• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Әдебиет 27 Шілде, 2017

Ақ серкештің аруағы

267 рет
көрсетілді

Қардыбай жездем қалжыңбас адам. Ауыл арасында «Қарды­бай­дың қағытпалары» деген желі­лес әзіл-қалжың әңгімелер желдей есіп жүре­тін.

Биыл қыста дәл қазір Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында тұратын сол Қардекеңмен бірге Қытай­дағы ауылыма бардым. Қалың ел жиналып хатым оқылып жат­қан бір жерде отыр едік, ортаға сақа­лы кеудесін жапқан қария келді. Қаума­лап амандасып жатырмыз. Бір кезде ақсақал Қардыбайға бұрылып жақында қалаға көшіп алғанын айтып, қайыра есен-саулық сұрасты. Қардекең аман-саулық айтысып бола бере, «Қалаға көшкенше Қазақстанға көшпейсіз бе?» деді. Ақсақал езуіне сәл күлкі үйіріп, «Бұл жақта ата-бабамыздың қабірі жатыр, мен кетсем оған кім Құран оқиды?» деп еді, айнала жұрт ду етіп жарыла күлгені. Қолды сілтеп, бас шай­қасып, ішек-сілелері қатып, қыран-топан күліп жатыр, күліп жатыр. Ал Қардекең тіпті мәз. Хам­заны құшақтап-құшақтап қояды.

Мына жұрттың күлкілерін сонша түсінбей аңырып қалдым. Әлде дұрыс тыңдамай қалдым ба дейін десем, жап-жақын жерде, ап-анық естіп тұрмын. Сонша күлетін дүние емес қой. Сөйт­сем, бұл әңгіменің тарихы бар екен. Хамза қария Қардыбайға анау сөзді айтқанда ауыл адамдары­ның ойына бірден сол тарихи оқи­ға оралып, «есінен кетпестей болған екен ә» деп мәз болысып жатқандары екен. 

Жұртты күлкіге қарқ қылып тұр­ған Хамза қария Қардыбайға жезде бо­лып келеді екен. Сонша жақын да емес, рулас апайын алған. Біздің жақта сонша жақын болмаса да руынан қыз ал­ған жез­деге әзілдеу дегеніңіз ұрт тілді, қу­шікеш жігіттердің сүйікті бір «кәсібі».

Ертеректе Хамза мен Қарды­бай бір жақындарының ұлына құдалық сөйлесіп келуге жолға шығыпты. Жол мөлшері таңертең ерте шығып, жебелей аяңға аракідік желіс қосып отырса ақшамда жетер алыс жер екен. Алайда, аздап молдалығы бар Хамза ауылдан шыға бере қабір көрсе болды бұрылып, аттан түсіп Құран оқи беріпті. Бара жатқан шаруалары құдалықтың жайы екенін, тым кеш барса ыңғайсыз болатын айтып Қардекең біраз қамшыласа да Хамза қабірге бұрыла бергенін қоймапты. Тіпті, кейбіріне «құдам еді», «құда­ғиым еді» деп ұзақ сүрелерден соза әуен­детіп, батасының өзінде бар тілегін сарқып айтып, жолда­сы­ның сабырын әбден тауысыпты.

Сонымен не керек, жебей қамшы­ланып, желе жортып келе жатқан екеуге алдыдағы белегірден тағы бір үйген тас қорым көрініпті. Бұл қорымның жағдайын Қардыбай жақсы біледі екен... Жақындағанда атын тебініп жіберіп сәл дөңестеу жер­ге жиналған қорым тастың етегіне келіп асығыс-үсігіс аттан түсіп, шарт жүгініп отыра қалады. Артынан Хамза да жетіп, ол да асығыс-үсігіс аттан түседі.  – Ақыры шетінен оқып келеміз ғой, аруақ аттап кеткендей болмайық, қанеки, – дейді Қардекең. Қырысып келе жатқан жолдасының істі енді өзі бастағанына қуанып қалған Хамекең тамағын қырнап әр әріптің хирағатын шығара отырып асықпай оқиды. Оқып болып батасын жасарда «кім деп айтам?» дегендей Қардыбайға қарайды, Қардекең сәл күмілжіп барып, «ақ серкеш марқұмның аруағына...» деп төмен қарап ауыр күрсінеді. Хамекең «аты біртүрлі екен» дегендей жалтақ-жалтақ қарайды да, бата сөзін бұзып басқа сөз айтатын емес, «ақ серкеш марқұмның аруағына...» деп Қардекең сөзін қайталап айтып бет сипайды.

Екі жолаушы аттарына мініп енді алға ілгерлей бергенде әлгі құран оқыған «қорғаны» қора болып шыға­ды ғой. Қора болғанда үлкен мал қора емес, көшкен елдің бір-екі күн дамыл­дағанда қозы-лақ қамайтын үй­шігі. Жаңбыр жауғанда үстіне шатыр жаба салатын қылып, үш-төрт ағаш айқастырып қойған. Атын тебі­не дәл тұсына жетіп келгенде іші қозы-лақтың құмалағына сар­ғайған үйшіктің есігіндегі ергеншек ағаш шалқасынан жатыр екен. «Бұ қа­лай болды?» дегендей аң-таң қарап тұр­ған Хамзаға Қардекең саспастан, «Ақ сер­кеш деген хайуанның «қабірі» еді. Өзі қашып кеткен бе, біреу сойып ал­ған ба, есігі ашық қалыпты ғой...» деген екен.

Қаншама қалжыңға «қыңқ» демей­тін Хамзекең атты ұрып жіберіп құйын-перен кеткен екен. Соңынан далбақтап Қардекең де шабады. Не керек, сол шапқаннан мол шауып, екінті ауа баратын үйдің белдеуі­не ат басын бір-ақ тірепті. Суыт хабар айтып келгендей аттары қарасү­мек терге малынған жолаушылардан үй иесі алғашында тіксініп қалады. Және бұлар бір-біріне де ләм-мим дес­­пей, сұрланып алған. Келген жұмы­сы құдалықтың жайы. Хамзаның түнер­ген түрінен кісі қорқатын. Енді үй иесі қысыла бастайды. Ақыры, Қардекең сыртқа шығып, оңашада мән-жайды түсіндіреді. 

Мал сойылып, құдалықтың жайы айтылып таңертең екі жолаушы кері қайтады. Хамзекең атқа тақымы тиген бетте алдыға түсіп алып желе жөне­леді. Соңынан сүлкектетіп Қарде­кең де қалмай арқан бойы ілесіп отырады. Сөйтіп, әлгі ақ серкештік «қабірінің» тұсына да келеді. Сонда Хамзе­кең ерге бір жақ жамбастай отырып үй­ші­кке арқасын беріп, теріс қарап өтті дейді. 

Ауыл шетіне іліне Хамза өз үйіне тартыпты. Құдалыққа жұмсаған үйге келісім жайы, келесі қадам туралы Қардекең бір өзі барып айтыпты. Ал ақ серкештің әңгімесі ертесінде құда жақтан да, Қардекеңнің ауылы жақтан да будай көтеріліп жалпақ жұртқа жайылып кете барған ғой.

Содан бері отыз жылдан асқан екен. Жезделі-қайын болып қал­жың­дасып жүрген Хамза мен Қар­дыбайдың ләм-мим деп тіл қатыс­пағалы да отыз жылдан асыпты. Хамзекеңнің қатты ашуланғаны сондай одан кейін кездескенде Қардыбайдың сәлемін де алмаған екен. Кейін Қардыбай Қазақстанға көшіп кетеді. Араға аттай 6-7 жыл салып қайта барғанда топ ішінен Қардыбайға қайыра сәлем­десіп, «Қазақ­станға көшпейсіз бе?» деге­ніне қалжыңмен жауап беріп, бір жағы кешіріп тұрғандағысы екен. 

– Әй, кәрі жезде, райыңнан қайттың-ау ақыры, алдыңа бір ақ серкеш әкеліп «әумин» десем, бата жасар ма едіңіз? – дейді сонда да қоймай Қардекең. – Жасамағанда, Құран оқығанда бата жасамайды дейсің бе, алып келші қане! – дейді кәрі жездесі. 

Ауыл адамдарының сол күнгі рия­сыз күлкісін, Қардекең жездемнің сол күнгі ризалы қуанышын айтып сұрамаңыз. Ақ марқадай тыраңдап, ақ серкештей шұнаңдап, Хамза қарияны қайта-қайта құшақтады емес пе... 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ «Егемен Қазақстан»