш Жанболатова апай қарсы болды. Облысқа Жетібай алаңынан мұнай ашылғанын хабарлап, оған қуанған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов: «Бұрқақты бітеген адамдарға тимеңдер, қапелімде аз-мұз қателіктер кеткен шығар. Бастысы – адам аман, ұңғыма жабылды!», деп барлық бұра тартқан әңгімені тыйып тастады. Мұнай бұрқағын бітеуге қатысқан жұмыскерлерге ақшалай сыйлық бергізді. Иманды болғыр Нұрекең сондай сұңғыла адам еді... Сонымен, осы арқылы Маңғыстаудың атағы аспандады. Одақтық газеттер: «На площаде Жетыбай из скважины-первооткрывательницы номер – 6 (2383-2389 м) Скважину № 6 бурила бригада бурового мастера Николая Петрова в составе ...» деп бізді атап жазды. Міне, ардагер аға осыдан 50 жыл бұрынғы әлемдік оқиғаны осылай әңгімеледі. Ал сол күнге дейін ол 1951 жылы қазақ мұнайының қарашаңырағы Доссорда кәсіптік училищені бітірді. Атыраудағы Мұнайлы, Құлсары, Қосшағыл, Төлес Қарсақ мұнай алаңдарын игеруге атсалысты. 1958 жылы Маңғыстауға келді. Қызан, Жетібайда тынышсыз еңбек басталды. Жетібайдағы мұнай бұрқағы жалғасын тапты. Содан кейін 1965 жылы Жолдас Тоқжановтың №5 ұңғысы Қарамандыбаста мұнай бұрқағын, 1966 жылы Тасболат жерінде, 1970 жылы Қансу алаңында газ бұрқағын атқызды. Ол Ленин, Құрмет белгісі орденін омырауына қадады. ҚР Жер қойнауының құрметті барлаушысы, Ақтау қаласының құрметті азаматы. Сексеннің сеңгеріне шыққан Жолдас аға №14 шағын аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қандай сый құрметке де лайықты әйгілі мұнайшы. Ғани КАРИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Зейнептің киіз үйі Астанадағы Маңғыстау облысы күндерінде елорда төрінде тігілетін көркем киіз үйдің иелері орденді жылқышы Тілеген мен зерделі қолөнер шебері Зейнеп Өрісбаевтарға арналады. Ән салдырған Тастемір мен Досатқа, Көрік қосып осы атқа, Маңғыстауда, Он саусағы өнер күйін төгілткен, Бір келіншек тұрады екен Қошақта... Сүйіндірген ажарымен маңды әрі, Еңбегіне зейнет құйған таңдары, Зейнеп атты сол әдемі келіншек, Ең атақты жылқышының жан жары... Кеуде толы сырларыңды бірге ұғып, Қуанысып, Той болардай, Дүрлігіп, Ол тоқыған басқұрлар мен баулардан Қарап тұрар бұлбұл сайрап, Күн күліп... Артық бейнет көрер бәлкім, Кім ермек, Ал келіншек қиял құсым түлер деп, Дала кейпін алашаға түсірсе Көктем болып, Сыр шертеді гүл-өрнек... Бабамыздан қалған осы нақ мұра Зейнептің шын жанына тым жақты ма – Киіз үйді тігіп қойды ұядай, Бау-бантиктің неше түрін тақты да. Өнер десе бата бере жайған қол, Бұл өңірде жақсы дәстүр, Сайран мол, Зейнептің сол махаббатын паш етіп, Маңғыстаудың көрмесіне айналды ол... Гүлжауһар СЕЙІТЖАН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Өнім көлемі өсе түседі Ел Тәуелсіздігінің тұғырын бекіте түсуге лайықты үлестерін қосып келе жатқан республикадағы мұнай алыптарының бірі – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы негізінде әйгілі Қаламқас және Жетібай кен орындары мен ондаған ірілі-уақты мұнай-газ кеніштерінің басын біріктіреді. Маңғыстау мұнайының алғашқы бұрқағы 1961 жылы Жетібай жерінде атқылады. Ол тарихи оқиға Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы аймағымызда жоғары дәрежеде аталып өтті. Және ол жай ғана даңғаза мереке емес, облыстағы әлеуметтік орындардың әлеуетін көтере түскен іс-шараларға толы болды. Сол бір қуанышты сәттерді адал да жанқиярлық еңбектерімен жақындата түскен ардагерлерге құрмет көрсетілді. Ақтаудағы салтанатты жиналысқа қатысқандарға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев жеткізді. Ал өз кезегінде өлке мұнайшылары Елбасына деген ақ алғыстарын үндеу ретінде жолдап, ризашылықтарын білдірді. Ал біз болсақ осынау тарихи оқиғаның Жетібай жерінде бастау алғандығын мақтан тұттық. Сол күндері өлке қазынасын халық игілігіне жарату жолында алғашқылар болғандарға, осы саланың әйгілі ардагерлері С.Өтебаев, Н.Петров, Х.Өзбекқалиев, С.Рысқалиев, В.Токарев, Ж.Тоқжанов, Қ.Азанбаев, Р.Өтесінов, Н.Марабаев, Х.Тәжиев және де басқалардың есімдерін құрметпен атап, арамызда жүргендерге сый-құрмет көрсеттік. Қаламқас мұнайы 1974 жылы ашылып, 1979 жылы пайдалануға қосылып, өнім бере бастапты. Солай бола тұра вахталық әдіспен еңбек ететін мұнайшылардың қажырлы қимылы нәтижесінде 2005 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы кен орыннан 100 миллионшы тонна мұнай өндірген. 1996 жылы қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда «Маңғыстаумұнайгаздың» алдында тұрған міндеттер және Қазақстан мұнай өнеркәсібінің дамуы туралы сөз сөйледі. Одан кейінгі жылдары Қаламқаста еңбек еткендерге қолайлы жағдай жасау көзделіп мұнайшылар қалашығы салынды. Асар кен орнында қолайлы жатақханалар, асхана, тұрғындар кешені бой көтерген. Елбасы 2003 жылы қоғамға қарасты шыны пластикалық құбырлар зауытының тұсауын кесіп, сәт сапар айтты. Бұл күндері зауыт өнімдері жеңілдігі, төзімділігімен оң бағасын алып, өндірісте көптеп пайдаланып отыр. Сондай-ақ өнім өндіруді арттыра түсетін технологияларды қолдану, техникалық соны жаңалықтарды өндіріске енгізу, технологиялық үрдістерді химияландыру жұмыстарының көлемі ұлғайтылып келеді. Қазіргі күндері компания мыңдаған тонна мұнай мен миллиондаған текше метр газдың қоры бар 15 мұнай және газ кен орнына барлау жұмыстарын жүргізуде. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өнім өндіруді еселей түсіп, жыл аяғында 5770 мың тонна мұнай, 106,8 миллион текше метр газ өндіруді жоспарлап отырмыз. Әсет МАҒАУОВ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры. Беттердегі материалдарды дайындаған Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.