Елордамыздың 20 жылдығына орай Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында «Тоғыз жолдың торабындағы Астана» атты фото-деректі көрменің тұсаукесері өтті.
Көрменің мақсаты – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихы және жаңа елорданың салынуын көрсететін құжаттарымен қаланың тұрғындары мен қонақтарын таныстыру. Қазақстанның жаңа астанасы статусын алуына байланысты дамудың жаңа кезеңдерін бейнелейтін Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатының қорларынан, Ұлттық мұрағат пен Орталық Мемлекеттік мұрағаттың қорларынан маңызды құжаттар тұңғыш рет халық назарына ұсынылды. Олардың ішінде: елорданы көшіру туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысы, Ақмола қаласына көшірудің салтанатты рәсімін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі республикалық ұйымдастыру комитеті отырысының хаттамасы, қаланың салынуы туралы материалдар, қаланың паспорты, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы тарихи құжаттар бар.
Астана қаласының тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбековтің жеке қорынан алынған құжаттар, наградалар, Ақмола қаласына жоғары және орталық органдардың көшірілуі бойынша мемлекеттік комиссияның төрағасы Ф.Галимовтың жеке қорынан алынған бірегей фотоматериалдар – көрменің ең мәнді бұрышы болды.
Мұрағаттық құжаттарға қосымша ретінде Астана қаласының әкімдігіне шетел делегацияларының атынан әртүрлі жылдары берілген сыйлықтар мен кәдесыйлар да көрменің сәнін кіргізді. Көрменің ашылуына ғалымдар, тарихшылар, депутаттар мен мұрағатшылар, ғылыми қызметкерлер қатысты. Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев: «Астананы көшіру оңай болған жоқ. Өткен ғасырдың соңында қабылданған тарихи шешімге біраз зиялы қауым өкілдерінің наразы болғаны да мәлім. Бірақ Елбасының көреген саясаты, дана сөзі астананың көшу маңыздылығына бәрінің көзін жеткізді. Бүгін Астанамыз әлемдегі маңызды саяси-экономикалық аймаққа айналды. Бұл жиырма жылда ғана жеткен жетістік. Алдағы уақытта елордамыз бұдан да биік тұғырға көтеріледі», деді құттықтау сөзінде.
Қазақстанның тарихында астананы Ақмолаға ауыстыру біздің мемлекетіміздің дамуында ерекше оқиғалардың бірі болып саналады. Географиялық орналасуы, ішкі әлеуеті, транспорттық-коммуникациялық жүйесі де елімізге қолайлы болатын. Оған қоса, жақын және алыс шетелдермен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтумен байланысты геосаяси мәселелерді шешу және болашақта мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін мегаполистердің бірі болып қарастырылады.
Айта кететін жайт, көрме Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының көрме залында желтоқсанның аяғына дейін жалғасады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»