• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Желтоқсан, 2017

Жоғарғы сотта бизнес құқықтары туралы форум өтті

251 рет
көрсетілді

Жоғарғы сот ғимаратында «Бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың тиімділігін арттыру» атты форум өтті. Оған Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.  

Форумда сөз алған Қайрат Мәми тиісті институттық орта мен заң үстемдігін сақтау Мем­лекет басшысы жүргізіп отыр­ған саясатты іске асырудың іргелі негіздерінің бірі болып табыла­тындығын атап өтті. Ал бұл тиісті құ­қықтық қорғау мен меншікке кепілдік берілмейінше мүмкін болмайды. Сондықтан «Атамекен» ҰКП мен сот жүйесі бірігіп, тиімді ын­тымақтастықты жүзеге асыру қажет деген Жоғарғы сот төр­ағасы жоспарланған жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқ­тал­ды. Солардың қатарында: сот ақпаратына кең көлемде қол жеткізу және интернет пен әлеу­меттік желілерге басымдық бере отырып, тиімді коммуникация орнату. «Қазіргі таңда сот істерін әділ әрі жедел қарастыру  жеткіліксіз. Қоғам сот төрелігі шын мәнінде жүзеге асырылатынын, кез келген қылмыс жазасыз қалмайтынын, ал жазықсыз адам ақталатынын білуі керек», деді Қайрат Мәми.  Осы орайда соттар ашықтық саясатын ұстана отырып, неғұрлым маңызды қоғамдық мүдделерді көздейтін барлық беделді ұйымдармен сындарлы байланысқа дайын екендігі аталды. 

Ал «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бүкіл әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Әр кәсіпкер үшін дау – белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша, ал егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса – онда бұл үлкен шығын, тіпті бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай. Сондықтан «Дауды шешудің соңғы мүмкіндігі – сотқа жүгіну, мұнда бизнестің түбегейлі тағдыры шешіледі. Сондықтан судьялардың әділ әрі объективті жұмысынан бизнес қауымдастықтың күтері көп», деген Тимур Құлыбаев жалпы дауларды шешудегі Ұлттық палата рөлін де атап өтті. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың іс-әре­кеттері туралы шағымдарының шамамен 44%-ы оң шешімін табуда. 

Форумда Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева да сөз сөйледі. Ол сот төрелігінің тиімділігін арттыру жұмысы, соның ішінде Ұлт жоспары шеңберінде жүзеге асырылған реформалардың қорытындысы туралы мәлімдеді. Кәсіпкерлердің қатысуымен орын алып жатқан ағымдағы сот прак­тикасына, Жоғарғы соттың нор­ма­тивтік қаулыларын әзірлеуге, судьялардың заң шығару қызметіне қатысуына, соттардың ақпараттық сервистерін дамытуға және  дауларды соттан тыс шешудің тәсілдеріне ерекше көңіл аударылды.

«Атамекен» басқарма төр­аға­сының орынбасары Рустам Жүр­сінов «кейде шенеуніктер мемле­кеттің мүддесін бюджеттің кіріс бөлігін толтырумен байла­ныс­тыратындығын» атап өтті. Ста­тистика бойынша сотта қаралатын істердің 20-30%-ы ғана бизнес пайдасына шешіледі екен. «Атамекен» өкілдері кәсіпкерлердің мүдделері бюджет мүддесімен бір қатарда тұруы қажеттігін алға тартады. Ұлттық палата Жоғарғы сотпен бірлесіп орын алатын даулардың себебі мен туындау жағдайын анықтау мақсатында салық және кедендік мәселелер, сатып алу саласы,  экология, банкроттық және оңалту, әкімдіктермен және квазимемлекеттік компаниялармен болатын дауларға қатысты жеті салаға талдау жасауды жоспарлап отыр. Осылайша форум соңында бизнесті сотта қорғау бойынша бірлесе атқарылар жұмыстың жол картасына қол қойылды. 

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»