• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Шілде, 2017

«Ботасын алыңыз» немесе бажалардың қоштасуы

685 рет
көрсетілді

Ауылда Зәкең деген кісі болды. Жарықтықтың тілі ойып түсер сәтінде тотияйын, қиып түсер сәтінде қылыш, майдалап мақтар сәтінде жылқының майындай сіңіп сүйегіңді жібітуші еді.

Жасырары жоқ, оқуға аттанып бара жатқан баланың да, жолаушы жүргелі отырған басқаның да бойын балқытар бата беріп, алыс, жақын демей айналып толғануға Зәкеңді кейде қу тіршілік мәжбүр ететін. Бермесең реніші жоқ, берсең «берекең артсын» деп төс қалтасын томпайтып «асығыс едім» деп ардың-күрдің аттанып кете барады. Онысы өзіне жарасып тұратын. Ауылда ол кісінің бұл қылықтарын ерсі көретін адам болмайды. Бәрін өзі жуып-шайып, жөн, ретімен істейтін. Кейде тіпті «атаң марқұм түсіме кірді, аппақ болып киініп қолын бұлғады, бірге жүрген адамдар едік қой, бір ауыз аят оқып кетейін деп бұрылдым, айналайын» деп шаңқай түсте қамсыз үйге қазан көтертіп қойып сұлу сөзді сұңқардай самғатып, қудай сұңқылдатып келін-кешек, бала-шаға демей айналасын әңгімеге ұйытып отыратыны бар. Неге екенін, мейізді ерекше жақсы көруші еді. Барған үйі дастарханға мейіз қойса балаша мәз болады. «Осы, арақ ішетін жігіттерге таң қаламын, сол ақшаларына неге мейіз алып жемейді екен?» деп жүрген де осы кісі. Көңілі кірсіз, аңқылдаған жақсы адам еді.

Алғандары рулас болған соң бір-бірін бажа деп қалжыңбас жездем Қардыбай мен Зәкең қатты әзілдесетін. Бір күні Қардыбай Қазақстанға көшетін болып бунып-түйініп жүк артатын көлік күтіп отырған таңғы ала-елеңде екі өкпесін қос қолына кезек ұстап Зәкең жетіпті. Тіпті әлі жұлдыз сөнбеген, ел ұйқыдан тұрмаған уақыт екен. Оны-мұнысын реттеуге ертерек қамданып сыртта жүрген Қардыбайға анадайдан самбырлай сөйлеп келіп, әдеттегіден өзгеше қапсыра құшақтап амандасады. Екеуі де сүйкенді сөздің сұрмергені. Бірін-бірі жақсы біледі. Бұрын да талай әзілде бір-біріне еселі сөздері кеткен қу мүйіздер таң сәріде жолығып бірін-бірі қуалай сөйлеп, бірі төте жолмен тартса, екіншісі төбе айналып алдынан шығып дегендей арлы-берлі оспақтасады.

Бір кезде Зәкең әзіл-қалжыңды қайыра тұрып, тілді тікесінен безеп Қардекеңді жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнеледі. Бұрын Бұлғын, Ағашоба, Шағанғол – үш ауыл бойынша өкіметтің жалғыз магазинін Қардыбай ұстағанын еске алып, сол магазинды жайлауға көшіргенде сексен түйеге жүк артып Сынтас пен Сүңкектің кезеңі арасын тек Қардыбайдың көші тұтастырып бара жататын салтанатты сарқа суреттейді. – Сыймай бара жатқан жоқсың, бұл елдің ішінде ордадай орның, хандай қадірлі басың бар. Ұрпағым деп бара жатырсың. Ұрпақ сенікі болғанмен, сен біздікі едің ғой, Қардыбай. Қимай отырмыз. Уайымнан дөңбекшіп түнімен ұйықтай алмай, таңға таяу көзім ілініп кеткен екен, көп ойлағандікі ме, түсіме кіріпсің, әкәм. Жолың ақ болатын секілді, өзің де аппақ шатырдай болып киініп, бір боталы ақ інгенді арлы-берлі жетектеп жүрсің. Көрген кісі қызықпай тұра алмайтын, екі өркеші баладай ақ інген. Барған жерінде бақыт, байлыққа кенелетін шығар деп жорыдым..., - деп сұлу жылқының сүмбіл жалындай сусылдап Қардекеңнің алды-артын орайды.

Сонда Зәкеңмен әбден сыралғы Қардыбай: - Уай, Зәке! Айттыңыз-ау, айттыңыз, айтқаныңыз келсін. Қимағаның рас. Биік дөңесте тұрмыз ғой Зәке, мына ауылға қараңызшы, қыбыр еткен пәнде жоқ, бырдай болып ұйықтап жатыр. Мен ерте тұрғанда жиылмай жатқан жүгім жоқ. Кім келер екен, қоштасуға біреу-міреу келіп қала ма деп ерте тұрып күйбеңдеп жүргенім еді ғой, мұншама елдің ішінен қара түнді қақ жарып өзіңіз келдіңіз, міне. Әй, кәрі бажа сөйлесең сараңның бермесін аласың ғой, сөзің де буын-буыныма түсіп көңілім босап тұр, - деп сәл кідіреді де, сөзді оқыс бұрып, дауысын қатайта: - Әлгі інгеннің ботасы бар дедіңіз бе? – дейді. – Иә, ақ бота, тайлақтай тайраңдап қасында жүрді – дейді Зәкең. – Кісінің қимасының қиюын өзің тауып өзі беретіндей қыласың, Зәке. Қимай келгенің рас болса, мен де қимасымды атадым, сол ақ інгеннің ботасын сіз алыңыз, - деген екен.

Өзі тіке тартқанда Қардыбай айналып алдынан шыққанын сонда білген Зәкең санды бірақ ұрып: - Әй, Қарбыдай-ай, сөзің қисық Қардыбай-ай, рас сөзді қалжыңға айналдырып, рас сөзді қалжыңға айналдырып, - деп жеңіліп бара жатса да жауырынын жерге тигізбей, жеңіл қозғалып жүре берген екен.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»