• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Желтоқсан, 2017

А.Наметов: Аграрлық білім алғандардың жартысы өз саласында жұмыс істемейді

435 рет
көрсетілді

Аңсарымыз ауылға ауып тұрады. Оның себебі көп, таза ауа, табиғи өнім, туған жер... Алайда көпшілікті ауылға барып жұмыс істегісі келетін жас мамандардың азайып бара жатқаны алаңдатады. Ұлттық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Асқар Наметовтің ақпарат құралдарына берген дерегіне сүйенсек, аграрлық білім алғандардың тең жартысы өз саласы бойынша жұмысқа тұрмайды екен.

Дәлірегі, аграрлық білім алғандардың 37 пайызы түрлі себептермен еңбекпен қамтылмаса, жұмыс істейтіндерінің 12 пайызы мамандығы бойынша сәйкес келмейді. Бұл орайда ол ұсыныс пен сұраныс ескеріліп, гранттар тиімді үлестірілуі керектігін айтады. «Квотаны ауыл мек­тептерін бітірген балаларға беру, яғни оның көлемін 70 пайызға дейін арттыру туралы ұсыныстар жасап жатырмыз. Сонда ғана біз мамандармен қамтамасыз етеміз. Әрине бұл 3 жыл елге барып, жұмыс істеп кел деген сөз емес. Екіншіден, біз оның сапасын көтеруіміз керек. Ауыл шаруашылығына байланысты білім берілуі қажет. Ол нақты білім болуы керек», дейді А.Наметов.

Иә, мемлекет жастардың ауыл­­ға баруына мүдделі, олар­дың жағдайларын жасауға да тиісті мүмкіндіктерді қарастыр­ған. Дегенмен ауыл мен аудан­дардағы инфрақұрылымды дамытпай, кадр­ларды ұзақ ұстап тұру қиын екені белгілі. Ең бастысы, ауылдық жерлерде өркениетті өмірге арналған су құбыры, үз­діксіз электрмен қамту, газ тарту, жол салу, ғаламтор, спорттық және мәдени нысандар тәрізді ең қарапайым жағдайлар жасалмаса, жастар ол жерлерде тұрақтай қоймайды. Бұл орайда Елбасының «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», деген сөзі де еске түседі. Расында да іздеген жасқа ауылдан жұмыс табылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құрылымында үлесі 13%-ды құрайтын, республика бойынша екінші көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында. Сондай-ақ өңірдің тамақ өнімдері құрылымында үлесі – 11% және республика бойынша 3-орында. Кен өнеркәсібі, ұн өндіру, мұнай өңдеу, фармацевтика және электр энергиясын тарату сияқты салалар, өнеркәсіптің жалпы құрылымының 50%-нан астамын иеленеді. Облыста 72 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдары бар. Бау-бақша өнімдерінің басым бөлігі, мақта­ның жүз пайызы оңтүстікте өн­діріледі. Еліміздің барлық жылыжайларының 80%-ы Оң­түс­тікте шоғырланған. Ал енді осы ауыл шаруашылығы саласы­ мамандармен қаншалықты қам­тылған?

Егер өңірдегі колледждер­ мен жоғары оқу орын­дары­ның мәліметтеріне сенсек, тү­лек­терінің бар­лығы дерлік жұ­мыспен қамтылады. Өкінішке қарай көбінесе олай емес. Оқу бітір­генімен, маман­­дығы бо­йынша жұмыс таба алмай немесе ауыл-ауданға баруға құлқы бол­май жүрген жас­тар өте көп. Жо­ғары оқу орындарының түлектері әупі­рімдеп жүріп әйтеуір бір мекемеден жұмыс­қа орна­ла­сатыны жөнінде кепілдік беретін анық­тама жаз­дырып апарып өткізетінін, онсыз дип­лом қолға тимей­тінін ашық айтып жүр. Демек жұмысқа қабы­лданатыны туралы жазылған кепілдеме анық­тамалардан көзбояушылық көрсеткіштер құралып жүргені шымбайға батар бүгінгі күннің шындығы. Қайсыбір жолы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкім­дігінің мәжіліс залында ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша маман­дық алғандардың жұмысқа орналасуы және сұраныс пен ұсыныстың сәйкестігіне сараптама жүргізген алқалы жиын қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтті. Аграрлық сектор үшін кадрлар даярлауға қатысты, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мамандарды дайындау мәселесі бойынша талдау нәтижелерін ортаға салған кеңес мүшесі Б.Нәжметдинұлының мәліметіне қарағанда, түлектерді жұмысқа орна­ластыру ықтималдығы 35%-ды ғана құрайды. Өңірдегі 15 аудан, қала әкімдіктерінен және салалық басқармалардан, кәсіпорындардан келіп түскен мамандықтар сұраныстарына сәйкес, 2017-2018 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім саласында кадрларды даярлау бойынша облыстық бюджеттен 91 мамандық бойынша 11084 орын, республикалық бюджеттен 26 мамандық бойынша 4584 орын, барлығы 15668 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Қаралған қаржы – 14 млрд 88 млн теңге. Облыстық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы саласына мамандарды даяр­лауға 1400 орын бөлініпті. Бұл барлық мамандықтардың 12%-ын құрайды. Алқалы жиында «Қызмет көрсету» бағыты бойынша аспаздар дайындалатындығына және оларға арналған орындардың саны 275 екеніне көпшіліктің назары аударылды. «Ауыл шаруашылығы» бағыты бойын­ша аспаздар дайындау не үшін керек? Заман талабына сай бейімделіп, қолданыстағы нор­мативтік-актілерді жаңартып, сәйкестендіріп отыру, шетте қалмай, өз ұстанымын білдіріп, қазіргі заманғы экономикаға қа­жетті, нақты сұраныс бар маман­дықтарды ұсыну қажеттігі айтылды. Автоматтандырылған ауылшаруашылық техникасының операторы (датчиктер жүйелерін басқару, дрондарды және агроботтарды басқару), тамшылатып суару мамандары, арнайы мамандандырылған агрономдар, оңтүстік үшін қажетті агроном – жеміс-көкөніс өсірушісі, агроном – тұқым өсіруші мамандарын дайындау ұсынылды. Сондай-ақ басқосуда қаржының тиімсіз жұмсалатыны айтылды. Мысалы, «Мұнай мен газ ұңғымаларын бұрғылау және бұрғылау технологиясы» бойынша мемлекеттік тапсырыспен таяу 2 жылда 25 маман дайындау жоспарланып отыр. Алайда бұл ұсыныс уран өндіру жұмыстары жүріп жатқан және қажет болған жағдайда бұрғылау жұмыстарына технологтарды жұмысқа қабылдай алатын Созақ ауданынан емес, Шымкент қаласы әкімдігінен түскен. Не үшін Шымкент қа­ласының әкімдігіне бұрғылау жұ­мыстарының тех­ник-технологы қажет болғаны тү­сініксіз. Бұл ретте бір маманға айына 21 мың теңге, жылына 189 мың теңге жұмсалатынын, ал 25 маман дайындауға жылына 4,7 млн теңге кететінін ескерсек, қала әкімдігінің ұсынысы орын­­ды ма деген заңды сұрақ туын­­дайды. Сондықтан кеңес мүшелері аудандық және қа­лалық әкімдіктердің кадр даярлау бойынша сындарлы емес ұсыныстарын мем­лекеттік гранттан ақылы оқы­туға көшіру қажет деп санайды.

Сұранысы жоқ мамандарға ұсыныс жасау да көп байқалады. Мысалы, Ордабасы ауданы әкім­дігіне мемлекеттік тапсырыс бойынша тек тракторшылардан бөлек, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарын даярлауға қажеттілік бол­­маған. Қазығұрт, Бәйдібек, Төле би, Шардара аудандары да басқа ауылшаруашылық мамандарымен толық қамтамасыз етіл­гендей, тракторшылар ға­на қажеттігін көрсеткен. Ал Арыс қаласының әкімдігі ауыл ша­руашылығы саласының мамандарын даярлауға мүлдем мұқтаж емес. Яғни кейбір аудан, қала әкімдіктері және облыстық білім басқармасы бұл іске немқұрайды қарайды. «Білім туралы» Заңға сәйкес, облыстың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын 15 сәуірге дейін білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға ауылдық жерлердегі кадрларға сұраныс туралы өтінімдерді ұсынып, соған сәйкес кейіннен жұмысқа орналастырады. Мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру ұйымын бітіргендерді жұмысқа орналастыруға көмек береді. Алайда арнайы оқу орнын бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен. Мысалы, қоғамдық кеңес мүшелері зерттеу жүргізгенде өткен жылы 50 маман дайындаған бір колледждің сауалнамаға қатысқан 12 түлегінің 3-і, 2016 жылы 163 маман дайын­даған екінші бір колледждің 21 бітірушісінің 2-уі ғана жұмысқа орналасқанын растаған. Яғни жас мамандардың жұмыспен қамтылу пайызы төмен. Бірақ облыстық білім басқармасының мәліметі қоғамдық кеңес жүргізген сауал­намаға сәйкес келмей тұр. Бас­қарманың бізге жолдаған дерегі бойынша, 2016-2017 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім тапсырысы негізінде бітір­гендердің саны – 8678, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс арқылы бітіріп жұмысқа орна­ласқандардың саны 7009 (80,7%) болған. Ал Шымкент аграр­лық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Жұмабайұлы «Орман ша­руашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы», сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ветери­нария», «Тамақтандыру кәсіп­орындарының өнім өнді­ру технологиясы және оны ұйым­дастыру» мамандықтарына сұ­ра­ныс жоғары екенін айтады. Биыл колледж бітірген 253 жас маманның 92 пайызы жұмыспен қамтылған.

Жоғарыда айтып өткені­міз­дей, кейбір жоғары және ор­та оқу арнаулы орындарының анық­тамасыз диплом бермейтінін ескерсек, түлектер тамыр-таныс арқылы жалған анықтама апаруға мәжбүр болатыны анық. Ал ол анықтама жоғары оқу орнына есеп үшін ғана қажет, яғни таза көзбояушылықтан құралған көрсеткіш. Әйтпесе, жұмыссыз жүрген немесе басқа мамандық бойынша еңбек етіп жатқан жастар жетерлік. Жалпы, ішкі көші-қон мәселесін сараптаушылар қалаға көшушілердің көптігінен бір кезде ауыл үшін ең қажет болған мал дәрігері, зоотехник, тракторшы, егінші, малшы мамандықтары тым аза­йып кеткеніне алаңдаушылық біл­діруде. Егін орағы кезінде комбайншы жетіспейтіні жөнінде биік мінберлерде айтылып та жүр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынуы да ауыл жастарының бойында патриоттық сезімді оятуға бағытталған қадам екені белгілі. Яғни ауылды аялап, ауыл жастарына жағдай жасау басты бағыт болып қала беретіні аян.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»