• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қаңтар, 2018

Негіздеме тиімділігі

515 рет
көрсетілді

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауында негізгі тапсырмалардың бірі бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру бойынша талабы болып отыр.

Қазақстан Республикасының бюд­жет­тік жүйесі дамуының заманауи кезеңі бағ­дарламалық-мақсаттық жүйесін енгі­зу арқылы бюджеттік шығыстардың тиім­ділігін арттыру болып табылатын «шығыстарды басқару» үлгісінен «нәти­жені басқару» үлгісіне ауысуымен сипатталады.

Аталған әдіс бюджеттік ресурстарды қоғамдық маңызды нәтижелерге жетуге бағытталған қажеттілік қана емес, мониторинг жүргізе отырып, белгіленген соңғы мақсаттарға жетуді бақылауға да мүмкіндік береді.

Мақсатты бағдарламаларды іске асыру үшін бюджеттік шығыстардың тиімділігін үнемі бағалау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау, бюджеттік үрдістің айқындық деңгейін жақсарту, сондай-ақ жұмсалған бюджеттік ресурстардың мақсатын, көлемі мен нәтижелердің ақпараттық қолжетімділігін (әрбір адамға түсінікті түрде) қамтамасыз ету үшін қажет.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауына сәйкес тиімділіктің басты критерийі – біздің салымымыздың қайтарым деңгейі.

Бүгінде мемлекеттік қаржыға бас­ты талап – бюджеттік шығыстардың тиімділігі. Өз кезіндегі мемлекеттік шығыстардың қауырт өсуі еліміздің бұрынғы көптеген маңызды салаларының қызметін жеткіліксіз қаржыландыруды өтеу қажеттілігімен дәлелденді. Бірақ қазіргі кезде туындаған мәселелердің орнын бюджеттік қаражатты бөлу ағыны­мен толтыруға болмайды. Еліміздің барлық қызмет саласында бірінші орында тиімді, әрбір бюджет теңгесінің нәтижелі жұмсалу критерийі болуы тиіс.

Дебиторлық берешектерді қыс­қар­ту бойынша жұмыстар бюджет шығыс­тарының тиімділігін арттыруға бағыт­талуы тиіс. Әр жылда басталған бюджет­тік-инвестициялық жобалар әртүрлі се­бептермен тоқтатылған немесе қар­жыландыру толық бөлінбеген, тіпті одан кейінгі жылдарда аталған объектілер бойынша қаражат бюджетке салынбаған. 

Осының барлығы дебиторлық немесе кредиторлық берешектің пайда болуына, объектінің консервациялануына, жобалау-сметалық құжаттаманың қымбаттауына, объектіні пайдалануға беру мерзімінің бұзылуына, соңғы нәтижеге жете алмауға, сайып келгенде, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғады. 

Табыстың басты критерийі жобаларды уақытында аяқтау болып табылады. Күн сайынғы кідіріс кірістің алынбаған белгілі бір сомасына қосылып, нәтижеге бағытталған бюджеттеуге жете алмауға, тіпті аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға да әсер етеді. 

Тағы да маңызды сәттің бірі – бюджетті жоспарлау және сараптаманы, қаржылық-экономикалық негіздемені (ҚЭН), техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) қалыптастыру сапасына әртүрлі деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі қолданыстағы заңнамамен қарастырылмаған. Елбасымыз экономикада мемлекеттің қатысуын неғұрлым азайтуға шақырған болатын. Ведомствоға қарасты ұйымдар көрсететін консалтингтік, сараптамалық қызметтер өздері беретін кеңестер мен қорытындылардың тиімділігіне байланысты тексерілуі тиіс. Қаржылық-экономикалық есептеулер дұрыс жасалмаса, еліміз бен мемлекет бюджетіне келтірілетін зиян орасан болмақ. Оны бюджетті атқарудағы, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша анықталған бұзушылықтармен салыс­тыру мүмкін емес. Ал негіздеменің бас­ты мақсаты – Үкіметке инвестициялық жобаларды басқаратын кірістер өлшемімен орны толтырылатын бюджет шығыстарын көрсету. 

Заңнамада есептеулер мен басқа негіздемелердің дұрыс жасалуына, сон­дай-ақ нақты негіздемелерге сай құрылыс бойынша жобалар, ұқсас жобалардың іске асырылуына барлық қатысушыларға әкімшілік және қылмыстық жауап­кер­шілік қарастырылған жауапкершілік болуы тиіс. Бұл ретте декларациялар мен бастамалар емес, бюджеттік инвес­ти­циялардың нәтижесі мен қорытындысы маңызды болуы қажет. 

Заманауи мемлекетіміздің «100 нақты қадам» бес институттық реформасының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» V тарауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасында барлық азаматтар үшін қолжетімділігі заңнамамен қорғалатын, мемлекеттік құпия және ақпараттан басқа, мемлекеттік орган­дардың иелігіндегі әртүрлі ақпарат­ты алуға мүмкіндік беретін «Ашық үкімет» құру қарастырылған.

Бүгінде бюджеттік инвестицияның нәтижесі бойынша бюджеттік несиелен­діруде, мемлекет қарызы мен мемле­кеттік кепілдіктерде тікелей де, квазимем­лекеттік сектор субъектілерінің жарғы­лық капиталына қатысу түрінде де жет­кілікті айқындылық жоқ.

Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бюджеттік инвестиция санының нәтижесін, мәселен керует-орындардың, оқушы­лардың, зейнеткерлердің, авто­жолдар­дың ұзақтығын, тамақтану шы­ғыс­­тары­ның нормасын, дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету және т.б. сандық және сапа­лық көрсеткіштерімен жариялау үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру қажет. 

Бюджеттің ашық болуы еліміздің экономикалық дамуына бірден-бір әсер ететін көптеген факторлардың бірі, осы орайда процестер мен ақпараттардың жасырын болуы мемлекеттік органдарда жемқорлықты тудырады деп есептейміз. 

Рахат ТОҚБАЕВ, Астана қаласы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы