• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2017

Сам даласындағы ескерткіштер елеусіз қалмасын

1254 рет
көрсетілді

Тау-тау сары алтындай Сам құмы – Сабыр ақын тілімен айтсақ, талай тарихты ішіне бүккен «бөтеке құмдар».

Сам даласында берісі өлке тарихына, әрісі қазақ тарихына қатысты жәдігерлер Ақтау маңындағы айтулы ескерткіштерден оқшаулана,  күн мен желдің өтінде үнсіз мүлгіп тұр. Кім білген, арғы тарихты қазбалай берсе бұл жәдігерлерден  ежелгі өркениетпен байланыс, біз білмейтін, біз күтпеген небір керемет сырлар табылып та қалар...

Бүгінгі Маңғыстау тек мұ­най, бас­қа да жерасты қазба байлық­та­ры­мен емес, шетелдік және отан­дық қонақтарды таңқалдыра алар табиғатымен, өзіндік ерекшелігімен туристік әлеуетін арттыруға ұмты­луда. Алдағы уақытта Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштері – аймақ туризмі дамуының тірегі болады деп есептеледі. 

Бұл мақсатқа облыс орталығы Ақ­­­тау қа­ла­сынан ең шалғай жатқан – Бей­неу ауданы да өз үлесін қосуға да­йын. Себебі, аудан аумағы көр­се көз қы­зық­тырып, көңіл тоғай­та­тын ес­керткіштерге бай. Ал ол ес­керт­кіш­тердің тілін тауып, сырын білу – өз ал­дына бөлек мәселе. 

Бір қуанарлығы, Бейнеу өңірін­дегі ескерткіштерді, ескілікті орындарды қорғауға, насихаттауға атал­­мыш ау­дан әкімдігі өз дең­гейінде көңіл бөліп келеді. Әйт­пе­се, оларға жеткілікті насихат бол­ған жоқ, сол себепті алыс аудан­дағы «дала ансамбльдері» туралы бүгінге дейін басқа түгілі, маң­ғыс­таулықтардың өзі жете біле бер­мей­ді. Маңғыстаудың «ашық аспан астын­дағы мұражай» атануында Бей­неу өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үлесі бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас. 2011 жылы аудандық әкімдіктің бастамасымен «Археология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілер қаржысына Бейнеу ауданының аумағындағы «Ақпанның үйігі» мен «Сам қаласына» археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сол өңірді мекен етуші жергілікті тұр­ғын­дар «Ақпанның үйігі» деп бағ­зы­дан атайтын орынды – ескерт­кішті алғаш рет 2006 жылы Маң­ғыстау мемлекеттік тарихи-мәде­ни қорығының қызметкерлері А.Аста­фьев пен М.Қалменов ашқан. 

Бала кезімізде мал шаруашы­лы­­­ғы­­мен кө­шіп-қонып, кең дала­да әкем қой ба­ғып, өзіміз асыр салған ме­кеннің тарихи атаулары бізге құ­лақ­сіңді және жанымызға жақын бол­ғанымен, олардың қат-қабат тари­хын біле бермейтіндігіміз өкі­ніш­ті. 

Мәліметтерге сүйенсек, «Ақпан­ның үйігі» Тұрыш ауылынан сол­түстік-батыста 25 шақырым жер­­де­гі ай­на­ласындағы алты-сегіз ша­қы­рым жер көрінетін биіктікте орна­­ласқан. Үйіктің оңтүстік, оңтүс­тік-шы­ғысы мен солтүстігінен бас­қа бөлігінде айнала ор бар. Үйіктің оңтүстік-шығысында XIX ғасыр­ға жататын жиырмадан астам зират­тан тұратын рулық қорым бар. Зират­тардың қабір үсті қоршауы үйік­тен алынған ұлутастардан қала­н­ған.

«Ақпан үйігінің» ор сыртында, оң­түс­тік-батыс, оңтүстік және шы­ғыс жағында бес-алты қоршау сақ­тал­ған. Бұл диаметрлері бір-екі метр­ден аспайтын қоршаулар ғұрып­тық мәнге ие болуы мүмкін.

Үйік осы өлкедегі ең ежелгі ес­керт­­кіштің бі­ріне жатады. Салыну ерек­­ше­­лігіне сәйкес б.д. дейінгі бесін­ші ғасырдағы әлеуметтік дәре­жесі жо­ғары адамды жерлеу мен оның құр­метіне арнайы салын­ған де­­ген болжам бар. Үйікті ар­шы­­ған кез­де кез­дескен ұлутас­ты өң­деп қажетке жарату, шебер қиы­лыстырып қалау ісі, жалпы тас өң­деу бұл өлкеде ежелден басталған өнер деген ойға жетелейді. 

Аршылған құрылыстың диаметрі 20 метр, биіктігі 7-9 метрден кем емес, қабырғасының қалыңдығы 6,5 метр таспен қаланған. Кезінде күмбезі болып, биік күмбез жылдар өте ортасына құлап, кейін үйікке айналған деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде мазардың ішінен алтын әшекейлі киіммен жерленген адамның сүйегі, сүйектің маңайынан шашылып қалған алтын әшекейдің бірнеше данасы табылған. Мамандар «алтын киімді адам жерленген қабір әлдебір замандарда тоналған, шашылып қалған бұйым соны айғақтайды» деген уәж келтіреді. Күмбездеп соғылған, киімге тағуға арналған бауырдақтары бар алтын жәдігер. Үйіктің төңірегінде арнайы орындарға от жағылып, көп мөлшерде құрбандық шалынып, шұңқырларға көміліп отырған. Төңкерілген бүтін ыдыстар, қыш қазандар табылды. Міне, мұның бәрі бұл орын сонау замандарда үлкен бір тайпаның қасиетті орыны болғанын дәлелдейді. Ұзақ уақыт бойы көшпенділер тайпасы өздерінің көсемдері жерленген орынға келіп, сыйынып құрбандық шалып отырған. Бұдан басқа үйіктің төңірегінен өр­нек­ті ыдыс­тардың сынықтары, же­бенің ұштары табылыпты.  

Өңірдегі тағы бір айтулы орын – «Сам қаласы». Ол Тұрыш елді ме­ке­нінен солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіштің шығысы жанынан ауыларалық жол өтеді. Керуен-сарай ойыс жерде қоныс тепкен. 

«Сам қаласының» орны Бейнеу­ден 65 шақырым шығыстағы «Бел­деу­лi» деген жерде. Сам құмы­ның ете­гiндегi жергiлiктi халық «Бел­деулi», «Үшүйiк», «Молақ» деп атай­тын енi бес, ұзын­дығы он ша­қы­рым­дай бұл аймақта бүгiнде құ­лап үйiкке айналған, кезiнде күйдiрiлген қызыл кiрпiштен салынған қырыққа тарта керуен сарайдың орны, қар мен жаңбыр суын сақтауға арналған таспен шегенделген отыздан аса әй­келсiз құдық-қойма «сардоба» бар, үйiк­терге жақын жерлерде қы­ш­­тан өрнектелiп жасалған құмыра сынықтары кездеседi. Мәліметтер «Сам – солтүстiк Үстiртте орналас­қан, XIV-XVI ғасырларда керуен жолдарының тоғысындағы iрi сау­да орталығы есебінде көп­ші­лікке кеңiнен танымал болған орта­ға­сырлық қала» екендігін ай­тады. «Сам қаласы» Алтын Орда­ның «Сарай Бату», «Сарай Бер­ке», «Сарайшық» қалаларымен қа­тар ата­лады. Қала  Ұлы Жібек жолы­ның солтүстік тармағының «Ноғай жолы» делінетін саласының бойы­нда болған. 

– «Сам қаласында» керуен жолы үш айы­рылады. Оның батысқа ба­ғыт алғаны Қақпақты, Шиланды арқылы Есеттегі Қосқұдықтан ой­ға құлап, Ұшқанға соғып, Ба­қашы әулие маңынан Жем өзенінен, Тас­кешу арқылы Сағыз өзенінен өтіп, Сарайшыққа жетіп, әрі қарай орыс жеріне ілігеді де, оңтүстікке беттегені Сам құмын  кесіп өтіп Құсшы, Шұрық, Білеулі, Қосбұлақ, Әжігелді, Ұшқұдық ар­қылы Үстірттен құлап Үргенішке же­теді. Талай жыл түйе табанымен тап­талған, кей жерлерде ені он, тереңдігі жарты метрден аса­тын керуен жолының ескі сүрлеуі Тұ­рыш елді мекенінің маңында әлі күнге дейін сақталған. Ғарыштан түсірілген суретте Қосқұдық пен Қос­бұ­лақ арасындағы жол сілемі ап-ай­қын көрінеді. Ал шығысқа беттеген керуен жолы Жездіге жетіп, Жанкент,  Сарайшықтан шық­қан керуеннің осы жолмен елу күнде Отырар қаласына же­тіп, одан әрі Моңғолия арқылы Қы­тайға асатынын айтады, дейді Маң­ғыстау облыстық тарихи-мәдени қорық директоры, өлкетанушы Н.Құл­баев. 

Мемлекет басшысы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында кө­нені қастерлеп, жаңаны жасауға ша­қырған болатын. Аймақта ғылы­ми зерттеулер жұмысы барысын­да кө­рік­тендіру, ескі және ортаға­сыр­лық археологиялық ескі қала­ның орны мен мекенін ту­ристік мақ­сат­­та қолдану, сондай-ақ, олар­ды на­си­­хат­­тау және тарихи-мә­дени құн­дылықтарды дәріптеу жұ­мыс­тары жүр­гізіліп, мәдени инфра­құрылым кеңей­тілуде, мәдени мұра­ларды зерттеудің толықтай жүйесін құрудың амалдары іске асырылуда. Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың алыстағы аталмыш ескерткіштерге арнайы баруы да көңіл қуантады. 

Ғасырлар бойы Самның сары дала­сында сарғайған ескерткіштер – еліміздің туристік нысандарына айналып, өз лайықты бағасын алатын, өз деңгейіне сай ұлықталатын күн келеді деп ойлаймыз. Өйткені, ескерткіштер – өміршең, олар уақыт өткен сайын санадан жоғалмай, керісінше сыры мен сипатына, сәулетіне жұртты тарта, қызықтыра түседі. Сам ескерткіштері де – осы санаттан табылатын құн­ды­лықтар. Жердің шалғайлығы, жол­дың қиын­дығы ескерткіштердің елеусіз қалуына себеп болмауы тиіс.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы