Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтемен кездесті.
Қазақстан мен Литва Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 15 маусымында орнаған. 1993 жылдың 7 қарашасында Литваның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Ал Қазақстанның Литвадағы елшілігі екі жылдан кейін, 1995 жылы ашылған болатын. Содан бергі уақыт аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Литваға екі рет, яғни 1994 жылдың тамызында және 2001 жылдың сәуірінде ресми сапармен барды. Ал Литва президенттері арасынан А.Бразаускас Қазақстанға 1993 жылдың қарашасы мен 1997 жылдың наурызында, одан кейін В.Адамкус 2000 жылдың мамыр айында келді.
Қазақстан мен Литва Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер осыдан кейін он жыл өткен соң болды. 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитіне келген сапарында Елбасы Н.Назарбаев қазіргі Президент Д.Грибаускайтемен кездесіп, келіссөз жүргізген еді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасында тұрақты өзара іс-қимыл қалыптасқан. Литва Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Қазақстаннан қабылдады. Биылғы жылдың ақпан айында Астанаға келген сапарында Литва Сыртқы істер министрі А.Ажубалис Қазақстан басшылығымен Литва төрағалығының басымдықтарын талқылады. Осы сапарында А.Ажубалис Литваның Астанадағы елшілігін ресми түрде ашты.
Литва Республикасы – Балтық бойындағы шағын мемлекеттердің бірі. Бірақ ол КСРО-ның ыдырауына зор үлес қосқан маңызы үлкен ел екенін білеміз. КСРО-ның халық депутаттары съезінде Балтық бойы республикаларынан келген депутаттардың ішінен, әсіресе, осы Литва Республикасының өкілдері демократиялық қағидаттардың сақталуын талап етіп, сонымен бірге, өздерінің талаптарын біліктілікпен әрі білгірлікпен қойып отырғандарын қазақстандықтар ұмытпайды.
Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық байланыстар нығайып келеді. Еліміз Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 176,5 млн. АҚШ доллары болды. Ал 2011 жылдың алғашқы жартысында ғана бұл көрсеткіш 165,3 млн. долларға жетті. Оның 106,6 млн.-ы экспорт, 58,7 млн.-ы импорт. Сөйтіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тауар айналымы екі есеге жақын (89,0 млн. доллар) артқан. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанда литвалық капиталдың қатысуымен 160 бірлескен кәсіпорын тіркелген, соның 91-і бүгінгі таңда әрекет етуде. Олар негізінен көтерме және бөлшек сауда, өңдеуші өнеркәсіп, ақпарат және байланыс, көлік және логистика салаларында жұмыс істейді. Транзит-көліктік ынтымақтастық екі елдің өзара іс-қимылындағы маңызды бағыт болып табылады. Литва жағы Қазақстанның көлік саласына инвестиция құюға, Клайпеда портына Қазақстан бизнесінің қайта оралуына, сондай-ақ екі елдің темір жол құрылымдарының ынтымақтаса түсуіне мүдделілік танытуда.
Әрине, Қазақстан мұнайына деген мүдделілік те өзара іс-қимыл барысындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Вильнюс Қазақстан мұнайын транзиттеуге және оны өздерінің МӨЗ-інде өңдеуге мүдделі. Сонымен қатар, Литва сұйытылған табиғи газдың су бетіндегі терминалын салуды жоспарлап отыр. Жобаның алдын ала белгіленген сомасы 200 млн. еуро көлемінде. Бұл жоба да Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге ықпал етері сөзсіз.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтар да екі ел экономикалары ықпалдасуының перспективалы бағыты деп танылған. Соның ішінде Литвадан сүтті жақсы беретін асыл тұқымды қара мал алу, қазақстандық астықты Еуропа рыноктарына шығаруға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар құру жүйелеріндегі ынтымақтастық барынша перспективалы бағыттар болып отыр.
Қазақстан-Литва арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия (ҮАК) да жұмыс істейді. Қазақстан жағынан оның тең төрағалығына СІМ-нің жауапты хатшысы Р.Жошыбаев сайланған. ҮАК-тың соңғы отырысы 2011 жылдың 5 қыркүйегінде Астана қаласында болды. Экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатымен 2010 жылы Клайпеда қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы да ашылған.
Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да жақсы жолға қойылған. 2010 жылы Каунастың медицина университетінде 40-қа жуық қазақстандық медицина қызметкерлері кардиология, акушерлік және гинекология бойынша тәлімдемеден өтті. Осында жұмыс істейтін кардиология маманы, профессор Р.Бенетис қазақстандық бірнеше медициналық орталықтарда жүрекке оталар жасады.
2009 жылдан бастап қазақтың «Ұлар» көркемсурет галереясы Литвада өтетін халықаралық жәрмеңкелерге қатысып келеді. Қазақстанның фольклорлық «Нұрсәулем-ай» және көкшетаулық «Айнакөл» ансамбльдері Литва көрермендеріне бірнеше рет өнер көрсетті.
Шағын құрамдағы келіссөз аяқталған соң ол кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны ашқан Н.Назарбаев қысқаша сөз сөйледі. Ол өзінің шақыруы бойынша келіп отырған мәртебелі қонаққа ризашылығын білдірді. Біз әрқашанда Литвамен достық пейілдегі саяси және экономикалық қатынастарда болғымыз келеді. Өйткені, біз Литваны Балтық маңындағы басым әріптесіміз санаймыз. Сіздің сапарыңыз біздің елдеріміздің арасындағы байланыстарды тереңдете түсерінен үміттіміз, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар, Кеден одағы құрылғаннан бері Литвамен арадағы шекара Литва-Беларусь арасында ғана екенін, оны тиімді пайдалану екі жаққа да пайдалы екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жақсы атқарғанына Литваның ықпал еткенін атап өте келіп, қазіргі Іс басындағы төраға ретінде оның бейбітшіл әрекеттерінің табысты болуын тіледі.
Жауап сөзінде Д.Грибаускайте Президент Н.Назарбаевтың екіжақты қатынастарды тереңдетуге мүдделілік білдіргеніне ризашылығын айтты. Шығыс пен Батыс арасында «Сәуле» атты көлік қатынасының ашылуының символикалық мәні бар, деді ол. «Сәуле» деген сөз біздің тілімізде де «Саул», яғни «нұр» деген мағына береді. Бұл көлік қатынасы біздің елдеріміз ғана емес, геосаяси деңгейде бүкіл Еуропа, Қытай және АҚШ үшін де тиімді болары жасады. Одан әрі мәртебелі мейман екі елдің іскер топтары арасында ертең болатын іскерлік кеңестің де маңызды екенін атап өтті.
Келіссөздер барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Литва Республикасының Президенті Д.Грибаускайте бірлескен мәлімдеме жасады. Онда екіжақты байланыстарды тереңдету, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі мүдделілікті жалғастыру, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері көзделген. Солардың қатарында көлік саласындағы үнқатысуды дамыту және «Шығыс-Батыс» трансконтиненталдық көлік дәлізін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетіні, екі елдің логистикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға септігін тигізетін Литва (Клайпеда) – Қазақстан (Алматы, Достық-Қорғас) тұрақты контейнерлік пойызын іске қосу мүмкіндігін қарауға дайындық туралы атап көрсетілді.
Сонымен қатар, Қазақстан басшысы Литва Президентіне қуғын-сүргін құрбаны болып, Қазақстан аумағындағы сталиндік лагерьлерде қамауда болған литвалық тұтқындардың архивтік құжаттарын берді. Ал Д.Грибаускайте болса, Н.Назарбаевқа Литва зерттеу орталығының музейінде сақталған қазақ солдаты Қабиболла Сәленовтің құжаттарының, күнделіктері мен отбасылық суреттерінің көшірмелерін табыс етті.
Келіссөздер аяқталған соң бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде білім, ғылым, мәдениет және өнер салаларындағы ынтымақтастық, екі елдің үкіметтері арасында «адамдарды қайтару (реадмиссия) туралы» және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер болды.
Қол қою рәсімдері аяқталған соң екі елдің мемлекет басшылары журналистерге арналған шағын баспасөз мәслихатын өткізді. Бүгін Литва Президентінің Қазақстанға сапары одан әрі жалғасады.
Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің Президенттің www.akorda.kz ресми сайтына және «Хабар» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбаты
– Президент ханым, Литваның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аяқталуға жақындады. Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болды. Сіздің елге Қазақстанның төрағалығының тәжірибесі көмектесті ме? Астана Декларациясы ЕҚЫҰ дамуына тың серпін бере алды ма?
– Әрине, Астана қаласындағы желтоқсан Саммиті Ұйымның дамуындағы оң қадам болды. Ол 56 елдің бір үстелде отырып, өзара пікірлесе алатынын көрсетті. Бұл – өте маңызды жәйт және мен Қазақстанды осы жетістігімен құттықтаймын. Оның үстіне декларация қабылданды, ал бұл бағытта 56 елмен келісімге келу қиын. Литваға ол, әрине, көмектесті. Біз де көмектесуге болатын және көмектескенді қалайтын елдерге көмек қолын созуға ұмтылудамыз. Молдова шиеленісін шешуде оң қозғалыс байқалып отыр, біз қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Желтоқсан айында Вильнюсте біз қазақстандық өкілдерді де көреміз деп үміттенеміз.
– Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейі қазіргі күні қандай? Бізді қандай ортақ мүдделер тоғыстырып отыр?
– Бізді тоғыстыратын ортақ мүдделер әркез болған. Біріншіден, литвалардың да, қазақтардың да ортақ тарихи байланыстары бар. Бізде ешқашан тарихи, саяси проблемалар болған емес. Қазақстанда біздің кардиохирургтер, сәулетшілер жұмыс жасайды, литвалық бизнес те өз орнын тапқан. Бұл – өте жақсы. Ертең біздің соңғы 20 жылда алғаш рет іскерлік кеңес құруымыз экономикалық қарым-қатынастарымыздың болашағының көрсеткіші болмақ. Сіздің Президенттің қолдауының арқасында Клайпеда мен Алматы арасында, одан кейін Батыс Еуропа мен Қытай арасында «Сәуле» пойызын ашуға мүмкіндік туып отыр. Онда Қазақстан мен Литва маңызды рөл атқарып, ол әлемдік темір жол көлігі жүйесіндегі геосаяси өзгеріс болмақ. Біз осы дамудың негізгі қатысушыларының бірі болатынымызға сенімдіміз. Қазақстан бұдан әрі қарай да Кеден одағында, Батыстың Қытаймен байланысуында маңызды рөл атқаратынына үміт артамын. Бүгін Қазақстан Президенті айтқандай, Литва сіздің елдің маңызды әріптесінің бірі болып табылады және біз сыйлы әріптес болып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз.
– Литва Президенті ретінде сіз Қазақстанға екіші рет келіп отырсыз. Қазақстан халқы мен елдің астанасы туралы сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен тәуелсіз болғысы келетін халықтарды, өзінің тарихын, ұлтын, тілі мен мәдениетін сыйлайтын барлық халықты сыйлаймын. Сіздің Президент жасап жатқан ұлтты қалыптастыру, астананы қалыптастыру, өз ұлтының мақтанышын қайта жаңғырту шаралары өте жақсы әрі өте маңызды. Мен сіздің халықтың осылай қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымын. Сіздің астаналарыңыз өте тамаша. Ұлт және халық болғысы келетін халықтың әрқашан болашағынан үміт күттіретініне сенемін.
– Биылғы жылы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Литва өзінің мерейтойын өткен жылы атап өтті. Екі елдің тәуелсіздігін алудан бергі кезеңді сіз қалай бағалайсыз?
– Мен бұл кезеңді кез келген халықтың өзіне өзі жауап беретін және тек өзіне ғана жауапты болуға бейімделетін уақыты деп білемін. Осындай мүмкіндікті Литва да, Қазақстан да алды. 20 жылда біз көп шаруа тындырдық, 20 жыл ішінде біз ескі демократиялар 50 жылда жасайтын реформаларды жасадық. Мен екі халықты осы маңызды қадам – егемендігімен құттықтай аламын. Литва халқының атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Тәуелсіздік – әр халық үшін маңызды. Ол – болашақ. Біздің халықтың 20 жыл бұрын өз тәуелсіздігін ала алғаны өте маңызды. Сіздер өте маңызды және үлкен жолды өттіңіздер. Сіздер өз болашағыңызды өздеріңіз құрасыздар, барлығы өз қолдарыңызда. Тәуелсіз халықтың болашағы жарқын болатынына сенімдімін.
Жақсыбай САМРАТ,
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.