Кеше «Хилтон» қонақ үйінде Қазақстандағы су саясатының ұлттық саяси диалогы туралы кездесу өтті.
Отырыста Орталық Азия елдерінің трансшекаралық су ынтымақтастығын нығайту бойынша ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда Су ресурстарын бағалау бойынша халықаралық орталық ашылды.
Кеңесте Орталық Азиядағы су саясаты саласындағы өңірлік диалог туралы жаңа бастама көтерілді. Ол 2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенциясы Тараптары кеңесінің сегізінші сессиясына ұсынылатын болады.
Астанадағы кеңсесінің ашылуы өңірлік диалогтың тиімділігін арттыруда және су проблемалары бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуде тағы бір қадам болды. Орталықтың Қазақстандағы қызметі өңірлік және жаһандық су проблемалары бойынша халықаралық ғылыми орталыққа айналуға мүмкіндік береді және әлемдік қауымдастыққа өз үлесін қосады, деп атап өтті министрлік өкілдері.
Еске сала кетейік, Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция (Су конвенциясы) 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) қабылданып, 1996 жылы күшіне енген. Қазақстан 2000 жылғы 23 қазанда аталған конвенцияға қосылды. Орталық Азия елдерінен Конвенцияның тараптары қатарына Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан да енген. Су конвенциясы қабылданған шешімдердің орындалуын жеңілдету үшін бірқатар қосалқы тетіктерді пайдаланады. Соның бірі – Халықаралық суды бағалау орталығы (ХСБО). ХСБО – су ресурстарын басқару мәселесі бойынша ғалымдар мен саясаткерлерді біріктіру мақсатында құрылған.
Қазақстанда Ұлттық диалог (ССҰД) процесі 2012 жылы басталды. ССҰД қызметін және оған басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімімен консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған ведомствоаралық үйлестіру кеңесі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің жұмыс органы (хатшылығы) болып табылады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»м