Грим – өнер. Яғни гример образ жасайды. Біз әркімнің жас ерекшеліктерін ескеріп, соған сай грим саламыз. Жоқ кейіпкерден бар жасау – гримдеушінің шеберлігі.
– Грим жасау әлемдегі ең оңай кәсіп шығар, ә?..
– Алдыңда отырған адамның бетін дайын бояумен әрлеуден жеңіл жұмыс бар ма?..
Өнерге қатысы жоқ үш адамның кемінде екеуі гримдеуші маманға осындай сауал қойып, дәл осылай таңырқаныс сезіммен қарайды. Расымен де, сырттай ғана барлап, ой түйген кісі үшін солай сезілуі де, көрінуі де заңдылық. Себебі театрға келген өнер саласынан алыс кез-келген көрермен спектакль сыйлаған ғаламат әсерді тек режиссер мен актердің еңбегіне балайды да, сахна сыртындағы кәсіп иелерінің маңдай тер ізденісі әрдайым шымылдықтың арғы бетінде ескерусіз қалып қояды. Әйтсе де, ол бекер! Сіз сүйсіне тамашалаған қойылым мен актердің сахнадағы сұлулығы – аталған мамандық иесінің ізденісі мен қиялына тікелей тәуелді. Грим өнерінің көпшілік көрермен біле бермейтін қиындығы мен құпиясы жетерлік. Ол – бояу тілі арқылы кейіпкерін сөйлетеді. Бір қызығы – бүгінгі кейіпкерімізге өзінің көпшілік үшін түсініксіздеу, жұмбақ мамандығы қатты ұнайды екен. Кәсібі секілді өзі де құпия болып қалғысы келеді. Әйтсе де, біз осы бір қызық кәсіпке тән ол қағиданы бұздық. 27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында гримдеу маманы Ләйлә Сқақовамен кездесіп, сахна әлемінің кірпияз саласынан сыр суыртпақтаған едік.
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының грим цехының меңгерушісі Ләйлә Сқақованы іздеп грим бөлмесіне қарай бет алғанымызда, қас қарайып, ымырт үйіріле бастаған шақ болатын. Әдейілеп осы уақытты таңдадық. Себебі жұмыс процесін көзімізбен көргіміз келді. Иә, бұл сәт сахна сыртының қызметкерлері: грим, костюм, реквизит пен бутафор мамандары жұмысының қызған шағы. Біз іздеген кейіпкер де дәл сондай қарбалас үстінде екен. М.Шевренің «Ізгілік формуласы» комедиясы жүріп жатыр. Гримін келістіріп жасатқан актерлер риза кейіпте алғыстарын айтып, кезегімен сахнаға алаңсыз шығып барады. Бірақ әрлеушіде тыным жоқ. Спектакль басталғаннан аяқталғанға дейін айна мен бояуларының жанынан бір елі алыстамады. Бұл – маманның өз ісіне, кәсібіне деген жауапкершілігі, махаббаты еді.
– Грим мамандары қалай ізденеді? Рөл бекітілді, пьеса қолдарыңызға тиді. Ендігі жұмыс қай бағытта жүзеге асырылады?
– Ол әр қойылымның өз ерекшелігіне қарай жүреді. Мәселен, заманауи спектакльдерге қарағанда, тарихи кейіпкерлердің, елге белгілі тұлғалардың сахналық бейнесін жасау үшін жан-жақты ізденуге тура келеді. Кітаптар мен журналдарды, тарихи деректерді қараймыз. Кинолар мен танымдық фильмдерді де жан-жақты ақпарат алу үшін пайдаланамыз. Әрине театр мен кино гримінің арасында үлкен өзгешелік бар. Дегенмен кейіпкер бейнесін ашуда, қиялыңдағы мінез штрихтарын байытуда мұндай ізденістердің де маңызы зор. Грим – өте кірпияз өнер. Әр детальді ойнату үшін жанталасамыз, күні-түні ізденеміз. Кейде қойылым алдында бір актерге 1,5-2 сағат уақытымызды арнаймыз. Бұл – әсіресе, портретті бейнелерге тән. Сонымен қатар бояумен ғана шектелмей, сақал-мұрт, шаш деген дүниелерді де өзіміз тоқып, өзіміз жасаймыз. Бұл да – үлкен еңбек. Одан кейін, әрине өзіңнің қиялың, таным көкжиегің мен талғамың, кәсіби біліктілігің де жетекші рөлге ие. Біз де өзімізше суретшіміз ғой. Қылқалам шеберлері кенепке салса, біз қиялымызды кейіпкеріміздің бетінде бедерлейміз. Суретшілердің еңбегі ғасырлар жасайды, ал гримдеушінің жұмысы сахнада ең ұзақ дегенде 2-2,5 сағат қана «өмір сүреді». Одан кейін сүртіліп қалады. Бар айырмашылығы осында ғана.
Есесіне, грим маманының еңбегі театрға келген әр көрерменнің жүрегінде сақталады. Кейіпкерінің сахналық кілті табылса, тіпті аңыз болып ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасады. Мәселен, кезінде қазақ сахнасында талай бейнелерді кемеліне келтіре бедерлеген Сергей Гуськов деген суретші-гримдеуші өткен. Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұловтардан бастап талай актердің рөлінің бағын ашқан аса талантты суретші болған деп жазылады естеліктерде. Сол секілді әр дәуірдің өз шебері болады. Ләйлә Қапсәметқызы сондай таланттардың шоғырында. Бұл кісі де сахна әлеміндегі 38 жылдық ғұмырында Абылай хан, Кенесары, Абай, Сәкен, Әміре, Құнанбай, Зере, Мұқағали, Шәмші сынды қайраткер тұлғаларымыздың бейнесін актер жүзінде сәтті бейнелеп келеді. Өзі шымылдықтың арғы бетінде жүргенімен, әр жасаған жұмысы сахнадан жарқырай тіл қатады.
– Өзіңіздің жасаған бейнелердің ішінде сәтті шықты деп қандай жұмыстарыңызды айтар едіңіз?
– Әрбір жұмыстың өз қиындығы мен өз ләззаты болады. Әрқайсысы өзінше ыстық. Әйтсе де Қанат Жүнісовтің «Сәкен – сұңқар» қойылымында жасаған Сәкен бейнесі өзіме ерекше ұнайды. Сол сияқты Абылай хан, Шәмші бейнелері де көңілімдегідей шықты деп ойлаймын. Маған, жалпы, характерлі кейіпкерлердің образын жасаған ұнайды. Сол секілді портреттік бейнелерді де ерекше қызығушылықпен жасаймын. Әрине портрет үлкен жауапкершілік жүктейді, жан-жақты ізденісті талап етеді. Гримнің қызығы да сол ізденісінде шығар. Ал шығармашылық ләззат оңайлықпен келмейді. Біз де шығармашылық адамымыз, шабытқа, көңіл күйге тәуелдіміз. Шабыттанып кетсем, қолым өзінен өзі жүре бастайды. Яғни ішкі көңіл күйге байланысты әр кейіпкер әр түрлі туады.
– Грим маманы өзіне ең әуелі қандай талап қоюы керек?
– Ең бірінші өзінің мамандығын сүюі керек. Сонда сахнада нағыз өнер туады. Бірақ өкінішке қарай, соңғы кезде гримді косметикалық мақсаттағы әрлеумен (макияжбен) шатастырып жүр. Бірақ екеуінің жолы да, мақсаты да бөлек. Грим – өнер. Яғни гример образ жасайды. Біз әркімнің жас ерекшеліктерін ескеріп, соған сай грим саламыз. Жоқ кейіпкерден бар жасау – гримдеушінің шеберлігі.
– Рөлге бекітілген актердің түр-келбеті, антропологиялық ерекшеліктері кейіпкерге сай келмесе, ондай сәтте тығырықтан қалай шығасыздар?
– Бұл – гримдеушінің нағыз шыңдалар шағы (күлді). Өйкені біз тек бояуға ғана тәуелдіміз. Кинодағыдай арнайы эффектілер театрда жүрмейді. Барлығы бояу мен салыну шеберлігіне байланысты. Арасында шаш, сақал, мұрт сияқты қосалқы әрлегіш құралдарды да пайдаланамыз. Бірақ негізінен, сәтті грим таза бояу мен жарыққа тікелей тәуелді. Гримнің сұлулығын ашуда жарықтың рөлі үлкен. Жалпы, кез келген бояу жарыққа ойнайды ғой. Бірақ өкінішке қарай, қазақ театрларында жарық қою мәселесі әлі де толыққанды шешілген жоқ. Сол себепті көп жұмыстарымыз көмескіленіп, көрінбей де қалып жатады. Сахнаның «көзі» ашылса, кейіпкердің де кілті табылады. Кейде жарықтың жоқтығы гримердің еңбегін жоққа шығарып жібереді. Осы тұрғыдан келгенде, кино мен телевизиялық жобалардың жолы болғыш.
– «Грим – мінезге байланысты» деп қалдыңыз. Кейіпкердің мінезін бояу арқылы шешесіз. Ал алдыңызға келген актерлердің сан түрлі мінезімен қалай жұмыс істейсіз? Актер деген эмоцияналды халық дегендей...
– Үндемей (күлді). Бізде ондай жайттар көп болмайды. Бірақ актердің көңіл күйі болмай келген кейбір сәттерде үндемейміз. Мұндайда басты досымыз – түсіністік және сабыр. Қандай жағдайда да эмоциямызды іште ұстаймыз. Өйткені олар – актерлер. Сахнаға шығады, халықпен тілдеседі. Сондықтан да әр актерді еркелетеміз. Ал біз – шымылдықтың артындағы адамдармыз ғой. Көрінбейміз. Және осы құпиялау, көпшілік үшін беймәлімдеу кәсібіміз ұнайды өзімізге. Керісінше, көпшілік алдына шығудан қашамыз. Тіпті ұяламыз да. Біз үшін жұмысымыз сөйлейді...
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»